Australian Open. Недовесов үшінші кезеңге шыға алмады

1333

Аустралия ашық біріншілігінде тек екі қазақстандық теннисші ғана қалды.

Australian Open. Недовесов үшінші кезеңге шыға алмады

Бүгін, 22-қаңтар Мельбурн қаласында Australian Open турнирі аясында әйелдер мен ерлер арасындағы жекелей сында үшінші айналымның қалған матчтары өтеді. Сондай-ақ әйелдер мен ерлер арасында жұптық сайыстың екінші турының матчтары, аралас санатының (микс) алғашқы кезеңінің бірнеше ойындары өтуде.

Қазақстандық Александр Недовесов пен пәкістандық Айсам-Уль-Хак Куреши елорда уақытымен таңғы сағат 7:30-да Australian Open 2022 турнирінде ерлер арасында өткен жұптық сайыстың екінші айналымында өнер көрсетті. Олардың қарсыластары америкалық Маркос Жирон мен кореялық Сунг-Ву Квон болды. 2 сағатқа созылған тартысты кездесуде Недовесов пен Куреши 6:1, 3:6, 6:7 (7:10) есебімен қарсыластарына есе жіберді. Енді үшінші айналымда, яғни 23 қаңтар күні Хирон мен Квон Уэс Колхоф (Нидерланды) пен Нил Скупскиге (Ұлыбритания) қарсы ойнайды.

Сонымен қатар аралас жұптық сайыста тағы бір қазақстандық теннисші өнер көрсетеді. Андрей Голубев украиналық Людмила Киченокпен тандемде хорватиялық-үндістандық дуэт Дарья Юрак/Рохан Бопаннаға қарсы кортқа шығады.

Қазақстандық Анна Данилина да Мельбурндағы өнерін жалғастырады. Ол жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты. Қазақстандық-бразилиялық жұп екінші айналымда чехиялықтар Тереза Мартинцова – Маркета Вондроушовамен сайысқа түсті. Беатрис пен Анна 4:6, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 39 минутқа созылған матчта 2 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың алтауын өз есептеріне жазды. Қарсыластары 2 эйс, 4 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады. Хаддад Майя мен Данилина ширек финалға шығу үшін жарыстың 10-ракеткалары, чехиялықтар Мария Боузкова – Луция Градецка немесе испаниялық Алена Большова – норвегиялық Ульрикке Эйкери жұптарының жеңімпазымен кездеседі. Ал Юлия Путинцева, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов, Елена Рыбакина және Александр Бубликтер үшін турнир аяқталды.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу