Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 12-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген.
Бірінші партияда гонконгтық теннисші 6:3 есебімен басымдық танытты. Тайталасқа толы матчта екінші сетте қазақстандық теннисші тай-брейкте қарымта қайырды – 7:6 (7:4).
Шешуші, үшінші партияда есеп 3:1 болған мезетте Кай Томпсон доп бергенде, Заңғар Нұрланұлы аяғынан жарақат алып қалды. Ақсаңдап әзер жүрсе де, ол брейк жасай алды – 4:1. Бірақ келесіде өз геймін беріп қойды – 4:2. Дегенмен матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
2 сағат 50 минутқа созылған тартысты бәсекеде Заңғар Нұрланұлы 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Кай Томпсон 4 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Заңғар Нұрланұлы спорттық жолында алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.
Оның келесі қарсыласы кейін белгілі болады. Заңғар Нұрланұлы өткен жылы жасөспірімдер арасында қазақстандықтардан тұңғыш рет АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен еді.
"Бүгін осындай матчта жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Келесі ойынға дейін жарақатымды емдеп, қалпыма келуге тырысамын. Жартылай финалға шығып, бір мақсатымды орындадым. Енді Аустралия чемпионатында титул алғым келеді", – деді Қазақстанның жас жұлдызы бәсекеден соң.