banner

Ауыл шаруашылығы инспекторлары аз жалақысын айтып, мұң шақты

1651

Қазақстан аумағын өте қауіпті зиянкестерден, өсімдік індеттерінен қорғау және шетелден карантиндік объектілердің елге әкелініп, таралуын тоқтату үшін күрес күшеюі қажет, оның орнына саладан білікті мамандар кетіп жатқан көрінеді.  

Ауыл шаруашылығы инспекторлары аз жалақысын айтып, мұң шақты

Тұрмыстан қалжыраған жауынгер тегеурінді күресе ала ма?

Республикада коронавирус індетіне қарсы қуатты күрес жүріп жатқаны мәлім. Ал өзге күрестер соның тасасында елеусіз қалуда. Мысалы, ұлттық фитосанитарлық қауіпсіздікке күн сайын "шабуыл" жасалады. Тексеруші қырағы болмаса, тәулік бойы елге тасқындап кіріп жатқан жүк көліктерімен қазақ астығын түбегейлі құртатын, әсем табиғатымыздағы ағаштар мен өсімдіктер атаулыны тып-типыл ететін зиянкестер еніп, жаппай таралуы мүмкін. Бұл қауіп барған сайын өрістеуде.

Қарашадағы жағдай бойынша, биылғы жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары өсімдіктер карантині саласындағы 5,3 мың бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде қауіпті карантиндік зианкестерді және өсімдік індеттерін әкелгендерге 393 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. Қауіпті жүктер шекарадан кері қайтарылды, бір бөлігі елде жойылды.

Мысалы, бір апта ішінде меминспекция комитетінің аумақтық бөлімшелері 1 мың тоннаға жуық карантинге жатқызылған өнімді ұстап алған. Олар Ресей, Беларусь, Финляндия, Өзбекстан, Қырғызстан, Нидерланды және Кореядан әкелініпті.

Нидерландыдан Нұр-Сұлтанға 1,2 тонна қызанақ импортталған, оның ішінен "Қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусы" (Tomato brown rugose fruit virus, ToBRFV) және "Пепино мозайка вирусы" (Pepino mosaic virus) табылды. Соңғысы бүкіл әлемдегі қызанақтың ең қауіпті вирустық ауруының бірі саналады. Мамандардың айтуынша, вирус құрал-сайман, адам, киім және басқасы арқылы сау өсімдіктерге жұғады. Бүгінде бұл індетті жоюға арналған ешқандай құрал жоқ. Тек профилактикалық шараларға ғана иек артуға тура келеді.

Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстаннан Жамбыл және Маңғыстау облыстарына жеткізілген 21,9 тонна құрма өнімінің "Комсток сымыры" карантиндік объектісіне толы екені әшкереленді. Құрмалар көрші екі елге кері жіберілді. Тек айналма жолдармен, жасырын қайта оралмаса болғаны.

Ресейден жалпы көлемі 768 тоннаны құрайтын картоп, сәбіз, қызылша, қызанақ, бұрыш, мақсары, бидай, жаңғақтар, кептірілген жемістер, апельсин, алма және банан, Қырғызстаннан – 22 тонна жемшөп эспарцеті, Кореядан – 1,5 тонна жүгері ұны және Нидерландыдан – 139 780 дана гүл импорты кезінде 56 жағдайда олардың қауіпсіз екенін дәлелдейтін фитосанитариялық сертификаты жоқтығы белгілі болды.

Күрес күн-түн демей, тұрақты түрде ары қарай жалғасқаны маңызды. Алайда соны жүзеге асыратын күрескерлердің жағдайы қиын екені әшкереленіп отыр.

"180 доллардай ғана жалақы алады"

"Карантиндік объектілер елге қаптап еніп кетсе, азық-түлік қауіпсіздігінен, жергілікті экожүйеден сау-тамтық қалмауы мүмкін. Сондықтан еліміздің фитосанитарлық бақуаттылығын мүлтіксіз сақтау үшін зиянкестермен, індеттермен тоқтаусыз әрі ымырасыз күрес жүруі қажет. Бұл миссия АШМ-нің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекцияларындағы өсімдік карантині жөніндегі меминспекторларға жүктелген. Алайда қазір бұл білікті мамандар басқа меморгандарға және жеке құрылымдарға жаппай кетіп жатыр. Өйткені оларда жалақы бірнеше есе жоғары. Бұл республика аумағының фитосанитарлық қауіпсіздігіне теріс ықпал етеді", – деп мәселе көтерді аталған комитеттің аумақтық инспекциясының өкілі Ильмира Қажымұратова.

Ол әріптестерін түсінуге болатынын айтады. Себебі елімізде тауарлар да, қызметтер де қымбаттауда. Киім-кешек түгіл, азық-түлік алу үшін жалақының едәуір бөлігін шығындауға тура келеді.

Осыған байланысты Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларындағы, сондай-ақ Ақмола, Алматы, СҚО, ШҚО, Қостанай, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда өңірлеріндегі облыстық, аудандық және қалалық инспекциялардың өсімдік карантині жөніндегі аумақтық меминспекторлары АШМ-ге өтінішпен жүгініп отыр.

Олардың бір ғана "еңбекақы көтерілсін" деген тілегі бар.

"Үкімет қаулысына сәйкес, орталық меморгандардың мемлекеттік қызметшілерінің жалақысы 2022 жылдан бастап 30%-ға, ары қарай 2023 және 2024 жылдары тағы көтеріледі. Біздің ойымызша, бұл – әділетсіздік. Сондықтан біз өзіміздің жалақымызды 3 есе арттыру мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз. Бұл мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз!", – дейді шағымданушы мемлекеттік инспекторлар Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке хатында.

Олар өсімдік карантині бойынша аудандық және қалалық деңгейдегі аумақтық инспекция маманының орташа жалақысы – 79 000 теңгені, ал облыстық деңгейде – 89 000 теңгені ғана құрайтынын хабарлады.

Билік не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, "Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" 2017 жылғы 16 қазандағы Үкімет қаулысында жұмыскерлерге базалық лауазымдық айлықақыға (БЛА) қолданылатын коэффициенттер негізінде жалақы төлеу бекітілген.

"Мысал үшін айтсақ, бас маманның (С-О-5) жалақысы жұмыс өтіліне қарай қазір 83 352 теңгеден 112 375 теңге аралығында құбылады. Мемлекет басшысының "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауына сәйкес, бүгінде жалақыны көтеру мәселесі пысықталуда. Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап факторлық-балдық шкаланы кезең-кезеңмен енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, бас маманның жалақысы жұмыс өтіліне қарай 212 061 және 260 615 теңгені құрайтын болады", – деді министр.

Аталған меминспекторлардың қай кезеңге ілігетіні белгісіз.

АШМ басшысының мәліметінше, бұл ретте Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің жалақыны өз бетінше жоғарылатуға мүмкіндігі жоқ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу