Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері несиені белсенді алуда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
8307

Биыл агроөнеркәсіп кәсіпкерлері мемлекеттен егін егу және ору науқанына 65 миллиард теңгеге жуық қарыз алыпты.

Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері несиені белсенді алуда

Әлемдегі көптеген елдерде, соның ішінде көрші Ресейде де мамандандырылған аграрлық банктер бар. Ал Қазақстанда ел үкіметі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиемен қолдауды "ҚазАгро" ұлттық холдингінің құрылымдары арқылы жүзеге асырады. Тиісінше, егін егу не орақ науқанына қажетті қаражатқа қол жеткізу үшін егіншілер осы құрылымдарға жүгінеді.

Өз кезегінде "ҚазАгро" 2017 жылғы көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын қаржыландыру барысы туралы есебін жария етті. Түсіндіре кетер жайт, ұлан-байтақ қазақ жерінің солтүстігінде дән себу науқаны аяқталып жатқанда, оңтүстігінде егін ору науқаны басталады.

Сонымен, ұлттық холдинг дерегінше, қазіргі кезде осы жұмыстарды жүргізу үшін Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі 4 облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекет тарапынан 8 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Республикадағы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың негізгі көзі – бюджеттен бөлінген 60 миллиард теңгені холдингтің еншілес компаниясы "Аграрлық несие корпорациясы" ұсынып отыр.

Қазіргі қолда бар ақпарат бойынша жалпы республика бойынша "ҚазАгро" компанияларымен барлық қаражат көздері есебінен 64,6 миллиард теңге сомасына егіншілердің 1 мың 257 өтінімі қаржыландырылыпты. Соның ішінде 55,6 миллиард теңге сомасында тікелей бюджеттік несие қаражаты 774 өтінім иесіне берілген.

Оның ішінде оңтүстік өңірлердегі 120 өтінім еншісіне – 4,1 миллиард теңге тиген. Оның 3,9 миллиарды немесе 108 өтінім – бюджеттік несие есебінен болып отыр. Егер тарата айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысының үлесінде – 2,5 млрд теңге, Қызылорда облысында – 808,1 млн теңге, Алматы облысында – 521,1 млн теңге, Жамбыл облысында – 137 млн теңге.

1 мың 257 өтінім бойынша берілген несие қаражаттарына 3,7 миллион гектарлық егістікте дақылдар егу жұмыстары жүргізілмек.

Аграршылар мемлекеттен несиені белсенді алып жатқан көрінеді. "Аграрлық несие корпорациясының" құрылымдық бөлімшелерінің қарастыруында жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгені құрайтын тағы 85 өтінім жатыр екен. Соның ішінде оңтүстік өңірлер арасынан Қызылорда облысының 4 ауыл шаруашылық өндірушілері тағы 66,6 миллион теңге несие қажет етеді. 

Мамандар бұл белсенділікті несиелендіру шарттарының жақсартылуымен және несиенің құнының қызықты болуымен түсіндіреді. 2017 жылы көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілген еді. Оның мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кең ауқымын қамту, оларға қажетті қаржыны барынша қолжетімді ету болды.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өндірушілерін тікелей қаржыландыру қолға алынды, бұл ретте "Аграрлық несие корпорациясы" өз филиалдары желісі арқылы банктік кепілдік береді.

Екіншіден, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландыруы үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру бастау алды.

Үшіншіден, несие серіктестіктеріне де, шағынқаржы ұйымдарына (микрофинансовые организаций) да мемлекет осы мақсатта қаржы орналастыруда.  

Бұған қоса, ағымдағы жылы несиелеу мөлшерлемелері төмендетілді. Енді ауыл шаруашылығы өндірушілерін тікелей қаржыландырғанда, "Аграрлық несие корпорациясының" (АНК) жылдық мөлшерлемесі 2%-ды құрайды. Қаржылық институттар арқылы несиелеу кезінде қарыз алушылар үшін жылдық мөлшерлеме 6%-дан аспайды. Бұл ретте АНК-ның мөлшерлемесі – 2%, оған несие серіктестігі немесе шағынқаржы ұйымы 3% төл үстемесін ғана қоса алады.

Тағы бір айта кетерлігі, бұлар сыртында мемлекеттік тағы бір құрылым – "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясы ауыл шаруашылық өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыруда. Яғни, аграршылар әлі шықпаған өнімін алдын ала сатуға мүмкіндік алады. Осылайша, олардың жинайтын өнімдерін өткізуі кепілдендіріледі.

Ел үкіметі бұл жерде сатып алынатын тауарларының тізімі кеңейтілгенін хабарлайды. Егер бұрын корпорация бидай мен арпаны ғана сатып алған болса, биыл фермерлер рапс, зығыр, күнбағыс, соя секілді май дақылдарын да өткізе алады. 

Бұл ретте 11 басым бағыт анықталды, бұлар – аталған май дақылдары, арпа, қант қызылшасы, күріш, астық жүгерісі, мақта, сұлы, картоп. Тиісінше, оларды қаржыландыру алғашқы кезекте жүзеге асырылды.

Осы жылы мемлекет ауыл шаруашылық кооперативтеріне біріккен шағын және орта кәсіпкерлердің көктемгі-егіс жұмыстарын қаржыландыруда. Нәтижесінде, ағымдағы жылы 176 ауыл шаруашылығы өндірушісі кіретін 10 кооперативке 8 миллиард теңге сомасында қаражат берілген. Осының арқасында олар 598,3 мың гектар көлеміндегі егістік алаңын өңдей алды. 

Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін кепілдіктер бойынша маңызды жеңілдіктер енгізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" бірігіп, жаңадан құрылып жатқан ауылшаруашылық кооперативтері үшін кепілдік жүктемені азайтатын механизм қарастырды. Ауылшаруашылық бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген несие алуда ең басты мәселе – кепілдікке қойылатын мүлік екені ешкімге де құпия емес. "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" кепілдік ретінде жылжыйтын және жылжымайтын мүліктің барлық түрлерін алатын болды. Оның ішінде мысалы, коммерциялық банктер бірден бас тартатын ауылдық жерлердегі үйлер мен жер телімдері де бұл қор тарапынан кепілдікке қабылданады.

Сонымен қатар "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Думан Оспановтың айтуынша, "Ынтымақ" несиелік өнім аясында жеміс-көкөніс және басқа да өнімдер бойынша сервистік-дайындау және қайта өңдеу ұйымдарын құруға бағытталған кооперативтерге несие беру қарастырылған. Осы іске білек сыбана кіріскен кәсіпкерлерге 50 миллион теңгеге дейін несиелер 7 жылға дейін мерзімге жылдық 6%-дық ставкамен беріледі.

Бұдан басқа, "ҚазАгроҚаржы" желісі бойынша егін егуге қажетті ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу үшін 17,7 миллиард теңге сомасына 1230 қаржы лизингі бойынша келісімшарттары жасалған. Сондай-ақ агроөнеркәсіп бизнесінің жалпы сомасы 5,7 миллиард теңгені құрайтын тағы 291 өтінімі мақұлданды. Бұлар сыртында 9,1 миллиард теңгенің 267 өтінімі қарауда жатқан көрінеді.  

Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, биылғы жартыжылдықта ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 3,1%-ға ұлғайтылды. Соның ішінде егіншілік шаруашылығы – 2,2%-ға өсіпті.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың мәліметінше, биыл еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 миллион гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға үлкен. Егін егу жұмыстарын әртараптандыру аясында сұранысы жоғары дақылдарды егетін алқаптар 1 млн 348 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл тіпті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасында жоспарланған көрсеткіштен 340 мың гектарға көп. Яғни, ел үкіметі бидайдың "монополиясынан" арылуды жеделдетуде.

"Жасымық егісін ұлғайту Қазақстанға әлемде аумақ бойынша бесінші және экспорт бойынша төртінші орынды иеленуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге, биыл қант өндірісі бір жарым есеге, майлы дақылдар 1,3 есеге ұлғайтылады деп күтілуде. Жүзеге асырылып жатқан әртараптандыру жұмыстары әр гектардың тиімділігі мен өндірістің табыстылығын арттырады", – деді Қайрат Айтуғанов.

Оның сендіруінше, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті дизельдік отынға деген сұраныс толығымен қамтамасыз етілді. Үкіметтің жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі дизельдік отын бағасын республика бойынша орта есеппен литріне 123 теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік беріпті.

Егістіктерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне қосымша пестицидтер мен техникалар жеткізіліп, 591 мың гектар жер өңделді.

"Өзге өңірлерде үйірлі көкқасқа шегірткелерге қарсы олардан қорғау шаралары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр", – деп құлағдар етті ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу