Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 524 млрд теңге қарастырылды

4149

Жеке қосалқы шаруашылық кооперацияларын дамыту арқылы ауылшаруашылығы саласының бірқатар мәселелерін шешуге болады.   

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 524 млрд теңге қарастырылды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

"Аграрлық секторды одан әрі дамыту үшін шешуді қажет ететін бірқатар маңызды міндет бар. Нақты айтсақ, биыл еліміздің кейбір өңірлерінде болған қуаңшылық жайылымдық жер мен жемшөп дайындауға қатысты біраз мәселенің басын ашып берді. Жемшөп өндірісі ауылшаруашылығының маңызды бағыттарының бірі. Биылғы тапшылыққа ауарайымен қатар жемшөп дақылдарына арналған алқаптың жеткіліксіз болуы да әсерін тигізді", – деді Мәулен Әшімбаев ауылшаруашылығын дамытуға арналған парламенттік тыңдауда. 

Сенат төрағасының сөзінше, жеке қосалқы шаруашылық мәртебесі мен оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды айқындайтын және ұсақ тауар өндірушілердің кооперациясын дамытуға арналған заң жобасын әзірлеу уақыт талабы. 

"Ветеринария саласын жетілдіру де аса маңызды мәселе. Инфекциялық аурулардың тұрақты өршуі бұл салада жүйелі проблема бар екенін көрсетіп отыр. Мәселені шешу тамақ өнімдерінің қауіпсіздік дәрежесіне және мал өнімдерін экспорттауға тікелей әсер ететіні анық. Сондықтан Үкімет ветеринария мәселелеріне ерекше назар аударып, оларды еңсеру үшін тиісті шара қабылдауы қажет", – деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, ауылшаруашылығы саласын қаржыландыру жүйесін жетілдіру күн тәртібінде тұрған мәселе. Қолданыстағы субсидиялау жүйесі көңіл көншітпейді. 

"Тиісті министрлік пен "Бәйтерек" холдингі саланы субсидиялау жөніндегі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасап, орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныс әзірлеуге тиіс. Бұл саладағы тағы бір өзекті мәселе – азық-түлік тауарына әділ баға белгілеу болып отыр. Өнімнің кейбір санаттары бойынша импорттың үлесі айтарлықтай көп екені жасырын емес. Ауылшаруашылығы өнімін өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолға делдалдар орнығып алған. Осының салдарынан өнім бағасы айтарлықтай өсіп отыр. Мәселені көтерме-тарату орталықтарының желісін дамыту арқылы шешуге болады", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы 1995 жылдан бастап ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,5 есе, ал ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есе өскенін тілге тиек ете келіп, біздің ел шет мемлекетке 7 млн тоннаға дейін бидай жөнелту арқылы әлемдегі ең ірі экспорттаушылардың қатарына қосылғанын мәлімдеді. 

"Соңғы 5 жылда ауылшаруашылығы тауарларының экспорты 50%-ға ұлғайды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар іске асырылды. Мемлекет басшысының былтырғы және биылғы жолдауларында айтылған тапсырмаларға сәйкес, нақты жұмыстар қолға алынды. Соның аясында қазан айында "Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2025 жылға дейінгі" Ұлттық жобасы бекітілді", – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сенат төрағасы Ұлттық жоба еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға ықпал ететінін еске салды. 

"Алдағы уақытта қайта өңделген тауарлардың үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын 2 есе ұлғайту, 500 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашу және ауылшаруашылығы саласындағы жалақы мөлшерін 2 есе көбейту көзделіп отыр. Бұл жоспарларды іске асыру үшін тиісті құқықтық база қажет екені түсінікті. Сондықтан Парламент аграрлық саладағы реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Үкіметпен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бүгінде Парламент депутаттарының бастамашыл болуымен бірқатар заң жобасы әзірленіп жатыр. Солардың бірі – жайылымдық жерлерді пайдалану жөніндегі заңнамаға өзгеріс енгізу. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте өзекті мәселе. Депутаттар бастамашыл болған тағы бір заң жобасы органикалық өнімдерге қатысты. Жалпы органикалық азық-түлік өндіруде ауылшаруашылығы саласының әлеуеті зор. Сондықтан сенаторлар осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсынып отыр. Таяуда депутаттар қабылдаған 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте 3 жылдық кезеңде ауылшаруашылығы саламсын дамытуға 524 млрд теңге қарастырылды", – деді Мәулен Әшімбаев. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу