Ауыл шаруашылық өнімі SMS арқылы сатылмақ

4531

Павлодарлық студенттер өндіруші мен сатып алушының арасын жақындатуды көздеп отыр.

Ауыл шаруашылық өнімі  SMS арқылы сатылмақ

Осы мақсатты іске асыру үшін оларға үш миллион теңге қаражат пен бес ай уақыт керек болды. Мұның барлығы шаруаны шұбырған делдалдардан құтқару үшін жасалып жатыр.

Павлодар мемлекеттік университетінің кешегі екі студенті KazAgroTrade электронды кооперация платформасын құрды.

"Осыдан екі жыл бұрын картоп, сәбіз, қырыққабат секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін саттық. Сол кезде шаруа мен көтерме сатып алушы арасындағы делдалдың көп екеніне көзіміз жетті. Ал мұның барлығы өнім бағасына қосылып, сатып алушының қалтасын қағатыны айтпаса да түсінікті. Содан кейін осындай платформаны жасау идеясы туындады", – деді  Ернұр Бейсекеевпен бірлесіп жұмыс істейтін Павлодар мемлекеттік университетінің студент-магистранты Әл Фараби Ұзақ abctv.kz-ке берген жауабында.

Егістікте еңбек етіп жүрген шаруаның интернетте отыруға уақыты жоқ екенін және барлық жерде бірдей жақсы байланыс болмайтынын біліп, мобильді қосымшаны жасаудан бас тарттық. Өндіруші мен сатып алушы арасын тек SMS-хабарлама арқылы байланыстыру жүйесін құрдық. Платформаның жұмыс істеу жүйесі өте қарапайым, яғни клиент өзіне қажет дақыл түрі мен көлемін көрсетіп өтініш тастайды. Содан кейін осы платформада дәл осы дақыл түрін өсіруші ретінде тіркелген шаруаға автоматты түрде хабарлама келеді. Хабарламада клиенттің жіберген өтінішінің мәтіні көрсетіледі. Мысалы, клиентке 500 тонна ақ картоп қажет деп жазылған мәтін мен оның телефоны көрсетілген хабарлама болады. Одан әрі қарай шаруа оңай. Телефон шалып, келіседі.

Бұл жерде мұндай платформаға тіркелу үшін шаруа қанша ақша төлеуі керек деген бір ғана сұрақ туындауы мүмкін. Екі апта  тегін сынақтан өтіп, содан кейін айына 5000 мың төлеуі керек болады. 

"Осымен аталған клиентті жарнамалауға және SMS-хабарлама кеткен шығынды жабамыз. Ірі өндірушілерге өнім сату қиындық тудырмауы мүмкін. Сондықтан біздің платформа шағын шаруа қожалықтарына қызықты болуы мүмкін", – дейді әзірлеуші.

Жас бизнесмен қазіргі ауыл шаруашылық өндірушілері IT-технология қызметін пайдалануға дайын екеніне сенімді. Оған ондаған қолданушылардың тіркелгені дәлел болады. Студенттер платформаны таныту үшін клиенттерді өздері іздеп тауып жатыр. Сондай-ақ олар Ақмола және Шығыс Қазақстан облысының әкімдіктеріне ұсыныс хат жолдап, ал әкімдіктегілер жергілікті ауыл шаруашылық өндірушілерінің мәліметі базасымен бөліскен. Одан әрі қарай өзіңнің ептілігінің арқасында шаруаны дөңгелетіп әкетуге болады.  

Жаңа платформаны қолданып көргендердің бірі – Ілияс Жақанов 20 гектар жерден алған 30 тонна сәбіз бен 10 тонна картобын бірден сатып жіберген.

"Жиған- тергенімді екі транш арқылы сатып жібердім. Платформа өте қолайлы және тиімді. Бұрын өнімді өткізетін клиентті өзіміз іздейтінбіз немесе делдалдарға жүгінетінбіз. Ал олар болса өнімнің әр тоннасынан кем дегенде мың теңгеден алатын. Ал мынау мүлдем оңай екен және бағасы да тиімді", – дейді Ілияс Жақанов.

Кәсіпкер платформа Ресеймен шекаралас өңірлерде де қолдау табатынына сенімді.

Сөз соңында айтарымыз, Әл Фараби екінші курста оқып жүрген кезден бастап бизнеспен айналысқан екен. Ол студенттермен бірлесіп компаниялардың сайтын жасаған, содан кейін ауыл шаруашылық саласына ауысқан. Сондай-ақ Work&Travel  бағдарламасы бойынша АҚШ-та жұмыс істеген. АҚШ-та пиццерия иесіне электронды мәзір әзірлеген. Осының арқасында біршама ақша да тапқан екен. Ал бұл тәжірибесі кейін елде де қажетіне жараған.

Платформаны әзірлеушілер оны шаруаға қажетті ауыл шаруашылық саласындағы  жаңалықтармен, мемлекеттік бағдарлама туралы ақпаратпен, жалпы айтқанда пайдалы ақпаратпен толтырмақшы.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу