Ауылда тек 1,7 миллион әйел қалыпты

3409

Үкімет елдің нәзік жынысты бөлігінің санағын жариялады. 

Ауылда тек 1,7 миллион әйел қалыпты

Әдетте, мұндай ақпарат "Халықаралық әйелдер күні" мерекесі қарсаңында елге мәлімделіп жатады. Оған дейін бақандай төрт ай бар. Оның үстіне жалпыұлттық халық санағы да келесі жылға ысырылды.

Дегенмен, сайлауға орай жинаса керек, қазақстандық қоғамның көркем бөлігіне қатысты толыққанды ақпарат Үкімет қолында қазірден бар болып шықты.

Құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Айгүл Шәкібаеваның сұрауымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Ұлттық экономика министрлігінен әйелдерге қатысты барлық сандарды алғызып, қоғамға жария етіп отыр.

Сонымен, бүгінде Қазақстанда еңбекке жарамды, яғни экономикалық белсенді тұрғындар саны 9,2 млн адамға жетіп отыр. Бірден айта кетелік, бұл – қазақ елінің бүкіл тарихында болмаған рекорд. Тіпті патша мен Кеңес одағы Қазақстанның аумағын әртүрлі халықтармен толтырғанда және кеңес заңдары бойынша қолына күрек ұстай алатын жанның барлығы жұмыс істеуге міндетті болған заманда елімізде экономикалық белсенді халықтың саны 7,7 млн-ды ғана құраған. 

Қалай болғанда, қазіргі кезде еңбекке жарамды әйелдердің жалпы саны 4,5 млн. Оның 1,7 млн-ы – ауылда тұрып жатыр.

Дегенмен, оның бір бөлігі бала бағып, үйінде отыр. Жұмыс істеп, экономикаға үлес қосып жатқан әйелдердің жалпы саны 4,2 млн-ға жеткен. Соның ішінде ауыл әйелдерінің саны – 1,6 млн.

"Қазақстанда әйелдердің жұмыссыздығы деңгейі 5,6%-ды құрайды. Жұмыссыздарды жұмысқа тұрғызу шаралары 2017–2021 жылдарға арналған "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Биылғы жыл басынан бері осы мемлекеттік қолдау шараларымен 580,1 мың адам қамтылды. Соның ішінде бағдарламаға қатысушы әйелдердің саны – 246,1 мың. Оның 122,9 мыңы ауылда тұрады. Әйелдердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімді курстар өткізілуде. Оған әзірге 11,6 мың әйел қызығушылық білдірген", – дейді еңбек министрі.

Үкімет әйелдерден жақсы бизнесмен шығатынын да түсінді: олар салықты негізінен уақытылы әрі толыққанды төлейді, өз ісіне жауапты қарайды, әлеуметтік жауапкершілік танытатын да солар. Сондықтан билік "Еңбек" бағдарламасы аясында олардың да кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жұмыстарын қолға алған. Мысалы, 6 пайыздық жеңілдікті шағын кредиттер, сондай-ақ 200 АЕК немесе 555 мың 600 теңге қайтарымсыз грант ақша үлестірілуде екен.

"Қараша айындағы жағдай бойынша 4,4 мың әйел микрокредит алса, соның 2,7 мыңы өз бизнесін ашқан. "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 12,3 мың әйел оқытылуда. 17,7 мың әйелге қайтарымсыз грант ақша берілді. Ал "Еңбек" бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері 103,4 мың әйелдің кәсіпкерлік бастамасына мемлекет қолдау көрсеткен. Соның ішінде 55,7 мыңы кәсіпкерлікке оқытылды, 15,2 мыңына микрокредит берілді. 32,5 мың әйел қайтарымсыз грант қаражатқа қол жеткізді", – деді Біржан Нұрымбетов.

1094 зейнеткер әйелдің мүгедек баласын бағып отырғаны да айтылды.

Осының алдында еңбек министрлігіне қарасты "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ы (ЕРДО) демографиялық болжамын жария етіп, қазақстандықтардың саны 2030 жылға қарай шамамен 20,7 миллион адам болатынын хабарлаған. Яғни, қазіргі қарқынмен алдағы он жылда тек 11,8%-ға өседі.

"Бұл ретте шамамен 12,7 млн адам (61,2%-ы) қалалық тұрғын болады. Ал ауыл тұрғындарының саны 8 млн-нан асады (38,8%-ы). Егер демографиялық көрсеткіштер серпінінің ағымдағы деңгейі сақталса, онда 2050 жылға қарай халықтың болжамды саны шамамен 25,4 миллион адамды құрайды. Бұл 2030 жылғы деңгейден 22,7%-ға, ал 2019 жылғы көрсеткіштен 34,3%-ға көп. Оның ішінде 16,7 млн адам немесе 65,7%-ы – қалаларда, 8,7 млн адам немесе 34,3%-ы – ауылда тұратын болады", – деді ЕРДО-ның Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

2030 жылға қарай халықтың 27,4%-ы,  ал 2050 жылға қарай 36%-дан астамы үш мегаполисте – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте өмір сүрмек. Д.Шумековтың мәліметінше, қазіргі өсіммен 2030 жылға дейін Қазақстанда жаңа мегаполистер пайда болмайды. Тек бірқатар өңірдің – Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының халқының саны 10 жылдан кейін 1 миллионнан асуы мүмкін. Алматы және Түркістан облыстарында 2 млн адамнан тұрады.

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары тек ғасыр ортасына, 2050 жылға қарай миллион тұрғыны бар өңірлерге айналады.

Сонымен бірге, сарапшылар ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстанда ұлдар саны қыздар санынан сәл асады деп болжайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу