Ауылда үйлердің қымбаттауынан "Дипломмен ауылға" дағдаруда

4496

Қаланы тәрк етіп, ауылға аттанған жас мамандар өзге де көптеген қиындыққа кезіккен.  

  Ауылда үйлердің қымбаттауынан "Дипломмен ауылға" дағдаруда

"Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасының үйлестірушісі – Ұлттық экономика министрлігі. Мұны екінің бірі біле бермейді. Салдарынан бағдарламаға қатысты қаптаған шағымдар өзге Үкімет мүшелерінің, БҒМ-ның, Мемқызмет істері агенттігінің, аймақ әкімдерінің құлағын шулатуда. Содан болса керек, биылғы қаңтарда еліміздің жаңа  бас экономисі атанған Әсет Ерғалиев ресми блогындағы алғашқы жазбаларының бірін дәл осы бағдарламаға арнады. Оның байламынша, "Дипломмен ауылға" – табысқа апаратын жол.

Шынында табысқа апара ма?

Бұл мембағдарлама 2009 жылдың 1 қаңтарынан бері жүзеге асырылуда. Басты мақсаты – ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін, еңбек ресурстарын күшейту, ауылдықтардың жағдайын, өмір сапасын жақсарту. Осы мақсатта билік колледж не университет бітірген жастарды қалада қалмай, ауылға кетуге үндеуде.

Бағдарламаға сәйкес, үндеуге үн қосқан мамандарға бір реттік көтерме жәрдемақы төленеді: оның мөлшері 70 АЕК-тен бертінде 100 АЕК-ке дейін арттырылды. Сондай-ақ баспана сатып алуға немесе оны өз бетінше салуға бюджеттік арзан несие беріледі: пайыздық ставкасы адам қызығарлық – жылына небары 0,1%. 15 жылға беріледі.

Бірақ ол үйді кейін қымбатырақ бағаға сатып жіберіп, қалаға қайта көшіп кетуге тосқауыл жоқ. Себебі, бағдарламаның басты шарты – маман ауылда кем дегенде 3 жыл жұмыс атқаруға тиіс. Салдарынан, кейбір жастар қосымша табыс табудың осы тәсілін пайдаланған.

Сондай-ақ мемлекет берген 4 миллион теңгеге ауылда тұратын ағайынының үйін қағаз жүзінде сатып алып, ақша жасағандар болды. Мұндай деректер көбейіп кеткендіктен, Үкімет мембағдарламаға өзгеріс енгізіп, қатысушыға туысқанының үйін сатып алуына қатаң тыйым салды.

"Бүгінде көптеген жас жігіттер мен қыздар ЖОО немесе колледжді аяқтаған соң ауылдық елді мекендерде тұруды және жұмыс істеуді таңдап жатыр. "Дипломмен ауылға" – жас маман үшін тамаша мүмкіндік, ол мансап шыңдарына бастайтын трамплинге айналады. Нағыз кәсіпқойлардың жолы дәл осы бағдарламадан басталады", – дейді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Алайда кейбір жастың сергелдеңі осы бағдарламадан басталыпты.

Ауылда да үй қымбат

Жас маман Қуандық Сәменов маңызды ұсыныс-ескертпе айтты. Ол Батыс Қазақстан облысындағы ауылға барыпты. Қазір ауылдарда да тұрғын үй бағасы удай екеніне назар аудартты.

"Мен 2020 жылдың қыркүйегінен бастап, ауылдық жерге жұмысқа орналастым. Сондықтан "Дипломмен ауылға" бағдарлама аясында баспаналы болғым келді. Әйткенмен менің тұрып жатқан жерімде, яғни Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында баспана бағасы шарықтап тұр. Үкімет бөлетін несиенің ең жоғарғы сомасы 4 миллион теңгеден сәл ғана асады. Ал ауылымызда үйлер құны 7 миллионнан басталады. Осыған орай министрліктен бағдарлама бойынша бөлінетін несие мөлшерін көбейтуді сұраймын!", – дейді ол.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, "Дипломмен ауылға" жобасының аясында ауылда тұрғын үй сатып алу үшін 1 500-АЕК-тен (2021 жылы – 4 миллион 375 мың 500 теңгеден) аспайтын сомада бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау көзделген.

Ол мамандарға онсыз да өркендей бастаған, тартылыс орталықтарына айналған ірі, тірек ауылдарға емес, шағын немесе қияндағы ауылдарға көңіл аударуды ұсынады.

"Бұл жобаның басты мақсаты – мамандарды ауылдық жерлерге, әсіресе, шалғай ауылдарға жұмыс істеуге және тұруға ынталандыру. Ал ондай ауылдарда тұрғын үй бағасы осы бюджеттік кредиттің белгіленген мөлшеріне сәйкес келеді. Айта кетейік, бағдарлама шеңберінде берілетін бұл бюджеттік кредиттің мөлшері онсыз да жыл сайын орта есеппен 7%-ға ұлғаяды. Себебі, АЕК мөлшері елдегі инфляция деңгейіне қарай қайта есептеледі", – деді бас экономист.

Яғни, 4,3 миллион теңге арзан несие 7 миллионға дейін әзір көтерілмейді. Көтерілгенше, оны тұрғын үй бағасының қымбатшылығы қуып жетуі ғажап емес.

Көрші ауылдан қатынауға рұқсат жоқ

Ал Алматы облысының тұрғыны, "Дипломмен ауылға" қатысушы Жеткерген Қазиев бұл мәселені шешудің басқа, тиімді жолын ұсынды.

"Біздің Іле ауданындағы Ынтымақ ауылдық округіне 4 ауыл кіреді. Олар: "Ынтымақ", "Жаңадәуір", "Қоянқұс" және "Жаңа талап". Осы төртеуі – бір-біріне жақын, іргесі тиіп тұрған ауылдар. Мен соның ішіндегі "Қоянқұс" ауылында тұрамын. Бұл ауылдың мектебінде 2017 жылдан бері еңбек етіп келемін. Мамандығым – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мен 2020 жылы 100 айлық есеп көрсеткіш (277 800 теңге) көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақымды алып алдым. Сол үшін мемлекетке ризамын. Бірақ басқа мәселе туындауда. Мысалы, өзім жұмыс істеп жатқан ауылымнан 4,3 миллион теңгеге сатып алуға үй таппадым. Есесіне көрші "Жаңадәуір" ауылында сол бағаға үй тауып тұрмын. Сондықтан Үкіметтен "Дипломмен ауылға" аясында іргелес ауылдан үй сатып алуға рұқсат беруді сұраймын", – дейді ол.

Дегенмен, Ұлттық экономика министрлігі қарсы: бұл бағдарлама талабына қайшы болып шықты.

"Маман жұмысқа орналасқан ауылдық елді мекенінде жұмыс істеуге және сонда тұруға тиіс. Осы арқылы ол халыққа қызметті анағұрлым жоғары сапада көрсете алады", – деді ол.

Егер көрші ауылдардан үй алуға рұқсат етілсе, бұл тәжірибе кең таралуы мүмкін. Ондай жағдайда дәрігер не мұғалім қыстың көзі қырауда жолды қар басса, боран-бұрқасын тұрса не басқа себеппен жұмыс істейтін ауылына уақытылы жетіп үлгермеуі мүмкін. Соның кесірінен сырқаттарға немесе оқушыларға қызмет көрсете алмай қалуы ықтимал. 

Ендеше бұл шектеу тұтас бағдарламаның бағын ары қарай байлайтынға ұқсайды.

Жас мамандар қысымнан қажыды

Гүлдана Н. жұбайымен екеуі ауылға қоныстаныпты.

"Жас маманмын. Мектепте мұғаліммін. Жас отбасымыз. Қазір айына 45 мың теңге төлеп, баспана жалдап тұрамыз. Айлығым болса, 65 мың теңге ғана. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша үй аламын ба деп үміттеніп, ауылға келгенбіз. Бірақ не үй жоқ, не жер жоқ. Барлығы жоқ деп шығарып салады. Денсаулығым мәз емес. Елдің бәріне қарыз болып біттім. Кредиттерім жетіп жатыр. Жұмыс жағы да мәз емес. Бір жылға ғана алған, енді жазда шығарам деп отыр. Білім бөліміне жүгіндім. Бірақ мәселем шешімін таппады. Итше тіршіліктен шаршап кеттім. Ипотекаға үй алайын десең, банкте есепшот ашып, ақша салып отыру керек. Мен ақша салмақ түгілі, тамағыма ақшаны әрең тауып отырмын. Неге жастарға жағдай жасалмайды?", – деп ашынады ол.

Ал "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша Ақмола облысының ауылдарының біріне барған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ардақ Т. мектеп әкімшілігінің тарапынан қысым мен буллингке ұшырағанына шағымданады.   

"Мектеп әкімшілігі биылғы 25 майда ескертусіз және еркімнен тыс әкімшілік жиналысқа салды. Жиналыс барысында маған қысым көрсетіліп, абыройыма, намысыма және біліміме дақ түсіретін сөздер айтылып, мәдениетсіздік пен дөрекілік танытты. Жауап беруіме мүмкіндік бермеді. Сонда мені жиналысқа салу себебі – бір оқушыға қорытынды бағада 4 қойып бергенім болыпты. Менен ол балаға 5-ке тартатын бал қойып беруімді талап етті. Директор мені жұмыстан шығаратынын айтып қорқытты. Менің тарапымнан ешқандай ағат қылық, оқушыларға деген дөрекелік болған емес. Айыбым – білімді дәл бағалағаным ба?!", – деп ренжиді жас педагог.

Ол мектеп басшылығы жаман мінездеме бергелі отырғанын, салдарынан бағдарлама игіліктерінен айырылып қалатынына алаңдайды. Яғни, бағдарлама жас мамандарды ауылдағы жергілікті шенеуніктерге тәуелді ететіні аңғарылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу