Ауылдағы медицина проблемасы: Бала туу көрсеткіші төмендеп, нәресте өлімі өсті

3300

Ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде проблемалық мәселелер бар.

Ауылдағы медицина проблемасы: Бала туу көрсеткіші төмендеп, нәресте өлімі өсті

200-ден астам ауылдық елдімекенде медициналық нысан жоқ. Сонымен бірге ауылдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының медициналық инфрақұрылымының 50%-дан астамы тозған.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Денсаулық сақтау саласын реформалау жылдарында ауылдарда ауруханалар жабылып, кереуеттер қысқарды. Соған байланысты  ауылдарда  медицина мамандарының саны азая бастады. Бүгінде ауылда кадр тапшылығы бар. Шамамен мың маман қажет. Оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекте – 727, стационарда – 320", – деді министр.

Сонымен бірге министр ауылдық жерлерде профилактика, аурудың алдын алу, динамикалық бақылау сапасы төмен, созылмалы аурулары бар пациенттерге консультациялық-диагностикалық қызметтер, дәрі-дәрмек қолжетімділігі аз екенін айтты. 

"Бұл өз кезегінде халық денсаулығының кейбір көрсеткіштеріне теріс әсер етеді", – деді ол.

Келтірген мәліметтеріне қарағанда, биылғы алты айда былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда бала туу көрсеткіші 15%-ға төмендеген. Ал нәресте өлімі 6,8%-ға өсті. Жазатайым оқиға, жарақат және уланудың өлім-жітімі 2,4%-ға өсті.

Президент қыркүйектегі жолдауында ауыл халқының медициналық көмекке сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық жобаны іске асыру қажет екенін айтты. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру екі жыл ішінде  барлық ауылдарды және 650 елдімекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарланған. Сондай-ақ 32 көп бейінді аудандық аурухана ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу