Ауылдықтарға жылу жетпейді

2143

Жаңа қазандықтан қайыр жоқ. 

Ауылдықтарға жылу жетпейді

Павлодар қаласының іргесіндегі Мойылды ауылындағы екі, бес қабатты үйлердің тұрғындары соңғы 20 жыл бойы пәтерлерінде пеш жағып жылынды. Бір қабаттан екінші қабат арқылы өткен мұржа тұрғындардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін. Тіпті, ыс тиіп, ауруханадан бір-ақ шыққандар бар. Әйтеуір биыл "Тұрғын үйлерді жаңғырту" бағдарламасы бойынша 18 млн теңге бөлініп, орталықтандырылған жылу желісі тартылды. Бірақ тұрғындардың сөзіне қарағанда бұл бастама бекер болған сияқты. Себебі үйлеріне құбыр тартып, пештерін алып тастаған ауылдықтар енді бүрсең қағып отыр.

"Күзде қазандық іске қосылып, пәтерлерге жылу беріле бастады. Ай сайынғы төлем үйдің аумағына байланысты 1300-8000 теңгені құрайды. Бұрынғыдай көмір тасып, күл шығарып қиналмас үшін оған да көндік. Алайда араға бірнеше апта салып, тұрғындар тоңа бастады. Сөйтсек, пәтерлердегі ауа температурасы бар-жоғы 8 градус. Қазір осылай болса, қыстың қақаған күндері жағдайымыз не болмақ?", – дейді Центральная көшесінің тұрғыны Сәния Ғалымова.

Осы көшенің бойында орналасқан тұрғындардың бүгінгі жағдайы осындай. Ал Мойылдыдағы басқа бірнеше қабатты үйлерде мұндай түйткіл жоқ. Пәтерлердегі ауа температурасы нормаға сай.

Қызмет көрсетуші кәсіпорын "Горкомхоз модернизация жилья" ЖШС директоры Ерік Қайыровтың сөзіне сенсек, әкімдік сенімді басқаруға берген қазандық дұрыс жұмыс істемей, тұрғындарды әбігерге салған.

"2 қыркүйек күні Мойылды ауылының әкімдігімен жылу энергиясымен қамтуға қатысты сенімді басқару туралы келісімшарт жасадық. Жұмыс барысында түтін тартатын құрылғының істен шыққаны анықталды. Сондықтан тиісті температураны ұстау мүмкін болмады. Ал қазір құрылғыны жөндеп, жағдайды қалыпты режимге келтірдік", – дейді Ерік Қайыров.

Жалпы қазіргі таңда Павлодар облысында орталықтандырылған жылу желісіне қосылмаған 71 көпқабатты үй бар. Былтыр бірнеше қабатты 105 үйдің пәтерлері пеш арқылы жылытылатын еді.

"Биыл от жағатын 30-дан астам көпқабатты үйді орталықтандырылған жылу желісіне қосу мүмкіндігі туды. Енді жылдың соңына дейін Павлодар ауданына қарасты Новочерноярка ауылында қазандық құрылысының жұмысы толығымен аяқталып, тағы 6 үй жылуға қосылуы тиіс", – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұржан Алдыбаев.

Десе де, Павлодардың қақ ортасында орналасқан, ағаштан салынған екі қабатты 9 үйдің мәселесі әлі шешілмей келеді. Бұл баспаналарда 300-ден астам адам тұрады, олардың көбі – зейнеткерлер. Егде тартқан адамдарға пәтерге отын тасу, күлін қоқысқа шығару қиындық тудырады. Сондықтан кейбіреулері от та жақпай, электрлі жылытқыштарды пайдаланып отыр. Сәйкесінше ай сайын электр энергиясын пайдаланғаны үшін шамамен 30 мың теңге төлейді. Жергілікті тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары келесі жылы бұл үйлер сүріліп, орнына жаңа көпқабатты баспаналар салынатынын айтты. Тұрғындарды әбден титықтатқан түйткіл сол кезде ғана толығымен тарқамақ.

Аудандардағы көпқабатты үйлерді жылу жағдайы да мәз емес. Мәселен, Ертіс ауданында 22 көпқабатты үйде орталықтандырылған жылу жоқ. Олардың алтауын жылу трассасын жөндеген соң, желіге қосуға болады. Ал қалған 16 үйге жылу құбырларын тарту үшін жаңа қазандық салу керек. Сол сияқты Ақтоғай ауданында  бірнеше қабатты 6 үйдің тұрғындары пәтерлерінде пеш жағуға мәжбүр. Бұл оларға ауыртпалық салып, өмірлеріне қауіп төндіреді. Мәселе орталық қазандық салмай шешілмейді. Тек қазынада ауқымды жобаларды іске асырар қомақты қаржы болмай тұр.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу