Ауылдың көңілі бидайдан малға ауды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3972

Елімізде кейінгі жылдары аграршылар астық еккеннен гөрі, мал баққанды құп көре бастапты.

Ауылдың көңілі бидайдан малға ауды

Бұған мемлекеттің мал шаруашылығына, соның ішінде ет экспортына мол демеуқаржы-субсидия құюы ықпал етуде екен.

Әрине, бұдан егін шаруашылығы дағдарысқа ұшырап отырған жоқ. Ол да өз бетінше дамып жатыр. Сонымен бірге, сарапшылар диқандардың үлкен бір бөлігі мал өсіретін кәсіпорындарға қызмет етуге ден қоя бастағанына да назар аудартады.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, 2019 жылы егіс алаңдары 22,3 миллион гектарды құрайды. Бұл өткен жылдың деңгейінен 291 мың гектарға немесе 1,3%-ға көп. Бірақ бұл жерде бидай егістігі күрт кеміп, оның орнына мал азығы өсірілетін алқаптар ауқымы еселеп артуда.

"Егістік алқаптарды әртараптандыру жалғасуда. Атап айтқанда, дәнді дақылдарды биыл тек 14,9 миллион гектарға, соның ішінде бидайды 11,2 млн гектарға ғана егу жоспарлануда. Яғни, 2017 жылғымен салыстырсақ, бидай егістіктерінің ауданы 168 мың гектарға қысқарып отыр. Оның орнына мал шаруашылығының артып келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету үшін азықтық дақылдардың алаңы 654 мың гектарға ұлғаятын болады, яғни, 2018 жылға қарағанда 19%-ға өседі. Жалпы алғанда, арпа, сұлы, жүгері, бұршақ, нут секілді жемдік астық дақылдары өткен жылдың деңгейінен 42 мың гектарға артып, биыл 3 млн гектардан астам алаңға себіледі", – дейді министр.

Мұны осы салаға жауапты өңірлік шенеуніктер де растайды.

"Мысалы, біздің Батыс Қазақстан облысында қазір шамамен 6 мың шаруа қожалығы ауылдағы өндіріспен айналысады. Бірақ олардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен шұғылданады. Бұл салаға үлкен қызығушылықтың туындауына мемлекеттің бұл бағытқа субсидиялар түрінде орасан зор көлемде қаражат құюы түрткі болуда. Жермен жұмыс жасауға ынта-ықылас аздау, дегенмен, белсенділік бар. Мысалы, Зеленов ауданында керісінше, егін егу үшін жер учаскесін іздеушілер кездеседі", – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен сұхбат құрған БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев.

Ол жалпы алғанда, майлы және күздік дақылдар алқаптарының ауқымы артып келе жатқанын айтады.

"Дәнді дақылдарға арналған егістіктің қысқаруы үдерісі ары қарай жүруде. Мысалы, біздің облыста былтыр 277 мың гектарға егілсе, биыл тек 265 мың гектарды ғана алып жатады. Күздік дақылдардың артуының себебі, олар кез келген ауа райында шығымдылық береді. Биылғы жылы астық қаншалықты шығымды болатынын айту қиын, рас, көктемгі ылғал мол көрінеді. Бірақ егіннің шығымдылығын мамыр-маусымдағы жауын-шашын анықтайды. Былтыр облыс бойынша орташа есеппен әр гектардан 7 центнерден айналды. Ең өнімдісі 2017 жыл болды: гектарынан 14 центнерден жиналған. Бұл кейінгі 25 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Алайда өткен жылы қуаңшылық кесірінен егіннің 12%-ы күйіп кетті", – дейді ол.

Өңірлерде техникаларға қатысты да проблема бар. Мысалға, көктемгі егіс науқанына оңтүстікпен бірге алғашқы болып кірісетін БҚО-да бұл іс-шараларға 5 мың 348 бірлік техника жұмылдырылмақ. Бұл ретте ауыл шаруашылығы басқармасы астана жаққа ауыл шаруашылығы техникасының 97%-ға дайын екендігі жөнінде есеп жібергенімен, бұлардың 60%-ының тозығы жеткен көрінеді. Қазір дүркіреп жүріп-жылжып тұрғанымен, науқан кезінде жиі сынып қалуы ықтимал.

"Техника паркі жылына тек 2-3%-ға жаңартылады. Әйтсе де, қаласа, аграршының оны жаңартуға мүмкіндігі мол: субсидиялау бойынша жаңа бағдарлама пайда болды, оған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірушілері жаңа техниканы сатып алса, оның құнының 25%-ына дейінгісін мемлекет субсидия түрінде бюджеттен қайтарады. Бұл бағдарламаға дейін техника паркінің жаңаруы жылына 1%-дан аспайтын", – деп жағдайды баяндайды Денис Умашев.

Сонымен бірге аймақ басшылары жергілікті бюджет қаражаты есебінен субсидиялау көлемін 35%-ға дейін жеткізе алады.

"ҚазАгроҚаржының" батысқазақстандық филиалы директорының орынбасары Амангелді Иманов та егіншілердің ынта-ықтияры болса, техника сатып алуда мүмкіндік мол екенін айтады.

"2018 жылы біз 3 миллиардқа жуық теңгеге 200-ден астам техниканы сатып алуды қаржыландырдық. Биылғы жылы басшылығымыз бұдан да ғаламат жоспарлар қойып отыр. Қаржыландыру көздері, қаражаттар бізде бар. Техниканы лизингке алуға да болады. Мұның сыртында көктемгі егіс жұмыстары үшін айналымдық қаражаттарды толықтыруға қарыз ұсынамыз. Бүгінде шамамен 78 миллион өтініш қаржыландырылған", – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, биыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің қолданысында 147 мың трактор, 3,9 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 79,4 мың дәнсепкіш, 249 мың топырақ өңдеу құралы бар.

"Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы жоспарға сай жүргізілуде. Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша 1 сәуірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін техниканың дайындығы тракторлар бойынша 91%-ды, себу кешендері бойынша 100%-ды, тұқым сепкіштер бойынша 91%-ды, топырақ өңдеу құралдары бойынша 93%-ды құрайды", – дейді ол.

Дән себу науқаны кезінде диқандар жолығатын тоспалардың бірі – жанар-жағармайдың қымбаттығы әрі жетіспеушілігі болып табылады.

Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, аграршыларды қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін мұнай өңдеу зауыттарынан ЖЖМ әр литрі үшін 160 теңгеден босатылуда. Бірақ бұл ақырғы баға емес: әр өңірдегі фермерлерге ЖЖМ-ды әкімдіктер анықтаған оператор компаниялар жеткізеді, олар МӨЗ бағасына өз үстемеақыларын қосады. Сонда ақырғы тұтынушыға дизелдің әр литрі орташа алғанда 176 теңгемен жеткізіледі екен. Әрине, бұдан да қымбат алатын өңірлер бар.  

АШМ дерегінше, 2019 жылы егіс жұмыстарын жүргізуге энергетика министрлігімен арадағы келісім бойынша наурыз-маусым айлары аралығында 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. 2018 жылы – 375 мың тонна болған.

Айтқандай, өткен жылы Павлодар облысында дизель отынын электрондық түрде бөлу және өткізу пилоттық режимде енгізілді. Биыл осы жоба Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстарына таралмақ. Нәтижесінде, егер АШМ уәдесінен таймаса, күзгі егіс жұмыстарына арналған ЖЖМ-ды бөлу толығымен автоматты режимде жүзеге асыруға көшуге тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, еліміздің негізгі астықты өңірлері – солтүстік пен орталық облыстар дәнді дақылдар бойынша көктемгі егіс жұмыстарын 15-30 мамыр аралығында өткізеді. Батыс және оңтүстік өңірлерде осы науқан сәуірде және мамыр айының бірінші онкүндігі аралығында жүрмек.

Шығыс Қазақстанның өз кестесі бар: онда егіншілер таулы аумақтарда 30 сәуір мен 25 мамыр, ал далалық аймақтарында – 15-25 мамыр аралығын дән себуге қолайлы санайды.

Майлы дақылдар бидайдан сәл кеш егіледі: солтүстік өңірлерде – 20-25 мамырда, орталық, батыс және шығыс өңірлерде – 5 және 15 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Ал Павлодар облысында – 1-15 мамыр аралығын қамтымақ.

Қазіргі кезде оңтүстік өңірлерде, дәлірек айтқанда, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында көктемгі егіс жұмыстары басталып та кетті. Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 379,3 мың гектарға егістік егіліп те тасталды. Жоспар бойынша ол 1 миллион 713,2 мың гектарға дейін жетпек, демек, 22,1% орындалды.

Қалай болғанда, дән үшін күрес жаңа ғана бастау алды. Аграршыларды алда шегірткелермен күрес те күтіп тұр. Биыл шегірткелер 950,4 мың гектарды жайпауы мүмкін деп болжануда. Жалпы, барлық аса қауіпті зиянкестермен залалданған алаң 2019 жылы 3,9 млн гектарды құрауы ықтимал. Олар арасында америкалық ақ көбелек, Комсток сымыры, калифорниялық қалқаншалы сымыр, шығыс жеміс жемірі және басқалары бар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу