Ауылшаруашылығы министрлігі орманға ие болғысы келеді

4043

Алайда кәсіпкерлер АШМ-ның орманды ұзақмерзімді жалға беруді жоюға қатысты идеясына қарсы шығып жатыр.

Ауылшаруашылығы министрлігі орманға ие болғысы келеді

Кәсіпкерлер ауылшаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұсынып отырған кезекті бастамасы Шығыс Қазақстан облысының ағаш өңдеу кәсіпорындары өнімінің өзіндік құны мен олардың бәсекеге қабілеттілігін екі есе арттырады, сондай-ақ жемқорлықтың өсуіне әкеледі деп отыр. Бұл туралы кәсіпкерлер abctv.kz тілшісіне баяндады.

Олар осы аптада Өскемендегі комитет өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында ұзақмерзімді жалға беруді жою және ағаш кесудің барлық түрін орманшаруашылығына беру мәселесі сөз болған, ал облыстық әкімдіктегі орманшаруашылығы осы комитеттің қарамағында. Бизнесмендер шенеуніктердің орманды келер ұрпақ үшін сақтау керек деген ойларының астарында белгілі бір мүдденің ойы бар екенін алға тартып отыр.

Ұзақмерзімді жалға берушілердің жағдайы
2013 жылы жаңа орман кодексі қабылданғаннан кейін елімізде сүрек дайындау үшін орманды ұзақмерзімді пайдалану шарты енгізілді. Қазір бұл норма еліміздің Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында іске асып жатыр. Бастапқыда ШҚО-да 22 орман пайдаланушы болған. Оларға учаскелер 49 жылға жалға берілген. Қазір бұл кәсіпорындардың саны 12-і ғана және жұмыс істейтіндердің жалпы саны мыңға жуық. Ал қалған келісімшарт ерікті түрде немесе заңға қайшы келгендіктен сот шешімімен  бұзылған. Ауылшаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасының басшысы Мақсат Елемісовтің мәліметінше, ШҚО орман пайдаланушыларына мемлекеттік орман қорынан жалпы ауданы 791 га болатын учаске берілген, ал ағаш кесудің барлық түрі бойынша жыл сайынғы көлем 496 мың текше метр.

"Шығыс Қазақстан облысында ұзақмерзімді пайдаланушылар рұқсат етілген көлемнің тек 15%-ын ғана иегере алады", – деді ол. – "Мелисса" және "Фаворит" ЖШС-дан басқа біздің орман пайдаланушылар соңғы бес жылда 342 мың текше метр сүрек дайындап шығарғанмен, өңдеуге қаражат салмайды, сондай-ақ өндіру қуатын да арттырмайды. Осы уақыт ішінде түскен кірістің ең төменгі мөлшері шамамен 1 млрд теңге болған".

Мақсат Елемесовтің сөзінше, орман пайдаланушылар орман өсімдіктеріне қатысты жұмыс көлемін, өртке қарсы жоспарды орындамайды, сонымен қатар сүрек дайындауға рұқсат етілген көлемді артығымен орындап, оны бухгалтерлік құжатта көрсетпейді, орман заңнамасы мен келісімшарт міндеттемелерін сақтамайды. 

Осылайша Мақсат Елемесов өзінің бастығы Ерлан Нысанбаевтың жақында үкімет отырысында айтқан сөзін қайталады. Бұл орман пайдаланушыларына қатысты соңғы жылда қойылған екінші күрделі тыйым салу шарасы.

"Талдау жұмысы орманды ұзақмерзімді пайдалану тек Шығыс Қазақстан облысында ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша нәтиженің төмен екенін көрсетіп отыр, – деді Мақсат Елемісов. – Сүрек дайындау бойынша орманды ұзақмерзімді пайдалануға тыйым салып, орманшаруашылығының істейтін барлық жұмысын мемлекеттік орманшаршуашылығына беруді дұрыс деп есептеймін. Бизнес субъектілері мен кәсіпкерлер орман материалдары мен орманды тікелей орманшаруашылығынан алатын болады". 

Орман кімнің қолында қалады
Ауылшаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Үстеміров ведомство "орманды ұзақмерзімді пайдалануды қайта қарауға ұсыныс" жасап отырғанын, сондай-ақ сүректі аукцион арқылы сатуға көшіру, ал ағаш кесу құқын орманшаруашылығына беруді қарау туралы ұсыныс бар екенін айтты.

"Өндірісі бар, орманды адал пайдаланушылардың жұмысын тоқтатпау туралы да мәселе бар. Шығыс Қазақстан облысындағы мұндай кәсіпорындар – бұл фанер шығаратын "Фаворит" ЖШС-сі, OSB-тақтайшасын шығаратын "Мелисса", – деп қосты ол.

Қайрат Үстеміровтің сөзінше, орманды ұзақмерзімді пайдаланып жатқандар мен келісімшарт міндетін орындаушыларды тап қазір ешкім қуып шықпайды. Алайда олармен жасалған келісімшартты заңбұзушылыққа қатысты тексеру арқылы бұзуға болатынын еске салып өтті.

"Барлық ағаш түрлерін дайындауды орманды иеленушілердің ведомствосымен жалға беру немесе мамандандырылған бригада, аукциондар арқылы ұйымдастыру керек. Ағаш кесуге берілген жерлерді ашық нарықтық саудаға шығару қажет. Ең бастысы, ағаш кесушілер материалдардың иесі болу үшін барлығы орман мекемесінің меншігінде болған дұрыс", – деді қазақстандық орман орналастыру кәсіпорын өкілі Владимир Мандзюк.

"Фаворит" ЖШС-ның қожайыны Сергей Огнев шенеуніктердің айтқанына қарсы шығып, олар көптеген цифрды біржақты беретінін айтты.

"ШҚО-дағы орман шаруашылығы бір тәртіпке келтірілді. Шамалы заңсыз ағаш кесу орын алған болған шығар, бірақ та кесілген ағаш көлемі, оның ішінде рұқсат етілгендер көп, – деді ол. – Қазіргі уақытта үкімет экономиканы дамытуға арналған бағдарламаға 6%-бен кредит береді, бұл бағдарламаға орман дайындау және орманды өңдеу қосылған. Біз осыны пайдаландық, – дейді Сергей Огнев. "Фаворит" кәсіпорны 2004 жылдан бастап 2017 жыл аралығында негізгі құралдардың құнын 20 есе арттырған. Ал осы уақыт ішінде салық 6 млн 300 мыңнан 30 млн-ға дейін өсті. Егер орманды ұзақмерзімге пайдалануға беру шартын жоятын болса, онда менің кәсіпорным сүрек дайындаудың қазіргі көлемін бір өзі атқара алмайды. Ал барлығын орманшаруашылықтарына беретін болса, онда олар еңбек ресурсын, техникаларды қайдан алады?", – дейді ол.

Қайта жаңғыртылған зауыт
"Мелисса" ЖШС-ның директоры Александр Воробьев болса аbctv.kz-ке комитеттің бұл бастамасы OSB-тақтайшасын өндіруге арналған шикізаттың өзіндік құнын бір текше метр үшін бес мың теңгеден10 мың теңгеге дейін арттырады да, түпкілікті өнім бағасын өсіреді дегенді айтты.

"Қазір бізде орманды пайдалануды ұзақмерзімге жалға алған екі орманшаруашылығы бар. Біз шығаратын тақтайшаларымыздың өзіндік құны ресейлік өнімге қарағанда арзан болуымен ғана ұстап отырмыз. Тақтайшаны Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға жеткіземіз, – деді Александр Воробьев. "ШҚО жыл сайын 800 мың текше метрге дейін өнім дайындай алады. Біз кем дегенде 100 мың текше метр дайындаймыз. ШҚО әкімдігі мен "Ертіс" ӘКК біздің зауытты қайта қалыпқа келтіру мен қайта құрылымдауға 300 млн теңге салды. 2018 жылдың соңында жұмысты бастаймыз. Өнімділікті екі есе арттырамыз, сол кезде шикізат жетпейтін болады. Содан қайта тұрамыз. ШҚО әкімдігі тағы екі орманшаруашылығын беруге уәде етіп отыр. Егер беретін болса, онда өзімізді 80%-ға шикізатпен қамтамасыз ете аламыз. Қазір шикізаттың 20%-ын "Кеңес" ЖШС-дан, басқа да орман пайдаланушылардан сатып алудамыз. Егер барлығын өзіміз дайындайтын болсақ, онда сүректің бағасы қымбаттайды". 

Александр Воробьевтың орманды ұзақмерзімге жалға алғандардың ішінен тек өзінің ғана сүрек өңдейтін кәсіпорын ашқанын айтты. "Мелисса" ЖШС– Шығыс Қазақстан облысындағы алғашқы жеке кәсіпорын.

ШҚО-ның орман, ағаш өңдеу және жиһаз өндірісі кәсіпорындары өңірлік қауымдастығының басшысы Виталий Чернецкийдің ақпары бойынша, орманды ұзақмерзімге алушы-орманды пайдаланушылардың көбісі келісімшарт міндетін толық орындауда, соның ішінде өртке қарсы шараларды да орындап жатыр, олардың қолданатын техникасы бекітілген талаптарға сай келеді. Сонымен қатар комитет өкілдерінің ағаш кесу көлемінің артуы және оның бухгалтерлік құжатта көрсетілмеуіне қатысты күдіктері дәлелденбеген.

"Барлық орманды ұзақмерзімге жалға алушылар жыл сайын техникаларын жаңартады. Олардан басқа ешкім орман жолын салып жатқан жоқ, – деді ол.

"Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық кәсіпорын арнайы техника мен жабдықты сатып алған. Орманды пайдаланушылардың мәліметі бойынша, олар өз қаражаттары мен банк кредиттерінің есебінен 2 млрд теңгеден артық сомаға машина, жабдық, станок сатып алған. ЕДБ-ға төлейтін кредиттері 1,5 млрд теңгеге жуық".

ШҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Оксана Желякова өз ұйымының біржақты ұстанымы – орманды ұзақмерзімге жалға алушылар институты болуы керек дегенді айтты. Орман өнеркәсібінің ардагері Владимир Резанов та осындай пікірді білдірді. Оның айтуынша,  заңбұзушылық дәл осы орманшаруашылығы қызметкерлерінің арасында көп кездеседі.   

"Егер барлығы орманшаруашылығының қолында болатын болса, жемқорлық орын алады. Орманшаруашылығы ағаш кесумен айналыспауы керек. Оның міндеті– орманды қорғау", – деп қосты ол.

Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің кәсіподақ төрағасы Галина Казанцева да комитеттің бастамасын дұрыс емес деп есептейтінін айтып, бұл бастаманың заң жүзінде қабылданбауына барлық күштерін салатынын ескертті.

"Егер ұзақмерзімді жалға беруді алып тастайтын болса, онда орманшаруашылығы сүректің иесі болып шыға келеді. Онда орманшаруашылығына барып әр текше метр үшін бір жарым мың теңгеден төлеп, өзің ағаш кесетін боласың, Ал бұл бес мың текше метр жер. Осылайша сүректің өзіндік құны өседі", – деді ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Ольга Ушакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу