Ауыр атлетика Олимпиада ойындарының бағдарламасынан шығарылуы мүмкін

1547

Халықаралық олимпиада комитетінің пікірінше, егер Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) қызметіне қатысты жалғасып жатқан тергеуде жемқорлық фактілері дәлелденсе, ауыр атлетика Олимпиада ойындарының бағдарламасынан шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды Olympic.kz.

Ауыр атлетика Олимпиада ойындарының бағдарламасынан шығарылуы мүмкін

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының соңғы екі сайлау конгресінде сайлаушыларға пара беру өршігені анықталған. Сонымен қатар 10 млн доллар қаражат заңсыз алынып, оң нәтиже берген 40 допинг сынамасы жасырылған. Бұл мәліметті ауыр атлетика бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәуелсіз тұжырымдарын тергеуді басқарған канадалық заңгер Ричард Макларен жариялаған. Тергеу барысында Макларен Тамаш Аянды "IWF-тің" авторитарлық көшбасшысы" деп атады. Себебі, ол халықаралық ауыр атлетика федерациясында 44 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бас хатшы болса, қазірде халықаралық федерация президенті қызметінде. Алайда, Тамаш Аян заң бұзушылықты жоққа шығарып отыр.

"Біз допингке қарсы және басқаруға қатысты баяндамада  көрсетілген ақпаратқа қатты алаңдап, тіпті шошып отырмыз деуге болады. IWF бақылау комиссиясының қорытындылары бойынша қатаң шаралар қолданамыз. Сонымен қатар тек мұнымен ғана шектелмей, ауыр атлетиканы Олимпиада бағдарламасынан шығару мәселесін көтереміз", - деді ХОК президенті Томас Бах.

81 жасар Тамаш Аян ХОК-тың бұрынғы мүшесі, IWF-та 70-жылдардан бері жұмыс істеп келе жатыр. Әуелі бас хатшы қызметінде, 2000 жылдан биыл сәуір айына дейін қызметінен кеткенше президент болды. 121 беттен тұратын баяндамада IWF-тегі сыбайлас жемқорлық жайлы егжей-тегжейлі сипатталған. Құжаттағы мәлімет бойынша қолма-қол ақша Тамаш Аянның негізгі "табыс көзі" болған. Допинг айыппұлдары мен ірі жарыс алдында немесе IWF конгресінде IWF есепшотынан қомақты қаржы шешіп алынып, Аянға төленіп отырған.

"Біз қазір  IWF-тің жаңа басшылығына федерацияны реформалауды, сондай-ақ допингке қарсы жүйені федерациядан тәуелсіз ету әрекетін толығымен қолдайтынымызды айтамыз. Оған деген негізгі қадамдар жасалды", - дейді ХОК президенті.

Бах осы тергеу ісіне қатысты IWF-тің ешқандай мүшесіне ХОК тарапынан келесі жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына аккредитация берілмейтінін айтты.  "Мұндай шенеуніктер ХОК-тың Токиодағы дайындық кездесулерінде бір үстел басында отырмайды", - деді Бах.

Ермұхамед Мәулен


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу