Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

2502

Бүгін Талдықорған қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Әйелдер арасындағы сайыстар бір күн бұрын аяқталғандықтан, бүгінгі бағдарламада тек ерлер арасындағы жарыста соңғы болып ауыр салмақ өкілдері сынға түсті. Барлығы төрт салмақ дәрежесі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды.

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

Сонымен зілтеміршілер 96, 102, 109 және 109 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар арасында қазіргі Қазақстан құрамасының көшбасшылары да болды.

96 келіге дейінгі салмақта Нұрғиса Әділетұлы, 102 келіге дейінгі салмақта Артем Антропов, 109 келіге дейінгі салмақта Рахат Бекболат топ жарды. Ал ең ауыр салмақта – 109 келіден жоғары әлемдік турнирлерде бір емес бірнеше рет ел намысын қорғаған тәжірибелі Ибрагим Берсанов алтыннан алқа тақты.

Айта кетейік, ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты 6 қарашада басталған болатын. Сайыс қорытындысы бойынша бапркерлер Ұлттық құрамада іріктеу жүргізеді.

Сонымен қатар әйелдер арасындағы жарыстар да мәресіне жетті. Соңғы күні ұлттық құрама үшін маңызды оқиға орын алып, бес дүркін әлем чемпионы Надежда Ноғай сынға түсті. Талантты спортшы қыз біраз уақыт үлкен спорттан тыс қалды. Оған допинг дауы себеп болды. Бұл оқиға 2016 жылы орын алған еді. Ноғай тапсырған сынама оң нәтиже көрсетті. Ал бұған сынамалардың орындарының ауысып кеткені себеп болғаны белгілі болды. Бірақ Надежда кінәсіздігін дәлелдей алмады және үлкен спорттан шеттетілді.  Биыл дисквалификация мерзімі аяқталып, Надежда мансабын жалғастыруды шешті. Дегенмен бұл таңғаларлық оқиға емес. Себебі ол спорттық мансабында бес рет әлем чемпионатында үздік атанды. 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында 2011 және 2015 жылы әлем чемпионатында жеңіске жетті. Сондай-ақ Ноғай жастар арасындағы турнирде де үш рет (2011, 2012, 2013) жеңімпаз атанды. Допингке қарсы ереже бұзғаны болмаса, қазір зілтемірші Қазақстан құрамасының сапында алдыңғы қатарда болар еді. Үзіліс өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан қайта бабына келу үшін спортшы қызға біраз уақыт қажет. Енді алғашқы қадам жасалды. Надежда Ноғай Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері қатарынан табылды. Ол жақсы нәтиже көрсетіп, 87 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Осылайша ұлттық құрамадағы негізгі орындар үшін тартыс басталып та кетті. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу