Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

1557

Жарыстың соңғы күні Нұрғиса Әділетұлы 92 келіге дейінгі салмақта Қазақстан рекордын жаңартты.

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

Бүгін ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Жарыс онлайн режимінде өтіп, 300-ден астам ауыр атлеттер сынға түсті. Командалық жарыста Алматы қаласы мен Қызылорда облысы жеңіске жетті. 251 ұпай жинаған алматылық команда ерлер арасында үздік шықты. Екінші орында Алматы облысы - 238 ұпай. Қызылорда облысы  үздік үштік қатарын толықтырды - 231 ұпай.

Әйелдер арасында Қызылорда облысының спортшылары жеңіске жетті - 303 ұпай. Екінші орынды Алматы облысы иеленді - 292 ұпай. Шығыс Қазақстан облысы үшінші орынды қанағат тұтты - 240 ұпай.

Соңғы жарыс күні дәстүр бойынша ауыр салмақ дәрежесінде медальдар сарапқа салынды. Зілтеміршілер арасынан Нұрғиса Әділетұлы ерекше көзге түсті. Ол Қазақстаның екі рекордын жаңартты. Спортшының былтыр жасөспірімдер арасында өнер көрсеткенін ескерсек, бұл өте жақсы нәтиже. Бүгінгі таңда ол тек еліміздің рекордын жаңартып қана қоймай, бұдан кейін де болашағынан зор үміт күттіретін спортшы екенін көрсетті. 2020-жылы Нұрғиса жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жетті. Сондай-ақ былтырғы жылдың қараша айында өткен соңғы Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Бұл жолы Нұрғиса 96 келіге дейінгі салмақтағы екі жоғары нәтижесімен көзге түсті.

Ал бұған дейінгі үш рекорд та (жұлқа көтеру, сілке көтеру, қоссайыс бойынша) Рүстем Сыбайға тиесілі болатын. Ол сілке көтеруде 2018-жылы Ашхабатда өткен Әлем чемпионатында 211 келіні бағындырған. Ал қалған ауыр салмақтарды сол жылы Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында көтерді.  

Чемпионат аяқталған соң ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Бақыт Ахметов жарысқа қатысты өз пікірмен бөлісті.

"Қазақстан чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Онлайн форматта өткеніне  қарамастан қатысушылар көп болды. Жігіттер өз мақсаттарын орындады. Атап айтар болсақ, спортшылар жақсы нәтижелер көрсетті, рекордтар жаңартылды. Ең бастысы, зілтеміршілеріміз тәжірибе жинады. Алда бізді маңызды жарыстардың бірі Азияның лицензиялық чемпионаты күтіп тұр. Онда біздің спортшылар рейтингтік ұпайлар жинауы керек", - деді Бақыт Ахметов.

Соңғы жарыс күнінің нәтижесі

Ерлер, 96 келі: Нұрғиса Әділетұлы – 379 (172+207), Дамир Бейсенғалиев – 310 (140+170)  Рауан Бұхара – 298 (132+166)   

Ерлер, 102 келі: Артем Антропов – 385 (164+221), Нұржан Кеңесбек  – 318 (141+177), Матвей Макрушин– 300 (133+167)

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу