"Ауызсумен қамтылды" десе де, ауылдарда мәселе түбегейлі шешілген жоқ"

885

Былтырғы есеп бойынша, республикада ауыл халқының 90,1%-ы, қала халқының 97,5%-ы таза ауызсумен қамтылған.  

"Ауызсумен қамтылды" десе де, ауылдарда мәселе түбегейлі шешілген жоқ"

Бұл – 17,7 млн-нан астам адам. Ал республикада, 1 қаңтардағы дерекке сай, 18,8 млн адам тіркелген.

Алайда былайғы өмірде ресми есептердегідей "бәрі тамаша" емес. Оны ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов та растайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Халық 50 жыл бойы күтіп отыр"

Бейбіт Шахановтың қатысуымен өткен орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде журналистер қауымы мәселелі ауылдар жайында мәселе көтерді.

"Түркістан облысы Алпамыс ауылдық округінің тұрғындары мал суаратын арықтан су алып ішеді. Мұндай мысалдар өңірлерде өте көп", – деді олар. 

"Қазақ Таймс" порталының журналисі Асан Анарбайұлының айтуы бойынша, Маңғыстау облысы халқының 20%-ына ауызсу жеткіліксіз. 

"Маңғыстауға күніне 19 мың текше метр су жетіспейді. Мұнда тұщы су тарифі де ең қымбат. Бір текше метрі 200 теңгеден. Не себепті теңіз жағасында отырған елде баға жоғары және онда ауызсу мәселесі қашан шешіледі?" – деп сұрады тілші.

"Четвертая власть.КЗ" журналисі Мадина Жатқанбаева Жамбыл облысындағы жағдайға тоқталды.

"Журналистік зерттеу жүргізуі үшін ауыл-ауылды аралап, мәселелермен танысамыз. Сондықтан ауыл, аудан әкімдері сіздерге ақпаратты дұрыс бермей отыр деп есептейміз. Мысалы, Шу ауданы Ақтөбе ауылындағы су құбырына 50 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Кеңес одағы "құлады", бітті, одан кейін ешкім барып көрмеген және ешкім ештеңе естімей отыр. Қаражат бөлінбеген. Халық 50 жыл бойы күтіп отыр", – деді тілші.

"Шағым қалдыруға болатын сайт ашылды"

"Әкімдер құрылғылар орнатылып қойғаны, елдің ауыз сумен қамтылғаны туралы ақпарат таратады. Әлбетте, олардың ішінде бұрысы да өтіп кетеді. Елімізде техника істен шығып қалатын немесе бір-екі сағат қана су берілетін ауылдар бар екені рас. 60-70 жылдары салынған құбырлардың тозғаны да белгілі. Сондықтан осындай дүниелерді шешу үшін интерактивті карта  әзірлеп шығардық. Оның ішіне елдегі 6,3 мыңнан астам елді мекен толық енгізілген. Алдағы уақытта тұрғындармен кері байланыс қосымшасы іске қосылады. Шағымдарды сол жерден көре аламыз. Ауызсу үздіксіз берілді ме, қызмет сапасы қандай екені туралы ақпарат та қосылатын болады", – деді Бейбіт Шаханов.

Оның айтуы бойынша, Шу ауданындағы мәселе Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп шешіледі. 

"Мемлекет басшысы өз жолдауында 2025 жылы халықты сапалы сумен 100% жабдықтауды тапсырды. Сондықтан тапсырма аясында атқарып жатқан іс-шараларға сәйкес, әкімдерде, сіз айтқандай, ештеңе жасамауға мүмкіндік қалмайды. Біз әр ауылға жеке-жеке жоспар құрып қойдық. Барлық ауылда 2023 жылға дейін жобалау жұмысы аяқталуы керек. Солайша 2025-те толық таза су беріліп тұруға тиіс", – деді Шаханов.

Ал Маңғыстау облысына қатысты былай жауап берді:
"Маңғыстау – ауызсуға тапшы өңір. Суды "Астрахань-Маңғышлақ" топтық су құбырынан алады. Сосын Каспий суын тұщыландырып ішеді және аздаған жерасты суын пайдаланады. Теңіз суы мол болғанымен, оны тұщыландыру өте қымбат. Тариф сондықтан жоғары. Бірақ жергілікті ауылдарға арналған мемлекеттік субсидия бар. Олар тарифті 30-40 теңгеге дейін түсіріп береді. Әкімдік ондай мүмкіндік жасай алады. Ал ары қарайғы жоспарларға тоқталсақ, Каспий суын пайдалану үшін де кешенді жоспар даярланды. Келесі жылы су тұщыландыратын зауыт іске қосылады деп отырмыз. Басқа елдімекендерде де қосымша зауыттар салынады".

Шаханов "2025 жылға дейін халық 100% таза су ішеді" деген жауабын тағы қайталады.

Үлкен ауылдарға – орталық су жүйесі, ұсақ ауылдарға – блок-модуль

Ресми ақпаратқа сүйенсек, ауылдарды сумен қамту бойынша Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары артта қалып отыр. Ел бойынша барлыға 6 316 (халық саны 50 адамнан кем – 348, 10 адамнан кем – 45) ауыл бар. Оның ішінде 3 991 ауыл орталық сумен қамтылған, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған.

"Үлкен ауылдарда орталық жүйемен қамту жалғасады. Ал халық саны 200-ден кем барлық 1 129 ұсақ ауылда кешенді блок-модульдер орнатылатын болады. Бұл – қаражатты тиімді пайдалану мақсатында келісілген шешім", – деді Шаханов.

"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 498 млрд теңге (оның ішінде ауылдық елді мекендерге 261 млрд теңге) бөлу көзделген.

Ал биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға 151,4 млрд. теңге (қалаларда – 77,3 млрд теңге, ауылдарда – 74,1 млрд теңге) көзделген.

"2021 жылдың қорытындысы бойынша, қала халқының – 98%, ауыл халқының – 91,8%-ы сумен қамтылады", – дейді Шаханов. 

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться