Авиабилеттердің тоқтаусыз қымбаттауының себептері анықталды

24736

Қазақстанда ұшақ билеттерінің құны бір айда 63,5%-ға дейін қымбаттаған. Оған қарсы билік неге пәрмен таныта алмады? 

Авиабилеттердің тоқтаусыз қымбаттауының себептері анықталды Фото: trip-for-the-soul.ru

Елімізде әуе қатынасының құны "ұшынып" тұр. Мысалы, QazaqAir әуетасымалдаушысы Астанадан Атырауға сапарлау үшін әр адамнан 72 740 теңге сұрайды. Атыраудан кері оралу 72 991 теңге тұрады. Егер отбасымен барса, жүздеген мың теңгеге шығындалмақ.

Астанадан Алматыға ұшу үшін 47–51 мың теңге талап етіледі. 

Салыстырсақ, Түркияның басты екі қаласының: ел астанасы Анкара мен Ыстамбұлдың арасындағы әуе қатынасы 1 адамға орта есеппен 46 доллар (шамамен 20 мың теңге) тұрады. Оның үстіне бұл дәл бүгінге арналған баға. Егер біраз бұрын сатып алсаңыз, авиакомпаниялар жеңілдіктер береді. Лоукостерлер одан да арзан баға ұсынады.

Жалпы, Түркия тұрғындары пойызға қарағанда, ел ішінде ұшақпен сапарлауды қолай көреді: арзан әрі ыңғайлы. Мұны осы елге саяхаттап барған қазақстандықтар жақсы біледі: әуежайларда паспорттық бақылаудан өткенде Түркия азаматтарына арналған бекеттегі кезек шетелдік туристерге арналған бекеттегідей ұзын болып келеді.

Көрші Ресейде авиабилеттерді іздеу және брондау сервистері Мәскеуден Петерборға 2 489 рублге (шамамен 12,4 мың теңге) ұшуды ұсынады. Өзбекстан мен Қырғызстанда да авиабилеттер бағасы арзан. Сондықтан қазақстандық туристер Түркияға және басқа елдерге Бішкектен ұшуға бой үйрете бастады. Нәтижесінде, қырғыздың туроператорлары табысқа кенелді.

Сонда неге ең қымбат билет Қазақстанда болып тұр?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын нарықта қалыптасқан ахуалға аз-кем тоқтала кеткен жөн. Қазақстанда биылғы бір ғана мамыр айында авиабилеттер үштен бірге қымбаттап шыға келді. Кейбір өңірлерде әуе көлігінің қызметтері бұдан әлдеқайда көпке өсті.

Қазақстандық авиакомпаниялар биылғы І-тоқсан қорытындысында шамамен 204,6 миллиард теңге табыс тапқан. Осылайша, пайдасын былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда бірден 71,1% арттырды: өткен жылғы алғашқы тоқсандағы табысы 119,6 млрд теңге болатын.

Пайдасының өсуіне жолаушылар тасымалының 36% артуы ықпал еткен: 3,6 млн жолаушыны тасымалдады. Бұған қоса, билет құнын да тоқтаусыз көтеруде.

Тасымал қызметі биылғы мамырда республика бойынша орта есеппен 28,9% қымбаттады. Өңірлердің арасында "баға көтерілісінен" көп зардап шеккен өңірлер қатарында Маңғыстау облысы (бұл өңірде авиабилет бағалары 63,5% жоғарылады), Атырау облысы (56,5%) және Қызылорда облысы (42,7%) бар. Өзге өңірлерді де "баға бүлігінің" өрті шарпып жатыр. Авиабилеттер бағасы Жетісу облысында – 37%-ға, Қостанай облысында – 28,6%-ға, Алматыда – 27%-ға, Шымкентте – 25,3%-ға,  Астанада – 24,4%-ға ұлғайды. Басқасында бұдан төмендеу, бірақ бәрібір өсім тіркелді.  

Қазақстанның Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың түсіндіруінше, әуе тасымалы қызметтерінің қымбаттауына әсер ететін басты факторлардың бірі – авиакеросин нарығының монополияландырылуы. Мұнда екі ғана алпауыт бар. Авиаотын бойынша көтерме сауда нарығында "Petrosun" ЖШС-нің үлесі 56,8%, ал "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының үлесі – 24%.

Сондықтан антимонополиялық орган Үкіметпен бірлесіп, осы салада бәсекелестікті дамыту бойынша бірлескен жұмысты бастады. Атап айтқанда, бәсекелестікті дамыту жөніндегі жол карталары қабылданды. Соның ішінде азаматтық авиация саласына арналған Жол картасы келесі мәселелерді шешуге бағытталған:

  • азаматтық авиация саласында бәсекелестікті дамытудың негізгі кедергілерін жою үшін нарыққа шамадан тыс мемлекеттік қатысуды жою шаралары пысықталады;
  • "QazaqAir" АҚ, "AirAstana" АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті сатылады;
  • жекешелендіруге дейін оның құрамынан FlyArystan авиакомпаниясы жеке нарық субъектісі ретінде бөліп шығарылады;
  • шетелдік әуе тасымалдаушыларының нарыққа еркін кіруіне, елімізге рейстерді өз бетінше жолға қоюына жол ашатын "Ашық аспан" режимінің қолданылу мерзімі 2028 жылға дейін ұзартылады;
  • инфрақұрылымға қолжетімділік шектелген: оны шешу үшін авиаотынды бөлшек саудада өткізушілердің әуежайлардың отын-май құю кешендеріне кемсітусіз қол жеткізуі бекітіледі;
  • республика әуежайларында балама отын-май құю кешендерін салу мәселелері қарастырылады.

Қазақстанда ішкі авиатасымалдау 40-тан астам маршрут бойынша орындалады. Бұл ретте тұрақты коммерциялық рейстерді елімізде небары 3 авиакомпания жүзеге асырады. Нақтыласақ, "AirAstana" АҚ және Fly Arystan нарықта – 71,39%, "SCAT" АҚ – 23,94%, "Qazaq Air" АҚ – 4,67% үлеске ие.

Фото: inbusiness.kz

Осы орайда "Эйр Астана" АҚ-ының 51% акцияларының бақылаушы пакеті мемлекеттік "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына, қалған 49%-ы – британдық BAE Systems PLC компаниясына тиесілі.

"Qazaq Air" АҚ-ның акциялардың 100%-ы "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі.

Фото: inbusiness.kz 

"SCAT" АҚ-ның қос қожайыны бар. Бірінші акционері, Ресейдің тумасы, Қазақстанның ең ықпалды бизнесмендерінің ТОР-50 тізіміне кіретін олигарх Владимир Денисов 57% бақылаушы пакетін иеленген. Ол "SCAT" арқылы Тараздағы Әулиеата халықаралық әуежайын, Шымкенттегі әуежайдың жаңадан салынып жатқан терминалын және жолаушыларды чартерлік бағыттар бойынша тасымалдаумен айналысатын "Южное небо", "Sunday Airlines" авиакомпанияларын өз бақылауында ұстап отыр. Оның серіктесі В.А.Сытник "SCAT"-тың 43%-ын қанжығалады.  

"Жаңа Қазақстанның" ішкі рейстер нарығына бірде бір шетелдік лоукостер кіре алмады. Салдарынан сала қатты монополияланған. Авиакомпаниялар "клиент өзгелерге кетіп қалады" деп еш қорықпай, әрі билікті де басынып, бағаны қалағанынша көтереді. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің байламынша, нарық үш алпауыттың – "AirAstana", "Qazaq Air", "SCAT" қолында. Соның кесірінен, нарықта өзара бәсекелестік жоққа тән. Әрі салаға шетелдік инвесторлар қызығушылық танытпайды.

Антимонополиялық орган тағы бір түйткілге назар аудартып отыр.

Фото:inbusiness.kz 

"2018 жылы "AirAstana" АҚ лоукостер ретінде Fly Arystan бөлімшесін құрды. Алайда әлі күнге дейін Fly Arystan жеке заңды тұлға ретінде тіркелмеген және онда "азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты" жоқ. Fly Arystan "AirAstana" АҚ құрылымында жұмыс істейді: ол шығыс және кірістің бөлек есебін жүргізбейді және тиісінше авиакомпания мен оның бөлімшесінің қызметінде, оның ішінде баға белгілеу мәселелері бойынша ашықтық жоқ", – деп түсіндірді агенттік.

Бұрынғы билік ішкі нарықта авиабилеттердің қымбаттауына мықты негіз қалап берді. 2015 жылғы қазанда ішкі бағыттарда жолаушыларды авиатасымалдау нарығы мемлекеттік реттеуден шығарылды. Сондағы Үкіметтің дәйектемесі – Қазақстанда авиакомпаниялар өз билеттерінің бағасын сұранысқа сүйене отырып белгілейді, яғни бағаны нарық анықтайды. Алайда ол нарықта әділ бәсекенің жоқтығын халықтан жасырып қалды.

Энергетика министрлігінің дерегінше, отандық авиаотын өндірісі ең жоғары дегенде, жылына 650 мың тоннадан аспайды. Ал жолаушылар ағынының өсуін ескере отырып, отандық компаниялардың авиаотынды тұтынуы жылына 1 миллион тоннадан асты. Тиісінше, авиаотын тапшылығы және оның бағасының артуы байқалады.

Бұл да авиабилет құнының қымбаттауына соқтырды. Себебі, билік авиациялық отынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында авиакомпанияларға өз жолаушыларынан отын алымын (топливный сбор) жинауға рұқсат етті. Бірақ егер авиакеросин арзандаса, бұл алым билет құнына қосылмауы шарт.

Сол себепті, елімізде авиатасымал қызметтері арзандауы үшін Энергетика министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, авиаотынды жеткізуде паразит болып отырған делдалдық қызметтерді жоюға және авиаотынды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс. Дегенмен, ол саланы да монополистер жаулағанын ескерсек, бұдан да нәтиже шықпай тұр.

Мысалы, авиакеросин іргелес Өзбекстанда және Каспий бойынша көрші Әзербайжанда арзан. Сондықтан шетелдік авиакомпаниялар өз маршруты бойында отыны қымбат Қазақстанды айналып өтіп, осы екі елге аялдайды, әуе көлігіне авиакеросинді соларда құйып алады. Осының арқасында, әрі Ресей мен Беларустің санкция астында қалуы нәтижесінде бүгінде Өзбекстан мен Әзербайжан біздің аймағымыздағы авиахабқа айналды.

Тұйықтан шығу үшін Қазақстан Үкімет авиаотын өндірушілерді өз өнімін авиакомпанияларға делдалсыз, тікелейі жеткізуге міндеттеді. Алайда монополистер өз бағасын еш делдалсыз-ақ, өздері көтеріп жатыр.

Қорыта айтқанда, монополистердің жетегінде кеткен бұл сала "Жаңа Қазақстанның" жұртын әзір арзан билетпен жарылқайын деп тұрған жоқ. Керісінше, тек қымбатшылық белең ала бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу