Автоцондарда жемқорлық қайта дендеп барады

1373

Автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған ХҚКО-лар министрдің былтырғы тоқпағынан соң қайтадан ауа жайыла бастағаны байқалады.

Автоцондарда жемқорлық қайта дендеп барады

Тура бір жыл бұрын, 2021 жылғы қараша айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тосын эксперимент жүргізген болатын.

Ол Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында коррупция кең етек жайғанына көз жеткізді. Емтихан тапсырусыз жүргізуші куәлігін беру мезетін видеоға түсіріп алыпты. Яғни "жасырын сатып алушы" рөлін ойнаған адам орталыққа барып, ешқандай сынақ тапсырусыз куәлік алуға талаптанған және классик тілімен айтқанда, "іздегені алдынан, іздемей-ақ табылған". Темір тұлпар иелеріне арналған ХҚКО-ға сапарының қорытындысын министр Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездесуде айтып берген еді. 

Мусин осыдан тиісті қорытынды шығарып, сабақ алғанын хабарлады.

Алдымен елордалық арнаулы ХҚКО басшысы жұмысынан қуылды. Сонымен бірге бұл орталықтарға кандидаттарды биометриялық  идентификациялаудың арнайы жүйесін енгізу қолға алынды. 

Ал 2022 жылғы сәуірде Бағдат Мусин қайтадан (бірақ бұл жолы ашық) инспекцияға аттанып, қасына Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты ертіп, осы жобасының қалай жүзеге асып жатқанын тексеріп қайтты.

"Нұр-Сұлтандағы автоХҚКО-да жаңа биометриялық жүйенің жұмысын қадағаладық. Бұл жүйе жүргізуші куәлігін алуға келген әр үміткердің жеке тұлғасын нақты анықтап, теориялық сынақ барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Оның үстіне автодромдағы практикалық емтиханның процесін ашық ету және қадағалау үшін жаңа GPS-жүйе орнатылған. Автодромдағы GPS-терді өзіміз сынақтан өткізіп көрдік. Тағы бір жақсы жаңалық – жуырда қазақстандықтар мемлекеттік нөмірге онлайн тапсырыс бере алады, ал сандар комбинациясы автоматты түрде құрылатын болады", – деп есеп берді Цифрлық даму министрі.

Дегенмен мамандандырылған ХҚКО-ларға қатысты азаматтардан шағымдар қайтадан қаулай бастады. Түрлі түйткілді проблемалар туындапты. Мысалы, Еркебұлан Нұрбек отандық коммерциялық банктердің бірінің өнімдерін ілгерілетіп, сататын жеке реализатор болып жалданады. Атап айтқанда, ол автосақтандырумен айналыса бастапты. Ал бұл өнім автоХҚКО-ларда жақсы өтетіні мәлім.

Жалпы бұл сала көлеңкелі нарықпен ұштасып жатыр. Бірақ Еркебұлан "жарқын жақта" жұмыс істемек болады. Сөйтіп "мафияның" қыспағына түсіпті.

"Астана қаласының №20-40 көшесінде орналасқан спеццонынан ресми түрде жалға орын алып, жұмыс істейін деген едім. Өзім 2019 жылы осы орталықта коннекшнде жұмыс істеп, шығып кеткен едім. Содан автоХҚКО-ның Желтоқсан көшесіндегі бас кеңсесіне барып, коммерциялық бөлімнен орынды арендаға алу жайын сұрадым. Олардың сөзінен бұл мәселенің шешілуі өте қиын екенін түсіндім. Спеццонда автосақтандыру жағына бөтен адамдарды кіргізбейді екен. Ол жердегі сақтандырушылар: "жоғарғы жақта крышаларымыз бар, ай сайын соларға ақша аударып тұрамыз, сондықтан мұнда бөтен адам жұмыс істемейді" дейді. Антимонополия органы мен Антикор қайда қарап отыр? Мемлекеттің қарамағындағы ғимаратты неге базарға айналдырып алған?", – деп қапаланады Еркебұлан.

Ол мемлекеттік ғимарат айналасында төл бизнесін дамытқандар өздерін тым еркін сезінетінін, ұрып тастаудан тайынбайтынын айтады.

"Сол жердегі жергілікті автосақтандырушылар айналасындағы жұрттан еш ұялмай, былапыт, боғауыз сөйлейді және ашықтан-ашық қоқан-лоққы көрсетуден тайынбайды екен. Мені итеріп, орталық аумағынан алысырақ шығарып тастады. Көз алдыма 90-шы жылдар елестеді. Әділетті Қазақстанда бір-бірімізді бір тілім нан үшін өлтіруге дейін барамыз ба? Полиция өкілдері қайда қарап отыр? Түсінгенім, бұлардың тіректері мемлекеттік корпорация басшылығында немесе ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында отырған сияқты. Өйткені шағымдансаң, бұлар автоорталықтың жергілікті бастықтарына да пысқырмайды екен. Дөрекі сөйлеседі. Жаңа Қазақстанда ескі дерттер қалып қойған сияқты. Осы мәселені билік тексеріп, жұрттың бәріне бірдей адал, бәсекелі бизнес жүргізуіне ыңғайлы етсе деп өтінемін", – дейді Еркебұлан.

Бұл жанжалға автоХҚКО-ларға жауапты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ үн қатты. Мемкорпорация ол жерді автосақтандырушылардан тұратын топтардың жайлап алғанын жоққа шығарды.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік корпорацияның Астана қаласы бойынша №20-40 көшесі, 2 үй мекенжайында орналасқан филиалында, халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған бөлімінде көліктерді сақтандыру қызметін жүзеге асыратын жалдаушылар жоқ. Шынында, мемкорпорация өзіне тиесілі ғимараттардағы алаңдарды жалға береді. Мәселен, мемкорпорация 2020 жылдың қазан-қарашасында мамандандырылған бөлімшелердің ғимараттарында сақтандыру қызметін ұйымдастыру үшін объектілерді мүліктік жалға беру бойынша E-sauda.kz ресми порталында тендерлік рәсімдерді ұйымдастырды. 2020 жылғы 22 қазандағы №13718 хаттамасына сәйкес, жалғыз қатысушы өтінім берді, бірақ онысы конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес емес деп танылды. Осыған байланысты тендер өтпеді деп танылып, қайта жарияланды", – деп түсіндірді "Азаматтарға арналған үкімет".

Алайда екінші жолы да жеңімпаз анықталмаған. Ашылу рәсіміне қатысушылардың келмеуіне байланысты ол тендер өтпеді деп танылды.

Соған қарамастан, автоХҚКО-лар өз аумақтарына сақтандырушыларды жіберген. Қалайша? Жай ғана келісім бекіте салыпты. Жоғарыдан шешім түскен көрінеді.

"Қызмет алушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау мақсатында мемлекеттік корпорация басқармасының шешімі негізінде, филиалдарымыз сақтандыру қызметтерін көрсету үшін мемкорпорация ғимараттарында "Freedom Finance Insurance" сақтандыру компаниясы" АҚ-ның электрондық терминалдарын орналастыруына қатысты байланыссыз мүліктік жалдау шарттарын жасасқанын атап өткен жөн. Мемлекеттік корпорацияның ақпаратына сәйкес, Еркебұлан деген азаматтан мамандандырылған ХҚКО ғимараттарында сақтандыру қызметін ұйымдастыру үшін үй-жайларды мүліктік жалға алу туралы ұсынысы түспеді", – деп хабарлады өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Ол автоцондарда делдалдар болуы мүмкін екенін жасырмады.

"Мемлекеттік қызметтердің сапасын және Мемлекеттік корпорация қызметінің тиімділігін арттырудың ведомствоаралық жол картасы бар. Соны іске асыру аясында олардың қызметтерін таңу фактілерінің алдын алу шаралары қабылдануда. Соның ішіне мамандандырылған ХҚКО ғимараттарында қызмет алушыларға үшінші тұлғалардың – "көмекшілердің" автокөлікті сақтандыру бойынша делдалдық қызметтерін көрсетуіне тосқауыл қою кіреді. Алайда мемкорпорацияның қызметкерлері осы санаттағы тұлғалардың мамандандырылған ХҚКО ғимараттарында және оған іргелес аумақтарда жүруін доғара алмайды, құзыр, құқығы жоқ. Ендеше азаматтар ондай тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне куә болса, нақты фактілер болған жағдайда, ішкі істер органдарына жүгінуі қажет", – деді министрдің орынбасары Ә.Тұрысов.

Еркебұлан болса, Цифрлық даму министрлігі сырғытпа жауаппен жалтарып, өз мәселесін шешуге еш көмек бермегеніне ренжиді.

Ал екінші топтағы мүгедек Дәулет Кенжебек мамандандырылған ХҚКО-лардағы бір кесірлі құбылысты байқағанын айтады.

"АвтоХҚКО-ларда үнемі ұзын-сонар кезек тұратыны белгілі. Бұл коррупциялық сипаттағы схемаларды тудыратынға ұқсайды. Орталық қызметкерлері өз өкілеттіктерін теріс пайдалана ма деген ойға қалдым. Қаладағы автоцонға, жай ХҚКО-ларға бірнеше рет жүгіндім. Оларда мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдікке ие тұлғаларға арналған талондар бойынша қызмет көрсетіледі. Соның арқасында шетсіз-шексіз кезексіз өтуге мүмкіндік беріледі. Бірақ орталықтарда жеңілдікті қызмет көрсетуге талон алсаң, кезекте 10, кейде 15 адам тұрады. Содан мүгедекерге арналған терезеден қол-аяғы балғадай, сау адамдар қызмет алып жатады. Мен енді ғана біліп жатырмын. Орталық қызметкерлері өз адамдарын осылайша кезектен тыс өткізіп жібереді деген әңгіме бар. Билік тиісті шара қабылдауға тиіс. Әйтпесе, кемтар жандар кезекте сағаттап күтіп тұра алмайды", – деді Дәулет.

Жеңілдікті терезені мақсатынан тыс пайдалануға қатысты шағым бойынша "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының Ішкі қауіпсіздік департаменті тексеру жүргізетін болыпты. Ол коррупциялық сипаттағы схемалардың және қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану фактілерінің бар-жоқтығын тексереді. Бұған бейнебақылау түсірілімдері көмектесуге тиіс.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу