"Баламен алмаймын!": Такси жүргізушілерінің әрекеті аналардың ашуын туғызды

1468

Қазақстанда соңғы уақытта баламен таксиге отыру өзекті мәселеге айналды.

"Баламен алмаймын!": Такси жүргізушілерінің әрекеті аналардың ашуын туғызды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Әлеуметтік желіде ата-аналар кішкентай балаларымен таксиге мінгенде кездесетін қиындықтарды талқылап жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Олардың айтуынша, кейбір жүргізушілер баласы бар жолаушыларды автокреслосыз тасымалдаудан бас тартады. Ал арнайы құрылғысы бар көлікті шақыру қымбатқа түседі. Өзекті мәселені Астана тұрғыны әлеуметтік желідегі жазбасында айтты. Әйел баласымен таксиге мінбек болғанда жүргізушілер бірнеше рет тапсырыстан бас тартқан. Ол көбіне эконом санатындағы көлікті шақырған. Алайда жүргізушілер жолаушының балаларымен баратынын білген соң тапсырысты қабылдамайды.

Сондықтан әйелге бизнес санаты сияқты қымбатырақ тарифтерді таңдауға тура келеді. Бірақ оның айтуынша, мұндай қызметті үнемі пайдалану отбасылық бюджетке салмақ түсіреді.

Ол қоғамдық көлікпен және жеке көлікпен жүрудің де өзіндік қиындықтары бар екенін атап өтті. Әйелдің сөзінше, ата-аналардың бәрінде бірдей жүргізуші куәлігі жоқ немесе балаларға арналған автокреслоны үнемі өзімен бірге алып жүруге мүмкіндігі бола бермейді.

Жазбаға басқа қолданушылар да пікір білдірді. Кейбір ата-аналар балаларымен қала ішінде қатынау кезінде осындай қиындықтарға тап болатынын айтып, сапарға қолайлы көлік табу оңай емес екенін жеткізді.

Балалар көлікте қалай дұрыс отыруы керек?

Қазақстандағы жол жүрісі қағидаларында 12 жасқа толмаған балаларды тасымалдауға қатысты жеке талаптар белгіленген.

Бұл ретте толыққанды автокресло барлық жағдайда бірдей талап етілмейді: ЖЖҚ (жол жүрісі қағидалары) баланы қауіпсіздік белдігімен бекітуге мүмкіндік беретін басқа да құралдарды пайдалануға рұқсат береді.

Негізгі талаптар Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларының 157-тармағында көрсетілген.

ЖЖҚ-ның қолданыстағы редакциясына сәйкес, 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы балаларға арналған ұстау құрылғысынсыз немесе баланы автомобильдің штаттық қауіпсіздік белдіктерімен байлауға мүмкіндік беретін өзге де құралдарсыз тасымалдауға тыйым салынады.

Сонымен қатар, ЖЖҚ 12 жасқа толмаған баланың қай орындықта отырғанына байланысты әртүрлі талаптар қояды.

Артқы орындықта баланы автокресло сияқты арнайы балаларға арналған ұстау құрылғысында да, сондай-ақ баланы штаттық қауіпсіздік белдігімен дұрыс бекітуге мүмкіндік беретін басқа да құралдарды пайдалана отырып та тасымалдауға болады.

Алдыңғы орындықта талаптар қатаңырақ: мұнда 12 жасқа толмаған бала міндетті түрде арнайы балаларға арналған ұстау құрылғысында отыруы тиіс.

"Баланың бойы жеткілікті ұзын болса да, алдыңғы орындықтағы кәдімгі штаттық белдік жеткіліксіз. Шектеу бала 12 жасқа толғанға дейін қолданылады. 12 жастан кейін қауіпсіздік белдігін міндетті түрде пайдалану туралы жалпы талаптар күшіне енеді", – деп түсіндіреді заңгер Абзал Қасымжанов.

Айта кетейік, "Жол жүрісі туралы" Заң (54-бап, 4-тармақтың 1-тармақшасы) жүргізушіге, егер автомобиль қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған болса, белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауды міндеттейді.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде такси жүргізушілерінің автокреслоның жоқтығын алға тартып, балаларды тасымалдаудан бас тартатыны туралы шағымдар көбейді.

Жол жүру ережесінде таксилер үшін жеңілдіктер қарастырылмаған

Сапардың қысқалығы, меншікті автокөліктің жоқтығы немесе ата-ананың баланы орындықсыз тасымалдауға келісімі баланы тасымалдау талаптарын жоймайды.

Сондықтан бұл мәселені көлік келгенге дейін шешкен дұрыс: тиісті балалар орындығы бар көлікке тапсырыс беру керек немесе өз құрылғыңызды пайдалану қажет.

Егер бала саны бірнешеу болса, әрқайсы үшін бөлек лайықты орын және талаптарға сай құрылғы немесе рұқсат етілген бекіту құралы қарастырылуы тиіс.

"Егер жүргізуші тапсырыс берілген орындықсыз келсе, сапардан бас тартып, агрегатордың қолдау қызметіне хабарласқан қауіпсіз болады. Егер ата-аналар орындық бермесе, ал көлік тиісті құрылғымен жабдықталмаған болса, жүргізуші сапарды бастамауға құқылы" – дейді заңгер.

Сонымен қатар, ата-аналар көлікке тапсырыс берген кезде тасымалдаушыға балалар санын және тиісті құрылғыны таңдауға қажетті параметрлерді алдын ала хабарлауы тиіс.

Өткен аптада балалар арбасымен автобустарға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат таралып, көпшіліктің алаңдаушылығын тудырды. Көлік министрі осы мәселеге қатысты мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу