Автомобильді мас күйде жүргізетіндердің арамза схемасы жойылады

7200

"Жынды суды" ішіп, көлікті жын ұрғандай айдайтындар шетелге қашып кетіп, өзге елде бір ай тұрса, барлық жазадан құтылып кетеді екен. Ел Үкіметі осы қарау қарекетке тоқтау салуға ниетті.

Автомобильді мас күйде жүргізетіндердің арамза схемасы жойылады

Атап өтетін жайт, егер ресми статистикаға сенсек, Қазақстанда мас күйінде рөлге отырғандар саны жыл өткен сайын азайып келеді. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2015 жылы республикада алкогольді ішімдіктер ішкен соң көлік басқарған 29 мыңдай жүргізуші ұсталыпты (сол жылы сот арқылы 39 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған). 2019 жылы бұл көрсеткіш 22 мыңға дейін төмендеді. 2020 жылы 21,4 мың мас жүргізуші қолға түскен.

Бұл салада өткен жылдың толық қорытындысы әлі күнге шыққан жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша 2021 жылдың 7 айында алкогольге немесе есірткіге масайып, автокөлік басқарған 10 мың қазақстандық ұсталды. Сонымен бірге осы кезеңде 12 мыңдай адам түрлі бұзушылықтары үшін машина жүргізу құқығынан айырылған. Оның 1 мыңдайы енді өмір-бақи көлік жүргізе алмайды.

Дегенмен мас күйде автомобиль басқару көрсеткіші кемігенімен, жүргізушілердің тәртібі нашарлап, жол-көлік оқиғалары өсуде. Атап айтқанда, 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында елде 13,9 мың жол апаты тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,1%-ға көп.

Жол-көлік оқиғаларында былтыр 20,4 мың адам зардап шекті, оның ішінде 2,3 адам қаза тапқан.

Айыптылардың бір бөлігі ардан безіп, оқиға орнынан тайып тұрады. Ал жазадан жалтарып кету үшін арға жат схемаға жүгінетін көрінеді. Қысқа уақытқа көрші елдердің біріне кетеді. Егер полиция айыптыны бір ай ішінде сотқа келтіре алмаса, қаскүнем заң бойынша "ескіру мерзiмінiң өтуiне байланысты" әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылады. Бұл әрине, адам өліміне соқтырмаған ЖКО-ларға ғана қатысты.

Заңның олқылығын пайдалануға тоспа құру үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізіледі. Тиісті заң жобасы әзір.

"Бұл түзетулер қабылданған соң, ескіру мерзімін есептеу кезінде жауапкершілікке тарту мерзімі аяқталмайды. Әйтпесе, ескіру мерзімін есептеу кезінде сот, құзырлы органдар Әкімшілік кодекстің 62-бабының 5-бөлігінің жалпы ережелерін басшылыққа алады. Ал оның үшінші абзацында "күштеп әкелудің жалпы мерзімі 1 айдан аспауға тиіс" делінген. Сондай-ақ жаңа түзетулерге сәйкес, елде төтенше жағдайдың жариялануы өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге және әкімшілік жаза қолдануға дәлелді себеп болып табылады", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, айыптыны мәжбүрлеп әкелу (привод) үшін 1 ай мерзім аздық етеді. Салдарынан айыптылар әділ жазадан құтылып кетуге мүмкіндік алады.

"Мас күйінде көлік басқаруға қатысты істерге жүргізілген талдау көрсеткендей, құқық бұзушылар кез-келген тәсілмен сот төрелігінен жасырынуға тырысады. Тіпті полиция қызметкерлерінің, приставтардың оларды іздеп баруы да құқық бұзушының сотқа келуін қамтамасыз етуде тиісті нәтиже бермейді. Ол адамның тіркелген және тұрғылықты жері бойынша табылмағаны туралы формальды рапорттар, актілер жазыла салынады. Сотқа мәжбүрлеп жүгіндіруге бір ай ғана кесілетінін пайдаланып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімінің аяқталуын күтеді. Олар Қазақстаннан сыртқа кетіп, белгіленген уақыт өткеннен кейін елге қайта оралған деректері бар", – деп хабарлады Әділет министрлігі.

Әрине, бірнеше мың теңге айыппұл үшін жатжұртқа бір айға қашу орынсыз болуы мүмкін. Бірақ ІІМ талдауы бойынша кейінгі жылдары Президенттің тапсырмасымен мас болған жүргізушілер үшін жазаны қатайтқалы бері аталған айла-амалдарға жүгінетіндер көбейе бастапты.

"Қалай болғанда, өз өндірісіне осындай іс келіп түскен соттар мен құзырлы органдар "1 айлық мерзімнің" құрбанына айналады. Содан кейбір судьяларға 1 ғана іс бойынша күштеп әкелу туралы бірнеше рет ұйғарым шығаруға тура келеді. Әділеттілік және кез келген құқық бұзушылыққа "нөлдік төзімділік" қағидаты тұрғысынан мұның дұрыс еместігі анық. Тек осындай фактілер бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты 32 іс тоқтатылды. Тоқтатпауға амал жоқ, себебі Әкімшілік кодекс адамдарға іздеу жариялауды, тіпті оған елден тыс жерлерге шығуға тыйым салуды да қарастырмайды", – деді Әділет министрі Қанат Мусин.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Әкімшілік практика басқармасының бастығы Асқар Тәженовтің айтуынша, мас күйде көлік басқаратындар үшін жаза күшейтілді. Біріншіден, жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі айтарлықтай арттырылды. Екіншіден, міндетті әкімшілік тұтқынға алу шарасы енгізілді.

"Егер бұрын масайып, рөлге отырған жүргізуші бірінші рет ұсталғанда, көлік жүргізу құқығынан 3 жылға айырылатын. Енді бұл мерзім 7 жылды құрайды. Бұған қоса, 15 тәулікке тұтқынға алу түрінде әкімшілік жазаның жаңа түрі енгізілді. Ол қазір барлығына міндетті түрде қолданылады", – дейді А. Тәженов.

Бұдан бөлек, мас күйде көлік жүргізіп, жол апатын жасаған, адам денсаулығына залалсыз, тек материалдық зиян келтірген жүргізушілер үшін де жаза қатайтылды. Бұрындары осы қылмыс жасағандар 4 жылға ғана жүргізу құқығынан айырылатын. Қазір бұл мерзім 7 жылға дейін көбейтілді және оған 20 тәулікке созылатын міндетті әкімшілік қамау қосылды. Егер осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталай жасаса, онда 20 күнін тағы темір торда өткізеді және көлік басқару құқығынан 8 жылға айырылады.

Яғни жаза күшейтілгелі, жүргізушілер бір айға жасырыну не шетелге зыту схемасына жүгінгенді жөн санай бастаған екен. Билік заңға тиісті өзгерістер енгізу арқылы бұл тәсілге тосқауыл қоятын болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу