Автотұрақтар төлемі кімнің қалтасына түсуде?

3494

Қазіргі кезде Алматы қаласында 5 мың 909 автотұрақ орындары бар, олардың 186-сы мүгедек жандарға арналған.

Автотұрақтар төлемі кімнің қалтасына түсуде?

Алда ақылы автотұрақтар қатары күрт өсуі ықтимал. Таяуда Алатау бөктеріндегі мегаполисті аралаған қаланың жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев "АлматыСпецТехПаркингтің" жұмысымен танысқан болатын. Оған шаһарды өркендету жобасы ұсынылды. Жобада әлемнің ірі қалаларының тәжірибелері негізінде автокөлік тұрақтарын ретке келтіру үшін ақылы тұрақтар желісін өрістету қарастырылады.  

"Тұрақтар кеңістігін басқару орталықтандырылған бірыңғай жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады. Ол жүйе тұрақтарды, сондай-ақ қозғалыстарды ұйымдастыру жүйесін қамтиды. Бұлар қоғамдық көлік пен автомобильдерді эвакуациялау қызметімен өзара әрекеттестікте жұмыс жасайды", – деп хабарлады әкімдік.

Осы орайда белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаев "RR2" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалғыз әрі түпкі иесіне айналғаны анықталды. Алматының Aparking деп аталатын ақылы автотұрақтарын басқаратын "АлматыСпецТехПаркинг сервистің" 70%-ы – дәл осы "RR2" ЖШС-ге тиесілі.

Бұл жайында "Электронды үкімет" сайтында көрсетілген компаниялардың тіркеу құжаттарынан мәлім болды.

Бұған дейін Қайрат Боранбаев өзіне қарасты "Алмалы" активтерді басқару жөніндегі компания" ЖШС арқылы "RR2" компаниясындағы төл үлесіне иелік етіп келген екен. Сонымен қатар оған "Almaty CPS" ЖШС арқылы Саламат Ахметов серіктес болды. Бұл кәсіпкер 2006 жылы негізі қаланған "Нұр Астана Құрылыс" құрылыс компаниясының бас директоры ретінде белгілі.

Айта кету керек, "АлматыСпецТехПаркинг сервистің" қалған 30%-ы Алматы әкімдігінің меншігінде. Осы орайда "RR2" компаниясының бұл табысты кәсіпорынды басыбайлы иеленіп кетуге де мүмкіндігі болған.

Нақтылай кетсек, 2018 жылғы 31 қазанда қалалық қаржы басқармасы осы үлесін "кейін 75,9 миллион теңгеге сатып алу құқығымен", осы отыз пайыздық үлесін 2 жылға сенімді басқаруға беру бойынша тендер өткізді. Жеңімпаз анықталды. Алайда артынша прокурорлар тендер нәтижесіне қарсылық білдіріп, бұл істі доғарды.

Жалпы, осыдан үш жыл бұрын алматылық автотұрақтар жүйесін басқаруға Корея, Германия инвесторлары, сондай-ақ көрші Татарстан мен Краснодар бизнесмендері қызығушылық танытқаны жарияланды. Алайда нәтижесінде, "АлматыСпецТехПаркинг сервис" бойынша байқауға тек екі қазақстандық компания ғана қатысып, ақырында 70 пайыздық үлесті "RR2" ЖШС қанжығалады. Сол кезде әкімдік "шетелдіктер тек тұрақтарға арналған технологиясын және барлық ақпарат жинақталатын биллингтік жүйені сатумен шектелгісі келгенін" айтып, дәйектеді. Ал отандық компания ресейліктермен бірлесіп, төл тұғырнамасын, Алматыға арналған биллинг жүйесін ұсынған.

Әлгінде айтылғандай, ол кезде "RR2"-дың екі құрылтайшысы болған. Қазір жалғыз қожайын тізгінін өз қолына алғаны айқындалуда.

Қайрат Боранбаев деген кім? Алматылықтар оны "Алматы" сауда орталығының, "Бекмамбетов синеманың", "Қайрат" футбол клубының иесі ретінде бұрыннан білетін.

Қазақстандық бұл бизнесмен қазір еліміздегі ғана емес, сонымен қатар Беларусь пен Ресейдегі McDonald's франчайзиі болып табылады.

Ол "Алмалы" активтерді басқару жөніндегі компаниясының", "Кемикал қазақстандық мұнай-химия компаниясының", "Алекс" ЖШС-ның ("Алекс-Сарыағаш" минералды су бренді) иесі.

Бұдан бөлек, "Рахат Палас" және Comfort Hotel Astana қонақүйлері, Fitnation фитнес-клубтар желісі, "Esentai Mall" сауда ойын-сауық орталығының 50%-ы, Esentai Tower бизнес орталығының 50%-ы да оның еншісінде.

Ресейлік миллиардер Виктор Харитонинмен және тағы екі серіктесімен бірге "Қарағанды фармацевтикалық кешені" кіретін "НеоТекФарм" ЖШС-ына иелік етеді.

Қ.Боранбаев – Қазақстанның ұлттық паралимпиадалық комитетінің Президенті, "Қайрат" футбол клубының байқаушылар кеңесінің төрағасы, "Қазақстанның гольф федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы.

Сондай-ақ ол "Қазақстанның 50 бай бизнесмені-2019" рейтингінде 13- тұғырда орналасқан. Ал "50 ең беделді бизнесмен" рейтингінде "ондыққа" кіреді. 

Forbes Kazakhstan есебінше, оның байлығы жарты миллиард доллар, яғни 445 млн доллар.

Бұрын жарияланған деректер бойынша кезінде 70 пайыздық үлес компанияға 131 млн теңгеге сатылған.

2017 жылы алматылықтар жол бойындағы тұрақтарға 357 млн теңге төлегені, ал шлагбаум үлгісіндегі тұрақтардан 302 миллион теңге түскені хабарланды. Кейінгі жылдардағы көрсеткіш беймәлім.

Ашық ақпаратқа жүгінсек, алматылық барлық автотұрақтарды "сауынды сиырдай" сауып, сағатына 100 теңгеден жинайтын "RR2" ЖШС 6-дан он адамға дейінгі штаты бар "шағын кәсіпкерлік" нысаны ретінде тіркелген.

"Учет" порталының "контрагентті тексеру" бөлімінде айтылғандай, компания 2015 жылы 53 мың 600, 2016 жылы 34 млн 529,5 мың, 2017 жылы 28 млн 151,8 мың, 2018 жылы 82 млн 714,3 мың, ал биылғы 2019 жылы 50 млн 914,3 мың теңге салық төлепті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу