Axios: АҚШ Иранға "шешуші соққы" беруге дайындалып жатыр

219

Трамп бұл сценарийлердің ешқайсысын әзір қабылдамады. 

Axios: АҚШ Иранға "шешуші соққы" беруге дайындалып жатыр Фото: REUTERS / Majid Asgaripour

Пентагон Иранға қарсы "шешуші соққының" әскери нұсқаларын әзірлеп жатыр. Бұл нұсқаларға құрлықтағы әскерді қолдану және ауқымды бомбалау да кіруі мүмкін. Бұл туралы Axios агенттігі АҚШ-тың екі лауазымды тұлғасына және тағы екі дереккөзге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Axios дереккөздері Тегеранға қарсы "шешуші соққының" төрт негізгі нұсқасын сипаттап жазды. Біріншісі – Харк аралына басып кіру немесе оны қоршауға алу. Екіншісі – Иранның Ормуз бұғазын бақылауын күшейтуге көмектесіп отырған Ларек аралына басып кіру. Axios хабарлауынша, бұл аралда Иранның бункерлері, жүк кемелерін жарып жібере алатын әскери катерлері және бұғаздағы қозғалысты бақылап отыратын радарлары орналасқан.

Үшіншісі – стратегиялық маңызы бар Абу-Муса аралын және бұғаздың батыс кіреберісіне жақын орналасқан, Иран бақылауындағы тағы екі шағын аралды басып алу. Төртінші нұсқа – Ормуз бұғазының шығыс жағында Иран мұнайын экспорттайтын кемелерді тоқтату немесе қолға түсіру. Сонымен қатар, АҚШ әскері Иран аумағына кіріп, ядролық нысандарда көмілген жоғары байытылған уранды қауіпсіздендіру мақсатындағы құрлық операцияларының жоспарын да дайындағаны айтылған.

Трамп бұл сценарийлердің ешқайсысы бойынша әзірге шешім қабылдамады. Ақ үй өкілдері де кез келген ықтимал құрлық операциясын жоспар деп қана атап отыр. Алайда дереккөздер айтуынша, егер алдағы уақытта Иранмен келіссөздер нақты нәтиже бермесе, тараптар арасындағы жағдай ушығуы мүмкін. АҚШ Иранға ұсынған бейбіт жоспар туралы айтқан Axios дереккөзі Тегеранның бұл ұсыныстарға "сақтықпен қарап отырғанын" жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу