Аягөз Аустралия брендіне ауысады

ШҚО-да Қытай стандартына сәйкестендірілген зертхана ашылады.

Аягөз Аустралия брендіне ауысады

Шығыс Қазақстанда ет өңдеу саласы қайта жанданатын болды. Осыған орай Семейде  "халал" стандартпен ет өңдейтін комбинат салынбақшы. Ал Аягөз қаласында өңделген ет экспортқа аустриялық брендпен жөнелтілуі мүмкін.

Жоғарыдағы екі жоба көптен бері ел аузында жүрді. Дегенмен Семейдегі жоба жер телімі төңірегінде туындаған қиындықтың салдарынан кейінге қалдырылса, Аягөзге лайықты инвестор табылмай жүрді. Тіпті былтыр "Agroportal" иран-қазақ кәсіпорны Семейде қолға алған жоба өңірлік индустрияландыру картасынан шығып қала жаздады. Абырой болғанда жергілікті әкімдік мәселенің түйінін тарқатып, жобаның екінші тынысы ашылды.

"15 қыркүйекте Иран тарапы комбинаттың жобасын таныстырады. Оны екі жақ келісе отырып, жергілікті жағдайға бейімдейді. Осыдан соң  комбинаттың құрылысы  басталады. Біз жер телімін ұсыну, жарық тарту сияқты мәселелерді шештік. Ал теміржол торабын тартуды ирандықтар өз мойындарына алды", – деді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев.

Бастапқыда жобаның құны 4,5 млрд теңгеге бағаланды. Кейін инвестиция көлемі 7 млрд теңгеге өсті.

Айта кетейік, Семей қаласының "Өндіріс" атты индустриялық аймағында бой көтеретін кәсіпорын жылына 10 мың бас ірі қара және 100 мың бас қой етін өңдейтін болады.

Басқарма басшысының сөзінше, өңірдегі қой саны 2 млн-ға жетеді. Сондықтан жыл сайын 100 мың бас қойды етке өткізу қиындық туғызбайды.

Ал сиыр етімен қамтамасыз етуде Жарма ауданындағы "Sembell" ЖШС салған 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының мүмкіндігі пайдаланылады.

Иран тарапы жобаға бүгінге дейін 700 мың доллар көлемінде инвестиция құйған. Бұл ет өңдеуге қажет құрылғының жарты бағасын құрайтын қаржы екен. Инвестор ет тапшылығын сезінбес үшін 2019 жылға дейін облыс аумағында 12 мал бордақылау алаңын ашу көзделген.

Инвесторлармен кездескен кезде облыс әкімі Даниал Ахметов мал бордақылау алаңын ашуды қолдайтынын тілге тиек етіп: "Құжат рәсімдеу, шикізат табу жұмыстары тиісінше ұйымдастырылады. Инвестор қолайсыздық сезінбес үшін Аягөз, Тарбағатай, Бесқарағай аудандарымен бірге өзге өңірлер де шикізат жеткізуге атсалыссын. Қажет болса, әр қожалық қай уақытта қанша бас мал өткізетінін кестеге енгізіңіздер!" – деді.

Аягөздіктердің де асығы алшысынан түскелі тұр. Себебі әйгілі Cedar Meats Australia компаниясы Аягөзде өңделген етті экспортқа өз брендімен шығаруға ниет танытып отыр.

"Cedar Meats Australia компаниясы әлемге қой етінің экспортері ретінде танылған. Ол соңғы кезде ірі қара етін де табыс көзіне айналдыра бастады.

Бізде өңделген ет аустралиялық сапа стандарттарына сай келетіндіктен, экспортта сұраныс жоғары болады деп отырмыз", – деді Асқар Жақыпбаев.

Шетелдік компания қазақстандық кәсіпкерлермен бірлесіп, "Еуразия агрохолдиг" атты кәсіпорын құрмақшы. Аустралия тарапы ет комбинатын салып, мал семірту технологиясын енгізуді қолға алмақ. Ал Қазақстан тарапы жер телімін табуға тиіс.

"Бұл жай ғана ет комбинаты емес, тұтас бір кешен болады. Ет өңдеу цехтарынан бөлек мал бордақылау алаңы, жем, шөп дайындайтын цех салынады. Алдын ала есептеу бойынша, осының барлығына 9 млрд теңге  қаржы жұмсалады", – деді басқармасы  басшысының экономика жөніндегі орынбасары Арман Тұрысбеков.

Жоғарыдағы қос жоба 2019 жылы жүзеге асырылып, 2020 жылы толық қуатымен жұмыс істейтін болады.

Тағы бір ет комбинаты  Көкпекті ауданында бой көтермекші. Оның құрылысымен жергілікті компания айналысқысы келеді. Ангус, герефорд, қазақтың ақ бас сиыры сынды асылтұқымды ірі қарамен айналысатын "Елімай-Көкпекті" ЖШС өзгелерге ет өткізуден бас тартып, дайын өнім шығаруға бел буып отыр екен. Бұл туралы Арман Тұрысбеков:

"Бұл компанияның жобасы әлі толық пысықталған жоқ. Қанша өнім шығарып, қанша бас малды бордақылайтыны әзірге белгісіз. Белгілісі, серіктестіктің жобаны жүзеге асыруға әлеуеті толық жетеді", – деді.

ШҚО-ның ет өндірушілері Қытай нарығына енуді көздеп отыр.

"Шыңжан ұйғыр автономиялық ауданындағы 25 млн халықты етпен қамтамасыз етсек, ісіміз бірден алға басады деп үміттенеміз. Көрші елге ауылшаруашылық өнімдерін кедергісіз өткізу үшін Қытай стандарттарына сай жұмыс істейтін зертхана ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс биыл қазан айында аяқталуы тиіс. 63 түрлі азық-түлік өнімін зерттейтін  қондырғыларды Қытай тарапы береді. Құны 460 мың еуроны құрайтын қондырғы кез келген өнімдерді атомдық құрам негізінде тексеріп, ДНК, РНК қасиетін анықтайды және иммундық ферменттерін талдайды. Осы тексерістен өтіп, зертхананың сертификатына ие болған өнімдер шекара асып, Қытайға жеткізіледі", – деді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев.

Айтпақшы, статистикаға сенсек, 2017 жылы ШҚО-да 270 мың тонна ет өндірілген. Бұл республикалық үлестің 15%-ы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу