"Аяқ киімі тексеріліп, жарысқа жіберілген": Ясмина Тоқсанбаева чемпионға тиесілі сыйақыны алатын болды

836

Федерация өз жауапкершілігін жоққа шығармайды.  

"Аяқ киімі тексеріліп, жарысқа жіберілген": Ясмина Тоқсанбаева чемпионға тиесілі сыйақыны алатын болды Фото: zhaiyqmedia.kz

Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы отандық спортшы Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Федерация жарыстан кейін спортшының жарыс жолында пайдаланған аяқ киіміне қатысты наразылық берілгенін атап өтті. Аталған жағдай аясында федерация спортшының құқықтары мен мүддесін қорғауды жалғастырады. Қазір қабылданған шешімге қатысты федерация атынан наразылық білдіріліп, тиісті шағым жіберілді.

"World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған. Сонымен қатар жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген", – делінген хабарламада. 

Сонымен бірге Федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. 

"Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді", – деп хабарлады жеңіл атлетика федерациясы.

Айта кету керек, бұған дейін жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның Азия ойындарындағы алтыны жойылғанын жазғанбыз.  Ұлттық олимпиадалық комитеті осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу