Аз уақыт жұмсап, көп ақша таба білмейміз

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3613

Келесі жылы елімізде ритейлерлердің жоғары мектебі ашылады.

Аз уақыт жұмсап, көп ақша таба білмейміз

Қазақстанның және алыс-жақын мемлекеттердің 300-ге жуық тауар өндірушілері мен ритейлерлері Алматыда бас қосты. Форум барысында біздің ел Ресейдің тауар өндірушілерімен 750 келісімшартқа қол қойды.  

Қазақстанның сауда индустриясы және сарапшылар одағының басшысы Елена Сарғалдақованың  пайымдауынша, нарықтың жаңа форматына өтетін кезең келді. 

"Қазақстан – транзиттік мемлекет. Бізді көршілеріміз тартымды нарық деп біледі. Бүгінгі таңда саудаға қатысты технологияның барлық трендтері біздің елде үстемдік ете бастады. Біз осыған қарсылық таныта алмай отырмыз. Себебі сауда саласына қатысты тиісті ережелер мен заңымыз талапқа сай емес. Ал уақыт алға жылжыған сайын ойын ережелері ауысып отырады. Біз қолданыстағы заңды қазіргі кезеңге бейімдей алмай жүрміз", – деді Елена Сарғалдақова.

Ресейлік "Руспродсоюздың"  өкілі  Дмитрий Востриковтың айтуынша,  қазақтың ұлттық тағамы қазы-қарта мен жал-жая ресейліктер үшін жеңсік ас екен. Осы турасында ол: "Ресейде қазір қызанақ, алма, жүзім қат. Ресейде жылыжай құрылысына енді көңіл бөліне бастады. Біз Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысындағы бау-бақша дақылдарын өсіретін дихандармен, Алматыдағы шырын өнімдерін шығаратын зауыттармен  келісімге келдік. Дихандар  бізге өз өнімдерін тікелей жеткізуге уәде берді. Мүмкін, алдағы уақытта оңтүстік өңірлерде "Руспродсоюздың" филиалы  ашылып қалар деп үміттенеміз", – дейді  Дмитрий Востриков. 

Өз кезегінде ресейлік "Trage Helf" компаниясының басқарушы директоры Андрей Калмыков қазақстандық ритейлдің  шамамен 15%-ы ғана мобильді интернетке жүгінетінін айтты.  Оның сөзінше, мұндай жағдайды ресейлік ритейлерлерде бастан кешірген.

"Қалай болғанда да дәл қазір мобильді сауда дәстүрлі сауданы нарықтан біржола ысырып, ығыстырып тастай алмайды. Себебі онлайн сауда жүргізетін сайттар бәсекенің бәсін енді қыздырып жатыр. Алдағы уақытта сауданың классикалық және электронды жүйесін қатар алып жүргендер ұтады. Бүгінгі таңда 25 жасқа дейінгі тұтынушылардың 90%-ы қолдарындағы смартфондарын  сауда жасау құралы ретінде де пайдаланады. Түбінде осы толқыннан мобильді ритейлерлер шығады",  – деді  Андрей Калмыков.

"EconomMarket" сауда жүйесінің өкілі Сергей Колесников Қазақстанда  баға өте жоғары екенін,  сұраныстың өзі технологияның даму қарқынына ілесе алмай жатқанын жеткізді.

"Батыста трендке айналған технология бізге жеткенше біраз уақыт өтіп кетеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін технологиялық тізбекке ену арқылы әлемдік үлеске кіру немесе сауда жасаудың медежментін өзгерту қажет. Дәл қазір сауда алпауыттары осы тәсілді ойлап тапқан адамға акциясының жартысын беруге дайын", – деді ол.

"Меломан" сауда  үйі даму мәселері жөніндегі департамент директоры  Игорь Василюк  тұтынушылардың  85%-ы  тауар  бағасының күрт өскенін, бұл тұтынушылардың төлем қабілетіне кері әсер етіп отырғанын баяндады.

Ресейлік "Светофор" және "INNART"  гипермаркеттер жүйесінің жетекшісі Андрей Подданец  қазақ әріпестеріне: "Сіздер келісімшарттардың да, тапсырыс берудің де автоматтандырылған жүйесі арқылы аз уақыт жұмсап, көп ақша табуға дайын емессіздер. Сіздер бәрін тендер арқылы шешуге, тіпті тендер арқылы уақыттан ұтылуға үйреніп қалғансыздар. Бұл сауданың дамуына, ақпараттандырылуына кедергі келтіреді. Осыдан 10 жыл бұрын тапсырыс берудің автоматтандырылған жүйесінен біз де қорқатынбыз.  Қазіргінің  талабы осы. Еуропалық әріпестеріміз осы әдіске ғана жүгінеді" – деді.

Оның айтуынша, бұл жүйемен жұмыс істеудің түк қиындығы жоқ.

"Бар болғаны қосу мен алуды жақсы меңгерген, IT тілін жақсы білетін   менеджер -математикті жалдау қажет"  –  деді  Андрей Подданец.

Басқосу барысында  90% жеңілдікпен тауар сату, яғни әлемге "қаралы жұма" деген атпен танылған акция талқы таразысына түсті.

"КеңМарт" гипермаркетінің бас директоры Константин Макаренконың айтуынша, бұл акцияның шынайылығына көп адам сенбейді. Себебі сауда нүктелерін жалға алу құны өте қымбат. Қосымша құн салығы тағы бар. Сондықтан Қазақстанда тауарды бастапқы бағасынан төмен бағада сату ақылға сыймайды.

"Егер отандық өнім өндірісі жолға қойылса, онда оған деген сұраныс артады деп үміттенеміз. Ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі тұтынушы мен тауар өндірушілер арасындағы байланысқа кедергі келтіреді",  – деді  "КеңМарт" гипермаркетінің бас директоры Константин Макаренко.  

Жиында қазақстандық компаниялардың ресейлік компаниялармен ашық бәсекеге түсе алмайтындығы да айтылды.

Ресейде импортқа тәуелділік деңгейі бізге қарағанда бірнеше есе төмен екен. Оларда өздерін отандық өніммен қамтамасыз ету көрсеткіш 75, бізде 12%-ды құрайтын көрінеді.

"Қазақстанның ішкі нарығында шетелдік өнім өндірушілердің үлесі көп. Жергілікті өнім өндірушілер  үшін менеджмент, логистика жағына мән беру керек. Отандық тауар өндірушілер  ритейлерлермен тығыз қарым-қатынас жасауға ұмтылуы тиіс", – деді  "КеңМарт" гипермаркетінің бас директоры Константин Макаренко.

Айтпақшы осыған дейін бөлшек сауда нарығының  мамандарын дайындау мәселесі екі елде де шешімін таппай келген. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қазақстанның сауда индустриясы және сарапшылар одағы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысқан.  Нәтижесінде келесі жылы елімізде ритейлердің жоғары мектебі ашу туралы шешім қабылданып, Қазақстан мен Ресейдің ритейлерлері шеберлік сабағын оқытады деген байлам жасалған.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу