Азаматтар мен шетелдіктердің көлеңкелі кірісін анықтаудың жаңа жүйесі енгізіледі

351

Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады. 

Азаматтар мен шетелдіктердің көлеңкелі кірісін анықтаудың жаңа жүйесі енгізіледі Фото: baq.kz

Көлеңкелі экономиканы анықтау әдістемелеріне өзгерістер енгізілді. Енді олар жасырын кірістерді дәлірек анықтауға мүмкіндік береді және заңсыз бизнестің жаңа нысандарын ескеретін болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кешенді шаралар Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша қабылданды.

Жоғары аудиторлық палата өткен жылдың соңында көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бойынша мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізді. Тексеру барысында жасырын және заңсыз кірістерді есептеудің қолданыстағы әдістемелері ескіріп, көлеңкелі ақшаның көптеген нақты көзін ескермейтіні анықталды. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросына оларды қайта қарау тапсырылды.

Нәтижесінде бақыланбайтын экономиканы бағалау әдістемесі жаңартылды. Бұрын ол білім беру, денсаулық сақтау және бос уақыт өткізу салаларын толық қамтымаған. Енді осы бағыттарды есептеу алгоритмдері өзектілендіріліп, толықтырылды.

Сонымен қатар:

– тауарларды қайта сату үшін әкелетін жеке тұлғалардың;

– мал өсірумен, ет сатумен, картоп және майлы дақылдар өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің;

– демалыс және ойын-сауық ұйымдастыру, көлік жуу бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлердің;

– ҚР аумағында табыс табатын шетел азаматтарының жасырын кірісін есепке алудың жаңа тәсілдері енгізілді.

Мұның бәрі ресми статистикаға түспейтін кіріс көлемін дәл бағалауға мүмкіндік береді.

 Сонымен қатар заңсыз қызмет көлемін бағалау әдістемесіне көптеген өзгеріс енгізілді. Жаңа факторлар ескеріліп, кемшіліктер түзетілді:

– тыйым салынған заттардың қолданыстағы тізбесі бойынша синтетикалық есірткі айналымының есебі қайта қаралды;

– есірткіге тәуелділер саны туралы дереккөздер нақтыланды;

– есірткі тауарларын өндіру есебі қайта қаралды;

– заңсыз ағаш кесу, браконьерлік және балық өндірісі бойынша санау формулалары түзетілді;

– контрафакті, қолдан жасалған тауарлар және пираттық көшірмелер бойынша дереккөздер нақтыланды.

"Шағын кәсіпорындар бойынша деректер жинауды түзету бағыты жеке қаралды. Бұрын олардың автомобиль сату мен жөндеу саласындағы қызметі іріктеліп есепке алынған, енді статистика толығымен жиналады. Бұл бақыланбайтын экономиканы есептеуде жол берілетін бұрмалауды жою үшін қажет.

Қабылданған өзгерістер мемлекетке көлеңкелі экономиканың ауқымын дәлірек бағалауға мүмкіндік береді. Жаңа деректердің негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар анағұрлым уақытылы және тиімді шаралар қабылдай алады", – делінген хабарламада.

Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша берілген басқа тапсырмалардың орындалуы бақылауда болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу