Азаматтарға заң жүзінде банкрот болуға рұқсат етілмекші

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
17024

2017 жылы жеке тұлғалардың банкрот болуына рұқсат беретін заңнама әзірлеу жоспарланып отыр.

Азаматтарға заң жүзінде банкрот болуға рұқсат етілмекші

2017 жылдың соңына дейін Қаржы министрлігі "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалыпқа келтіру турлы" заң жобасын әзірлейді.

"Иә, ол жерде банкротқа ұшырау мүмкіндігі туралы сөз болады. Дұрыс атауы – банкротқа ұшыраудың мәні – бұл төлем қабілеттілігін қалпына келтіру", – деді ҚР қаржы вице-министрі Руслан Даленов abctv.kz-ке.

Сонымен бірге ол Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық институтын енгізу қашан қолға алынатынын нақты айта алмады. Нақты мерзім тек заң жобасының тұжырымдамасы әзірленгеннен кейін ғана белгілі болады деумен шектелді.

Еске сала кетсек, ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және оған дейін қаржы министрі болған Болат Жәмішев те Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу жалпыға бірдей мағлұмдауды енгізумен ғана мүмкін болатынын бірнеше рет айтқан болатын.  

Бұған дейін "ҚР жеке тұлғаларының кірістері мен мүліктерін мағлұмдау мәселесі бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы" ҚР заң жобасымен мағлұмдау мерзімін 2020 жылға шегеру қарастырылғаны хабарланған болатын.

Ал бұған дейін кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей мағлұмдау үрдісін екі кезеңде, яғни 2017 жылы және 2020 жылы ұйымдастыру ұсынылған еді.

Әділет министрлігінің ақпарына қарағанда, заң жобалары жұмысының жоспары бойынша, 2017 жылы үкіметке 33 заң жобасын енгізу міндеттелген. Аталған заң жобаларын парламентке кезең-кезеңмен енгізу ұсынылуда.

Алғашқы жартыжылдықта 15 заң жобасы, ал екінші жартыжылдықта 18 заң жобасы  енгізілетін болады. Жалпы заң жобаларының ішіндегі 12 жоба мемлекет басшысының тапсырмасымен, 4-уі үкіметтің тапсырмасымен, 3 заң жобасы құқықтық мониторинг қортындысымен әзірлену үстінде. Ал  14 заң жобасын басқа да негіздемелер бойынша әзірлеу жоспарланып отыр.

Дербес заң жобасы болатындар: "Әкімшілік процедуралар туралы" (әділет министрлігі), Әкімшілік процессуалдық кодекс (Жоғарғы сот), "Табиғи монополиялар туралы" (ұлттық экономика министрлігі), "Киноматография туралы" (мәдениет және спорт министрлігі), "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалыпқа келтіру туралы" (қаржы министрлігі), "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" (Ұлттық банк), "Жер қойнауы және жер қойнауын падалану туралы" (инвестиция және даму министрлігі), "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (ұлттық экономика министрлігі).

Заң жобаларының көп бөлігін – 8 жобаны – ұлттық экономика министрлігі, 3 заң жобасын – қаржы, әділет министрлігі және Ұлттық банк, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, инвестиция және даму министрліктері мен Жоғары сот 2 заң жобасын ұсынып отыр.

Дін және азаматтық қоғам ісі министрлігі, ішкі істер министрлігі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, қорғаныс, ақпарат және коммуникация министрліктері бір-бір  заң жобасын дайындау үстінде.

Жанболат Мамышев, фото автордікі

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу