Қазақстандық былғары қолғап шеберлері кезекті кезеңде қарсыластарынан басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.
57 келіде Карина Ибрагимова Элис Глинді 5:0 есебімен жеңсе, 70 келіде Наталья Богданова Санамача Чокчомды айқын басымдықпен ұтты. 65 келідегі Ертуған Зейнулинов (Франция өкілі Хуго Грауды 5:0) мен Аида Әбікеева (Кореялық Сукюнг Кангты 5:0) да келесі кезеңге өтті.
80 келідегі Гүлсая Ержан алғашқы жекпе-жегінде литвалық Ивета Лесинскитені 3:2 есебімен ұтып, 1/4 финалда австралиялық Есета Флинтпен кездеседі. Төрехан Сабырхан (Нидерланды боксшысы Фин Роберт Боспен) және Сағындық Тоғамбай (Ирландия өкілі Джэк Марлеймен) тартысты жекпе-жектерде жеңіске жетті.
Сондай-ақ, 60 келіде Бейбарыс Жексен үндістандық Сачинді 4:1 есебімен тізе бүктірді. Оның келесі қарсыласы – Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков (Өзбекстан). Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай түркиялық Муджахит Ильястан басым түсті (5:0).
Ал Сабыржан Аққалықов (75 келі), Надежда Ряябец және Элина Базарова өз жекпе-жектерінде жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Осылайша Қазақстан сапынан 20 боксшының 17-сі жарысты жалғастыруда.
Бүгін, 9 қыркүйекте шаршы алаңға шығатын қазақстандықтар:
16:00 – Алуа Балқыбекова (51 келі), Виктория Графеева (60 келі), Махмуд Сабырхан (55 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі)
22:00 – Назым Қызайбай (48 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Наталья Богданова (70 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі)
Жекпе-жектерді QAZSPORT арнасынан тікелей эфирде көруге болады.