banner

Азаттықты нығайту үшін Үкіметке баламалы бағыт іздеуге тура келеді

3802

Президенттің "Транскаспий халықаралық көлік дәлізі негізгі байланыс буыны болады" деп жариялауының астарында не бар?

Азаттықты нығайту үшін Үкіметке баламалы бағыт іздеуге тура келеді Фото: yandex.kz

Мемлекет басшысы алдағы 7 жылда Қазақстанның транзиттік әлеуетін толық пайдалану үшін көлік дәліздерін кеңейтіп, логистиканы дамытуға уәде етті.

Оның айтуынша, осы мақсатта Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршруты Қазақстан үшін "негізгі байланыс буынына" айналады. Сонда ол "біздің транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді толығымен жүзеге асыруға септеседі". Қасым-Жомарт Тоқаев отандық теңіз порттары және теңіз флоты күшейтілетінін мәлімдеді. Әзірге Каспий теңізінде Ақтау және Құрық порттары бар. Президент сондай-ақ Каспий теңізінде контейнерлік хаб салынатынын хабарлады.

Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған. Сарапшылардың байламынша, мұның бәрі бұрынғы биліктің қателігін түзетуге талпыныс.

"Қазір "КТК" (Каспий құбыр консорциумы, КҚК) деп жүрген 1 510 шақырымдық Теңіз-Новороссийск халықаралық құбырын салуға қатысты келіссөздер 1992 жылы басталды. Ал 2001 жылдың 26 наурызында ол құбырмен алғашқы мұнай жіберілді. Әрине, ол кезде бұл ірі жетістік ретінде бағаланды. Себебі Ресей кеңестен қалған құбырларды қазақ мұнайы үшін жауып тастап, Қазақстанға қара алтынын теміржол цистерналарымен тасуға тура келген. Бұл өнімсіз іс, тиімділігі төмен тасымал. Сондықтан алғашқы жылдың өзінде жаһандық нарыққа 28 млн тонна мұнайымызды өткізген КҚК елді мұнай доллары тасқынына қарық қылды. Сонымен бірге бұл құбыр қазақ елін Ресейге тәуелді етті", – дейді экономист Марат Ерғозин.

Оның айтуынша, бертінде аста-төк мұнай табысына мастанған Үкімет баламалы бағыттарды дамытуға баса мән бермеді.

"Бірқатар сарапшы Мәскеу қысым жасап, өзге бағыттарды деңгейлес дамытуға тосқауыл қойған деп те айтып жүр. Оны біз білмейміз. Бұған қатысты ашық мәлімдеме жасалған жоқ. Дегенмен КҚК-мен салыстырғанда өзге бағыттардың біршама қымбаттығы басты дәйектеме болса керек. Ал бізге азаттық қымбат. Сондықтан КҚК-дан біртіндеп алшақтау, оған тәуелділіктен құтылу қажет. Тоқаевтың айтып отырғаны да сол. Өткен отыз жыл ішінде Каспий арқылы баламалы жолдарды жақсы дамытуға болатын еді. Бұрынғы билік оған баса мән бермеді. Біздің Каспийде ауқымды танкерлер флоты да құрылмады. Енді бұл қателік түзетілгені жөн. Әйтпесе ол ішкі және сыртқы саясатымызға араласу құралына айналады. Мысалы, Қазақстанның БҰҰ-да қалай дауыс бергені ұнамаса, Мәскеу КҚК-ны жауып тастап отыруы мүмкін", – деді сарапшы.

S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігінің корпоративті рейтингтер бағытының директоры Александр Грязнов биылғы жылы Мәскеу түрлі сылтаумен КҚК-ны төрт рет жапқанда, қазақ мұнайының соған басыбайлы тәуелді екенін біліп, шетелдік серіктестер шошынғанын айтады. Бұған дейін Қазақстаннан қара алтын жеткізуде проблема жоқ деп есептелген. Енді Қазақстан "сенімді емес жеткізуші" ретінде қарастырылуы ықтимал.

"Жасыратыны жоқ, қазақстандық мұнайдың басым бөлігі Ресей арқылы ғана экспортталатыны инвесторлар үшін күтпеген жайт болды. Қазақ мұнайы РФ территориясы арқылы жалғыз Каспий құбыр консорциумы арқылы ғана емес, сондай-ақ басқа да жолдармен: Атырау-Самара мұнай құбырымен, теміржолдармен тасымалданады. Оның бәрі бәрібір Новороссийск порты арқылы өтеді. Осылайша, Қазақстанның мұнай экспортының 90%-дан астамы Ресейге тәуелді болып шықты", – деді А.Грязнов.

Оның байламынша, алдағы 2-3 жылда экспорттық жеткізілімдерді әртараптандыру және ең құрығанда 30%-ын басқа жолдармен тасу күрделі. Бұған әлдеқайда көбірек уақыт керек. Қазақстан бұл тұрғыда 30 жылын босқа сарп еткенгенге ұқсайды.

"Қазақстанның географиялық ерекшеліктеріне қарай Қытайға бағытталған құбыр үлкен көлемдерде жұмыс істей алмайды. Бұл бағытты кеңейту үшін үлкен инвестиция салу қажет. Ал қазір халықаралық кредиттер қымбаттады, оларды тез тарту қиындады. Оның үстіне Қытай батыстық нарықтан оқшауланған Ресейдің мұнайын үлкен жеңілдікпен, аса арзанға сатып алып отыр. Дәл сол ресурсты Қазақстаннан толық бағасына алу оған қызықты болмауы мүмкін. Сонда Каспий арқылы бағыт қалады. Теңіз арқылы арғы беттегі Әзербайжанға және сол арқылы Грузия, Түркия, Еуропаға экспорты арттыруға кем дегенде 5 жыл кетуі мүмкін", – деді S&P сарапшысы.

Иран бағыты да бар. Бұл бағытты дамытуға Ирандағы ішкі ахуалдың тұрақсыздануы, төңкеріс қаупінің төнуі және санкциялардың күшейтіле бастауы кесірін тигізуі ықтимал.

Халықаралық рейтинг агенттігінің базалық сценарийі бойынша алдағы жылдары қазақстандық экспорттың Новороссийск порты арқылы тасымалдануы жалғасады. Мысалы, 2022 жылғы 1 қаңтардан 15 қыркүйек аралығында КҚК арқылы 41,5 млн тонна мұнай тасымалданған. Сонымен қатар "қазақ мұнайын өткізуді Ресейдің ұзаққа және дүркін-дүркін тоқтатып тастау тәуекелі сақталады".

Бұдан бөлек, Ресейде ішкі ахуал тұрақсызданса, ол да мұнай жеткізілімдеріне зиянын тигізуі мүмкін. Мысалы, халықаралық сарапшылар болжап жүргендей, Ресей бірнеше республикаға ыдыраса, 1,5 мың шақырымдық құбыр бойында пайда болатын әр елмен жеке келісімге келу оңайға түспеуі, ұзаққа созылуы мүмкін.

Одан гөрі жалғыз Әзербайжанмен дәл қазір мәмілеге келу оңайырақ. Қазақстан осы жолға басымдық бере бастайтынға ұқсайды.

Ал әзірге S&P осы қазан айында Теңіз кен орнын игеріп жатқан "Тенгизшевройл" рейтингін бір сатыға – "ВВВ-"-тен "ВВ+"-ке дейін төмендетті. Александр Грязновтың түсіндіруінше, ТШО Ресей арқылы тасымалдауға бәрінен көп тәуелді.

"Теңіз жобасын кеңейту басталды, ТШО-ның капиталды шығындары келесі жылдан бастап айтарлықтай азаяды. Компания мұнайдың кез келген бағасында жоғары ақша ағынына қол жеткізіп, көп дивиденд төлей алады. Бірақ біз Ресей арқылы жеткізілімдердің бұзылуы қаупін ескеріп отырмыз. ТШО-ға осыдан төнген қатер басқаларына қарағанда әлдеқайда жоғары. Себебі оның баламалы экспорттық маршруттары жоққа тән. Бұған қоса, егер қатер шынға айналып, экспорт ұзаққа тежелсе, онда Теңіздегі мұнай өндірісін қалпына келтіру оңай болмайды", – деді халықаралық сарапшы А.Грязнов.

ТШО осындай алапат осал тұсы барын түсінеді, компанияның өкілдері қазір өз мұнайын тасымалдаудың баламалы жолдарын қарастыруда. Соның ішінде Ақтау порты арқылы әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігі пысықталып жатқан көрінеді.

Сонымен бірге S&P агенттігі экспорттық жеткізілімдерінде жаһанға жексұрын болған Ресейге көп тәуелді еместігі, сондай-ақ Қашаған жобасындағы үлесін кері сатып алып, пролеманы шеше алғаны үшін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының рейтинг "ВВ+"-ке дейін көтерді. ҚМГ өнімін ішкі нарыққа сатады, сондай-ақ Қытайға жеткізеді.

22 қазанда энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанның Финляндияға мұнайды теміржолмен жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.  

Reuters агенттігінің мәліметінше, "Теңізшевройл" (ТШО) компаниясы мен француздық Total&Dunga Теңіз кен орнында өндірілетін қара алтынды экспорттаудың баламалы бағыттарын тестілеп, сынауға кірісті. Reuters хабарлағандай, ай соңына дейін ТШО Финляндияға теміржолмен шамамен 1 мың тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл тек сынақ тасымалы, яғни алғашқы партия болатын көрінеді.

Reuters дереккөзі тағы бір жаңалықты жеткізіпті. Total француз компаниясына қарасты Total&Dunga өткен айда Ақтау порты арқылы Баку-Тбилиси-Джейхан (Әзербайжан-Грузия-Түркия) құбырына қазақ мұнайын жеткізе бастады. Бұрынғы билік бұл халықаралық жобаға қатысудан ат-тонын ала қашып келген еді. Биылғы қыркүйекте Total&Dunga осы БТД құбырына 25 мың тонна мұнайды жөнелткен екен. Жыл соңына дейін БТД-ға жеткізілім көлемін 200 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланыпты. Компания өкілдері де, Энергетика министрлігі де әзірге бұл тақырыпта мәлімдеме жасаған жоқ.

Баламалы бағыттар аясында Қазақстан Орталық Азия нарығына арналған жаңа теміржол маршруттарын салатын болады. Ел Президенті тиісті тапсырма берді. Әңгіме Достық-Мойынты, Бақты-Аягөз, Мақтаарал-Дарбаза теміржол желілері жобаларын жүзеге асыру туралы болып отыр.

Осы орайда "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы көлік-логистикалық компания ретінде қайта құрылады. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, елдің тасымал-транзит әлеуетін іске асыру жұмысын оның өзгеге тәуелсіз, кешенді түрде жүргізуіне мүмкіндік беруге тиіс.

Сондай-ақ Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, Атырау-Кеңқияқ және Кеңқияк-Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру шараларын қабылдау жүктелді.

Егер алдағы жеті жылды билік заяға кетірмесе, тегеурінді іс тындырса, онда ел Азаттығы баламалы бағыттармен, шынымен нығаюы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу