Әзербайжан мен Қазақстанға бұрын-соңды болмаған қауіп жақындап қалды

10250

Бұл бос даурықпа емес.

Әзербайжан мен Қазақстанға бұрын-соңды болмаған қауіп жақындап қалды Фото: canva

Жетекші Minval.az агенттігінің түсіндіруінше, мұнда әңгіме Каспийдің әзербайжандық бөлігінің де алапат қарқынмен тартыла бастауы турасында болып отыр.

"Күні кеше ғана Каспийдің жағдайы тұрақты, болашағы сенімді көрінетін: ұланғайыр айдыны бар алып су қоймасы миллиондаған жылдар бойы жан-жануарға, бертінде – адамзатқа да қапысыз қызмет етіп келеді. Ол жағалауындағы 5 елді жалғайтын су жолына, энергетикалық резервуарға айналды. Алайда заман өзгереді. Бүгінде Каспий тартылып барады. Бұл жолы таяздану қарқыны тарихтағы теңдессіз ауқымға жетті", – деп жазды Minval Politika.

Тек 2006-2024 жылдар аралығында Каспийдегі су деңгейі бірден екі метрге төмендеп кетті. Бүгінде су деңгейі әлемдік мұхиттан 29 метр төменде жатыр. Бұл – ешқашан болмаған антирекорд көрінеді.

Салдарынан таздың қасқасындай, дәл теңіздің ортасында суы сирақтан келетін қайраңдар пайда болды. Оларға кемелер арандаса, қайраңдап қалып, құлап, су ортасында мәңгілікке қалуы мүмкін.

Ғалымдардың болжамы одан да үрейлі, ғасыр соңына қарай теңіз деңгейі тағы 18 метрге түсіп кетуі мүмкін. Онда кеме қатынасы тоқтайды, теңіз құрғайды.

Әзербайжандық сарапшылардың байламынша, бұдан ең көп зардап шегетіні – Қазақстан, Әзербайжан мен Түрікменстан. Өзге бірнеше теңіздері бар Ресейге және Иранға қарағанда, осы түркітілдес үш елде Каспийден басқа теңізі жоқ.

Аралдың соңынан енді Каспий тартылса, онда үш елдің экологиясына орны толмас шығын келеді. Табиғат, итбалық, балық түрлері, су жануарлары мен өсімдіктері құриды, жағалау-пляж болмайды.

Сондай-ақ осы үш елдің экономикасына, кеме қатынасына, логистикаға, энергетикаға, тіпті ауызсумен қамтуға (аумағында тұщы су қоймасы жоққа тән Маңғыстау облысы жылына 1,5 миллиард текше метр Каспий суын тұщыландырып, түрлі мақсатқа тұтынады) қауіп-қатер төнеді.

"Каспий теңізінің таяздануы – тек экологияның және табиғи жер бедерінің өзгеруінің мәселесі ғана емес. Бұл өте салмақты экономикалық сын-тегеурін. Біріншіден, оның жағасындағы порттарды ұстап тұру, жаңғырту шығыстары барған сайын артуда. Кемелер, танкерлер портқа таяп келе алуы үшін аса қымбат тұратын түпті тереңдету жұмыстарын үнемі жүргізуге тура келеді. Мұның бәрі уақыт, адами және бюджеттік ресурстарды қатты шығындайды", – деп назар аудартты Minval Politika.

Екіншіден, бұл су жолымен транзиттің құны қымбаттай бастады. Теңіздің таяздануы кесірінен танкерлер және басқасы өз сиымдылығының жартысынан сәл асатын көлемде жүк тиеп, жеңіл-желпі аттануға мәжбүр. Әйтпесе, кеменің түбі теңіздің түбіне тиіп, тоқтап қалады. Кеме қатынауы шарттарының күрделенуі операциялық шығыстардың артуына әкелді, бұл тасымал бағасының көтерілуіне серпін берді.

Әзербайжандық ақпарат құралдарының жазуынша, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий арқылы өтетін халықаралық дәліздер теңіз арқылы тасымалдың әлдеқайда арзандығының арқасында ұтатын. Енді ол осы бәсекелестік артықшылығынан айрылғалы тұр.

Үшіншіден, Каспийдің жойылуы инвесторлардың Әзербайжаннан және Қазақстаннан теріс айналуына түрткі болуы мүмкін.

Әзербайжанның экология вице-министрі Рауф Гаджиев қазірден бастап порттардағы операцияларда елеулі қиындықтарды сезініп жатқанын мәлімдеді.

Мәселен, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында Дубенди терминалы арқылы мұнай тасымалы 810 000 тоннаға дейін төмендеді. Салыстырсақ, былтырғы ұқсас кезеңде 880 000 тоннадан астам қара алтын тасылған екен.

Су деңгейінің құлдырауы жағдайында терминалды жұмысқа қабілетті күйде сақтап қалу үшін Әзербайжан кең ауқымды түпті тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Экология министрінің орынбасары мұның бір реттік шара еместігін, тереңдету енді тұрақты түрде қажет болуы мүмкін екенін ескертті.

"Қытай тауарлары теміржолмен Қазақстан даласын басып өтіп, Ақтауға жетеді. Ол жерден кемемен Бакуге келеді, бізден ары Грузияға, Түркияға және Еуропаға аттанады. Бұл бағыттың танымал болғанын бажайлаған Дүниежүзілік банк 2030 жылға қарай ТХКБ арқылы жүк айналымы жылына 11 миллион тоннаға жететінін болжап еді. Алайда бұл болжамда Каспийдің осындай қарқынмен таязданатыны ескерілмеген", – дейді азербайжандық экономист Халид Керимли.

Теңіз маршруты әрі қарай қызмет етуі үшін түпті тереңдету жұмыстарын Қазақстан, Ресей және Әзербайжан қатар жүргізуі керек.

Осының бәрі Каспий бойынша транзиттің қосымша шығын шегуіне, мерзімінен кешігуіне, фрахт-тасымал бағасының тоқтаусыз өсуіне, тиісінше, ТХКБ маршрутінің тартымдылығының азаюына соқтырады.

Қазақстан Каспийдің суын ішіп отырса, Әзербайжан оның суын энергетикаға пайдаланады.

"Каспийдің түбінде біздің сорғылар орнатылған. Олар әзербайжандық жылу электр станцияларын (ЖЭС) салқындатуға пайдаланылады. Егер теңіз әрі қашса, бұл жүйелер пайдасыз болып қалады. Яғни, мәселе тек кеме қатынасымен, порттар қызметімен шектелмейді. Энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығына да қауіп төнеді. Әсіресе, жаз кезінде қуат көп тұтынылады, желілерге шектен тыс жүктеме түседі. Каспий болмаса, ЖЭС-терді салқындату мұңға айналады", – деді экономист Халид Керимли.

Орталық Азия климаттық қоры (CA Climate Fund) сарапшыларының байламынша, Каспийді тұзды құмы құйынмен ұшқан Аралдың тағдыры күтіп тұруы да мүмкін.

"Небәрі 20 жылдан аз уақыт ішінде Каспий теңізінің ауданы 34 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарды. Салыстырсақ, бұл – Африкадағы ең үлкен көл – Танганьиканың (32 900 км²), немесе Бельгия мемлекетінің (32 545 км²) аумағынан да үлкен. Бұл әлемдегі 138 шағын елдердің ауданынан да асып түседі. Бұдан бөлек, Каспий теңізінің су сапасы да қатты өзгерді, бұрынғы таза судан енді орташа ластанған деңгейге дейін нашарлады", – дейді Орталық Азия бойынша климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық офисінің басшысы Ерлік Қаражан.

CA Climate Fund сарапшыларының түсіндіруінше, Каспий теңізінің тартылуына басты 2 фактор ықпал етуде. Біріншіден, Каспийге құйып, суын толықтыратын 130-дан астам өзеннің, соның ішінде Еділ-Волга, Орал-Жайық, Құра, Сулак, Терек, Самур, басқа ірілерінің бәрі Ресей аумағында орналасқан.

Мысалы, Каспийдің ең басты "асыраушысы" Еділ-Волга өзенінде ресейлік оншақты гидроэлектр станциясы орнатылған, оның 8-і бүгінде жұмыс істеп тұр, бұлар – Иваньковская, Угличская, Рыбинская, Нижегородская, Чебоксарская, Жигулевская, Саратовская және Волжская ГЭС. Олардың әрқайсысы Еділ өзенін бөгендермен буып, суды төменге каскад-каскадпен ара-тұра ғана босатады.

РФ ақпарат құралдары биыл судың аз болуына байланысты Угличская ГЭС уақытша тоқтағанын, ал, Рыбинская ГЭС жұмысын қысқартқанын жариялады.

"Еділде бөгендер өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бері салына бастады. Ол кезде әрине, осындай алапат экологиялық салдарлары болады деп ешкім бас қатырмаған. Ақыр соңында қаптаған ГЭС пен жабық су қоймалары осы "артерияны", күретамырды суалтып тастады", – деді 76.RU порталына сұхбатында академик, техника ғылымдарының докторы, РФ энергетика министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі Владимир Тетельмин.

"РусГидро" мекемесі ол 8 су электр станциясының бәрі суды Еділден алатынын растады. Ярослав облысынан бастап, Волгоград облысына дейін жыпырлай орналасқан әрбір станция жолай суды ұстап қалады, өзінің тұйықталған су қоймасына бағыттайды. Онда тынық жатқан су аптап ыстықта тез әрі көп көлемде буға айналып, босқа ұшады.

Егер ресейлік осы станциялар жұмысын доғарып, плотиналарын жаппай ашып жіберсе, Каспий күрт толығып, таяздануы тоқтар еді.

Каспийдің таяздануының екінші факторы – жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі. Ұланғайыр айдынына және мұхитпен араласпайтынына байланысты Каспий аймағындағы ауа температурасы жалпы ғаламшарға, тіпті бүкіл Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жылдам жылынуда.

"Қазгидромет" РМК дерегінше, 1976-2024 жылдар аралығында орташа жылдық ауа температурасының өзгеруі жер планетасында әр 10 жыл сайын +0,19°С-қа, Қазақстанда әр 10 жыл сайын +0,36°С-қа артып отырса, Каспий маңы өңірінде ауа температурасы әрбір 10 жыл сайын бірден +0,51°С-қа қызуда.

NASA-ның 2020-2025 жылдарға арналған спутниктік мәліметтері көрсеткендей, Каспий деңгейі жылына шамамен 7 см жылдамдықпен төмендеп барады. Бұл – дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуінен 20 есе (!) жылдам. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, CA Climate Fund қоры сарапшыларының пікірінше, тереңдігі бүгінде 5 метрден аспайтын солтүстік бөлігі, яғни, Қазақстан, Ресей жағалауы 2050 жылға қарай толықтай құрғап кетуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу