Бірақ өрттей қаулай жаздаған бұрынғы алапат қызуы жоқ.
"Азертадж" агенттігінің РФ-тағы меншікті тілшісі Фарида Абдуллаева Екатеринбургте осымен 8-ші әзербайжандық тұтқындалғанын хабарлады.
Екатеринбургтің Ленин аудандық соты Әзербайжанның тағы бір тумасы Әзіз Абасовты тергеу изоляторына аттандырды.
Одан бұрын ұқсас бұлтартпау шарасы Кямал Сафаровқа қатысты қабылданды.
"Ресейдегі техникумда дәнекерлеушіге оқығанмын. Бүгінде кәсіпкермін. Тұтқындау барысында ауруханаға түсіп қалдым. Алдымен Тергеу комитетіне шақыртып алды, содан соң сотқа жеткізді", – деді судьяның сұрағына жауап берген Сафаров.
Қаланың Ленин аудандық соты тергеудің өтінішін қанағаттандырып, Кямал Сафаровты сот залынан қамауға алғызды.
Ол жергілікті әзербайжандықтар арасынан ресми түрде істің фигуранты атанған 7-ші адамға айналды. Соттың баспасөз қызметі ресми мәлімдегендей, Сафаров 2025 жылғы 19 шілдеге дейін қамауда ұсталады.
Содан кейін Әзіз Абасовтың процесі басталды. 1968 жылы туған, үйленген, баласыз. Ол да жеке кәсіпкер. Бұрын сотталмаған. Абасов та өзіне тағылған айыпты мойындамады. Сот оны да 19 шілдеге дейін изоляторда қамауға үкім шығарды.
Дәл осы кезде Әзербайжанда ресейлік "Sputnik" агенттігіне қатысты іс бойынша полиция тағы 5 адамды қамауға алған.
Әзербайжандық Trend порталының дерегінше, "Sputnik Азербайджан" агенттігі құзырлы органдардың бұдан бұрын лицензиясын қайтарып, ресми жапқанына қарамастан, жұмысын жалғастырған.
"Таратылған ақпарат сәйкес, аталған 5 тұлға Әзербайжан азаматы болып табылады. Олардан қылмыстық іс бойынша түсініктеме алынған соң барлығы бостандыққа жіберілді. Еске сала кетсек, биылғы 24 ақпанда Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Айхан Гаджизаде мырза "Россия сегодня" (Раша Тудей) өкілдігі "Sputnik Азербайджанның" жабылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, "Sputnik Азербайджанның" өз қызметін жалғастырғаны және қызметкерлері жұмысқа тұрақты түрде шығып тұрғаны әшкереленді", – деп мәлім етті Trend.
27 маусымда Екатеринбургте күш құрылымдарының тұтқындап, тергеуі барысында 2 әзербайжан өкілі – ағайынды Зияддин және Гусейн Сафаровтар қаза тапқан соң, тосыннан 1 шілдеде Әзербайжанның күш құрылымдары "Sputnik Азербайджан" ақпараттық агенттігінің кеңсесіне рейд жасады.
Операция барысында бакулік филиалдың атқарушы директоры Игорь Картавых пен шеф-редакторы Евгений Белоусов тұтқындалды.
Олардың екеуіне де ӘР Қылмыстық кодексінің 178.3.1-бабы (ірі көлемде шығын келтірген алаяқтық), 192.2.2-бабы (ірі мөлшерде табыс тапқан заңсыз кәсіпкерлік), 192.2.3-бабы (ұйымдасқан қылмыстық топпен қылмыс жасау), 193-1.3.1-бабы (қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру), сондай-ақ 193-1.3.2-бабы (аса ірі мөлшерде қылмыс жасау) бойынша айыптар тағылды.
Хатай (Xətai) аудандық сотының шешімімен Картавых пен Белоусовқа тұтқындау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
Бұдан бұрын әзербайжандық АРА агенттігі Баку судьялары 8 ресейлік азаматты 4 айға қамауға кесім шығарғанын хабарлады. Оларға Ираннан есірткі контрабандасымен айналысу, кибералаяқтық сияқты айыптар тағылды.
Сондай-ақ, кеше Бакуде ұсталғандарға Ресей консулымен кездесуге рұқсат етілді. РФ елшілігінің қысқаша хабарламасында консулдың ресейліктермен 3 сағат бойы жеке сөйлескені ғана айтылады.
Жалпы, Әзербайжан тарапы бұл оқиғаны әрі қарай ушықтырмауға ұйғарғандай. Оның орнына Баку қоғамның назарын Қарабақтың жаңа орталығы Ханкенді қаласында кеше, 3 шілдеде басталған Экономикалық Ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) саммитіне аударды.
1985 жылы Иран, Түркия және Пәкістан құрған ЭЫҰ ұйымы 1992 жылы елеулі кеңейіп, қатарына Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанды қосып алды.
Саммиттің алғашқы күні Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Солтүстік Кипр түрік республикасының лидерлері – Ильхам Әлиев, Шавкат Мирзиёев, Садыр Жапаров пен Эрсин Татар бас қосып, бастапқы іс-шаралардың "тиегін ағытты".
Әйтпесе, 27 маусымдағы Екатеринбургтағы оқиғалардан кейін екі елдің қатынасы қатты ушығып кеткен еді. Кейін Әзербайжан лидері Ильхам Әлиев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кешкілік телефонмен ұзақ тілдесті.
РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков шұғыл мәлімдеме жасап, "Мәскеу және Баку қарым-қатынасын Украина шайқалтқысы келіп отырғанын" мәлімдеді.
Ресейлік ақпарат құралдары күш құрылымдары Екатеринбургте жергілікті әзербайжандық диаспораның басшысы, "Азербайжан-Орал" ұйымының жетекшісі Шахин Шихлинскийді ұстағанын жазды.
Мұздай қаруланған бетперделілер көше ортасында оның көлігін мәжбүрлі тоқтатқызып, сом балғамен барлық терезесін шағып, өзін және жолаушысын сыртқа суырып алған.
Оның ұлының дерегінше, Шахин ұзақ тергеуден соң "куәгер" мәртебесінде босатылыпты.