Әзербайжан Таулы Қарабақты қару күшімен толық азат етуге кірісті

4635

Шекараның бүкіл шебінде атыс жүріп жатыр.

Әзербайжан Таулы Қарабақты қару күшімен толық азат етуге кірісті Фото: РБК

Соңғы уақытта Әзербайжан тарапы армениялық қарулы күштердің арандатушылық әрекеттерге барып жатқаны туралы үздіксіз жаһанға жар салып, дабыл қағумен болды. Әсіресе қыркүйек айы басталғалы, күн құрғатпай, Баку тарапы көршісінің диверсиялық топтарының Әзербайжан мен Таулы Карабах түйісетін тұсты миналап, ор қазуға талап жасағанын, квадрокоптерлер ұшырып, барлағанын, иттерге жарылғыш зат байлап, камикадзе ретінде пайдаланғанын және басқа да жайттарды хабарлады.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігі 19 қыркүйекте, түнгі 23:50-де Агдам, 02:40-та Гедабей бағыттарында ұлттық армиясының позицияларын заңсыз армян қарулы құрылымдары атқылағанын мәлімдеді. Агдамда Ресей бітімгершілік контингенті орналасқаны мәлім, бірақ олар қақтығысқа араласпай, доғармай, сырт қалған.

Әзербайжан басшылығы, соның ішінде армияның бас штабының басшысы генерал-полковник Керим Велиев Түркия тарапымен бірнеше рет байланысты.

19 қыркүйекте Баку "Армения қарулы күштері құрылымдарының арандатушылығы кесірінен әзербайжандық екі солдат жараланғанын" жариялады. Қарсылас ресейлік бітімгершілік контингент орын тепкен тұста, Агдам ауданында Әзербайжан бекінісін минометтармен және түрлі калиберлі атыс қаруымен атқылаған көрінеді.

Сол күнгі 13:22-де ӘР Қорғаныс министрлігі суыт мәлімдеме жасады. Онда Карабахта антитеррорлық операцияның басталғаны жария етілді.

"Қарабақ өңірінде Армения қарулы күштері құрылымдарының Әзербайжан армиясының позицияларын жүйелі түрде атқылауы, біздің аумақты миналауы, әскери бекіністерін инженерлік жетілдіру жұмыстарын жүргізуі, окоптар мен блиндаждар санын арттыруы – соңғы айларда шиеленістің бұрынғыдан да өршуіне себеп болды. Қарсыластың ұрыс позицияларын жеке құраммен, беренді техникамен, артиллериямен, басқа атыс құралдарымен күшейтіп, әскери бөлімдерді әскери дайындықтың жоғарғы деңгейіне келтіріп, қосымша мобилизация жүргізіп жатқаны байқалды", – деп дәйектеді ӘР Қорғаныс министрлігі.

Шыдам теңізін тасытқан соңғы тамшы – 19 қыркүйектегі оқиғалар болыпты. Алдымен Ахмедбейли–Физули–Шуша қалалары арасындағы автокөлік жолында минаның жарылуы салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапты. Әзербайжанның автокөлік жолдары агенттігіне қарасты көлік істен шыққан. Баку ол жарылғыш затты "Армения қарулы күштерінің барлаушы диверсиялық топтары Әзербайжанның Карабах экономикалық ауданында лаңкестік мақсатта алдын ала орнатты" деп айыптады.

Сол күні Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерінің жауынгерлерін тасымалдаған көлік те минаға жарылды. Бірнеше солдат жараланып, қаза болды.

"Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі елдің Карабах экономикалық ауданында Армения қарулы күштері құрылымдарының ары қарай қалуы 2020 жылғы 10 қарашада қол қойылған Үшжақты мәлімдеменің ережелерін бұзатынын және өңірдегі тұрақтылық пен бейбітшілікке салмақты қатер төндіретінін бірнеше рет ескертті. Сондықтан Карабах өңірінде жергілікті сипаттағы антитеррористік шаралар басталды", – деп мәлімдеді ӘР Қорғаныс министрлігі.

Ведомство антитеррорлық операцияның бірнеше мақсатын атады:

  • Әзербайжан, Армения, РФ президенттері қол қойған 2020 жылғы Үшжақты мәлімдеменің ережелерінің орындалуын қамтамасыз ету,
  • Карабахта кең ауқымды провокациялардың жолын кесу,
  • Арменияның қарулы күштері құрылымдарын қарусыздандырып, Карабах өңірінен шығару,
  • Олардың өткен ғасырдың соңынан бері құрған бүкіл әскери инфрақұрылымын бейтараптандыру, яғни жою,
  • Өңірдегі оккупациядан босатылған территорияларға оралған бейбіт халықтың, сондай-ақ құрылыс пен қалпына келтіру жұмыстарына тартылған жұмысшылардың, әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету,
  • Әзербайжанның территориялық тұтастығы мен контституциялық құрылымын қалпына келтіру.

Осы тізімнен-ақ Баку 90-шы жылдары айрылып қалған жерлерін, соның ішінде Таулы Қарабақты да толығымен, қару күшімен қайтаруға белді бекем буғанын аңғаруға болады.

ӘР Қорғаныс ведомствосы әзербайжандық армияның жоғары дәлдікті қаруларды қолдана отырып, алғы шептегі және тылдағы жау бекіністерін, ұзақ мерзімді атыс ошақтарын, техникаларын, әскери мақсаттағы объектілерін талқандауды жүзеге асырып жатқанын хабарлады.

"Біз тағы да қайталап айтамыз: азаматтық халық және азаматтық инфрақұрылым нысандары нысана болып табылмайды. Тек заңды әскери нысаналар ғана істен шығарылуда", – деп нықтады Баку.

Дегенмен, әлеуметтік желіде қуатты жарылыс салдарынан бірқатар азаматтық ғимараттар бүлінгені бейнеленген видеолар тарады.

Кешелі бері әлем Түркияның қолдауы арқасында ең заманауи жойқын қарулармен мұздай қаруланған Әзербайжан армиясының қаһарына куә болды. Былтырдан бері тек Украинадағы майдан даласында көрініс берген алапат жарылыстар енді Таулы Карабахта бой көрсетіп, заңсыз әскери құрылымдар жермен-жексен етіліп жатыр.

Әзербайжан армиясы Ходжавенд бағытында кезінде Мәскеу жабдықтаған қуатты P-18 радиолокациялық станциясын (РЛС) күл-талқан етті. Артынша "Армения қарулы күштерінің 5-ші бригадасына тиесілі" деп есептелетін оқ-дәрі қоймасының парша-паршасы шыққаны көрсетілген видеоролик таратылды. Оның бәрін әуеден әскери беспилотниктер түсірген.

Ғаламтор кешелі бері Таулы Қарабақта жарылған армяндық түрлі әскери техникалар, артиллериялар, әскери мақсаттағы радиотехникалық торап, окоптар, жауынгерлік паналар, тіпті тұтас әскери колонна бейнеленген видеороликтерге толды. Оларды ӨР Қорғаныс министрлігі жариялауда.

Бүгінгі түнде ӘР Қорғаныс ведомствосы мәлімдеме жасап, антитеррорлық шараларды тоқтатудың шарттарын атады.

"Әзербайжан Республикасының Қорғаныс министрлігі Әзербайжанның Карабах экономикалық өңірінде тұрған Армения қарулы күштерінің құрылымдарын қаруларын тастап, берілуге шақырады. Бұл жағдайда антитеррорлық шаралар уақытша тоқтатылатын болады. Біз Әзербайжан территориясында (Таулы Қарабақта) уақытша орналасқан ресейлік бітімгершілік контингентпен оперативті байланыстамыз. Біздің тарапымыздан өз міндеттемелерімізді орындау үшін барлық жағдайлар жасалуда", – делінген түнгі мәлімдемеде.

ӘР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің бастығы, полковник Анар Эйвазовтың хабарлауынша, Таулы Қарабақтағы антитеррористік шаралар жалғасып жатыр.

"Өткізілген іс-шаралар барысында Әзербайжан Қарулы күштері Арменияның қарулы күштері құрылымдарының 60-тан астам ұрыс бекіністерін өз бақылауына көшіре алды. Бұдан өзге, қарсыластың әскери мақсаттағы 20-дан астам автокөлігі, 40-тан астам артиллериялық құрылғысы, 30-дан аса минометы, 2 зениттік-зымыран кешені, оншақты Мартира радиоэлектрондық күрес станциялары және әскери мақсаттағы басқа да құралдары жойылды. Оның бәрі Арменияның қарулы күштерінің құрылымдарына тиесілі", – деді полковник Анар Эйвазов.

Армян тарапынан Таулы Карабахтағы омбудсмен Гегам Степанян кеше өңірде 25 адам қаза тапқанын, оның екеуі – бейбіт тұрғын екенін хабарлады. Өңірдегі ауруханаларға кем дегенде 138 жаралы жеткізілген, басым көпшілігі – солдаттар. 29-ы – бейбіт тұрғын.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қауіпсіздік кеңесінің отырысын шақырды. Армения басшысы Таулы Карабахта Армения Қарулы күштерінің жоқтығын мәлімдеді.

Ең бастысы, Пашинян Таулы Карабахқа бола, Армения Әзербайжанмен соғыспайтынын қадап айтты. Себебі, Қарабақ өңірі Арменияның құрамына кірмейді. Ал Әзербайжан Арменияның әлем мойындаған территориясына шабуыл жасап отырған жоқ. Сондықтан бұл қақтығысқа Арменияның армиясы араласпайды.

"Таулы Карабахта біздің республиканың армиясы жоқ. Қазіргі уақытта біз ешқандай ойластырылмаған, ағат қимылға бармаймыз", – деді Арменияның лидері. Осы арқылы Ереван саналылық, сарабдалдық танытып, Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындайтынын аңғартты.

Бірақ бұл ұлтшыл топтардың ашынысын туғызды. Армения астанасында бейберекет митинг басталды. "Арцах!" деп ұрандаған шерушілер Тигран Мец даңғылын бұғаттап тастады. Арцах дегені – армяндар Таулы Карабахты Әзербайжаннан тартып алғаннан кейін сонда құрған, әлем мойындамаған квазиреспублика. Оған бұрын Ереван қолдау көрсеткен.

Дегенмен, Әзербайжан мен Түркия ортасында қысылған Арменияны экономикалық блокададан құтқарып, Мәскеу ықпалынан арылтып, озық елдермен ынтымақтастықты дамытуға кіріскен Никол Пашинян Арцахтан теріс айнала бастағандай еді. Соған қарамастан таяуда, 9 қыркүйекте Таулы Карабахтың өзін өзі жариялаған "Ұлттық жиыны" өлкенің жаңа "президенті" ретінде Самвел Шахраманянды сайлап алды. Жаңа лидерсымақ жергілікті тұрғындарды бірден Әзербайжанмен қақтығысуға арандатты. Бейбіт тұрғындарды қаруландыруға ниеттенген. Шектесетін тұста провокациялар ұйымдастырған.

Сөйтіп, бұл өңірді бейбіт жолмен қайтаруға күш салған Бакудың қытығына тигенге ұқсайды.

Ал Армениядағы саяси ахуал ушығып барады. Кеше кешке Ереванда бүлікшілер билік органдарын басып алу үшін полиция бөгенін бұзып өтіп, Үкімет ғимаратына басып кірмек болды. Мемлекеттің билік органдарын қорғаған күш құрылымдарына жанғыш заттар құйылған бөтелкелер, тастар жауды. Ғимараттың есік-терезелері бұзылған. Осыдан кейін полицияға жарықты-шулы гранаталар қолдануға тура келді.

Видеоларда Еревандағы жарылыс, будақтаған қара түтін көрінеді.   

Арменияның тергеу комитеті бірнеше бап бойынша бүлік туралы қылмыстық іс қозғады. Шеру кезінде Таулы Карабахқа апаратын Лашын дәлізін шабуылдауға, оны күзеткен Әзербайжан әскерін қырып салуға, Арменияда қарулы төңкеріс жасауға шақырған жергілікті бірнеше кремлшіл белсенді, блогер тұтқындалды.

120 мың армян тұратын Таулы Карабахтың өзін өзі жариялаған басшылығы Бакуге атысты тоқтатып, келіссөздерді бастауға ұсыныс жасағаны белгілі болды. Бұл хабарды танылмаған республиканың Бірыңғай ақпарат орталығы жариялады.

Әзербайжан Президентінің әкімшілігі Таулы Карабахтағы армян тұрғындардың өкілімен кездесуге дайын екенін хабарлады. Алайда ол үшін алдымен заңсыз армян қарулы топтарының ақ ту көтеріп берілуін, барлық қаруын тапсыруын, ал заңсыз режимнің (Арцахтың) өзін өзі таратқанын әлемге жария етуін талап етті. Олай болмаса, антитеррорлық шаралар соңына дейін жалғасады.

Әйтсе де, Батыс елдері Бакуге қысым көрсетіп, Таулы Карабахты қару күшімен қайтару ниетінен бас тартқызуға тырысуда. Францияның ықпалымен Еуропалық одақ әскери қимылдарды айыптады. Париж БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыруға бастамашы болды.

Ал АҚШ бас хатшысы Энтони Блинкен Армения Премьер-министр Никол Пашинянға қоңырау соғып, қалыптасқан ахуалды талқыға салған. Иран да бейбіт жолмен бітімге келуге үндеді.

Түркия ғана Әзербайжанның лаңкестікке қарсы күресін қызу қолдады.

Батыс Таулы Қарабақ мәселесінің тек бейбіт жолмен шешілуін қалайды. Бірақ сол жолда өзі пәрменді іс-қимыл танытпады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу