Бірер күннен кейін Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрлықтық додада бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасының өкілдері де бақ сынайды.
Алуа Балқыбекова Аичи-Нагоя-2026 ойындарында 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.
sportplustv.kz
Алуа 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында 51 келіде алтын медаль жеңіп алды. Ол жарыс барысында Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Бусеназ Чакыроглуды жеңіп, финалға дейін жетті. Сонымен қатар биыл Бразилияда өткен World Boxing Әлем кубогы кезеңінде қола жүлдегер атанды.
Аичи-Нагоядағы Азия ойындары Алуа Балқыбекованың мансабындағы алғашқы Азиадасы болмақ.
Назым Қызайбай биыл үшінші рет Азия ойындарына қатысады.
olympic.kz
Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері бұған дейін Джакарта-2018 және Ханчжоу-2022 ойындарында ел намысын қорғаған.
2018 жылғы додада Назым 51 келіге дейінгі салмақта ширек финалға дейін жеткен. Ханчжоу-2022 ойындарында 50 келіге дейінгі салмақта алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалған болатын.
2024 жылы Назым Қызайбай Олимпиадада қола медаль жеңіп алды. Ал өткен жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды. Биыл Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогында топ жарды.
Назым Қызайбай Аичи-Нагояда 54 келіге дейінгі салмақта бақ сынайды. Бұл оның мансабындағы Азия ойындарының алғашқы медалі үшін таласатын жарысы болмақ.
Виктория Графеева биыл алғаш рет Азия ойындарына қатысады.
offside.kz
Қазақстандық боксшы 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде иеленді.
Биыл Виктория Бразилия мен Қытайда өткен Әлем кубогы кезеңдерінде 60 келіде алтын медаль жеңіп алды. Аичи-Нагояда ол 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.
Аида Әбікеева де Азия ойындарында алғаш рет ел намысын қорғайды.
qazsporttv.kz
Аида 2025 жылғы әлем чемпионатында 65 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетіп, өзбекстандық Навбахор Хамидованы тізе бүктірген болатын. Осы жылы Бразилияда өткен Әлем кубогы кезеңінде күміс, Қытайдың Гуйян қаласында өткен жарыста қола жүлдеге қол жеткізді.
Наталья Богданова құрлықтағы басты додаға екінші рет қатысады.
sportplustv.kz
Ол Ханчжоу-2022 ойындарында 66 келіге дейінгі салмақта қола жүлде жеңіп алған.
2025 жылы Наталья 70 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Ұлыбританияда дүбірлі доданың финалында ол Аустралия өкілі Лекеиша Перголитиден басым түсті.
Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарында Наталья Богданова 75 келіге дейінгі салмақта бақ сынайды.
2026 жылғы Азия ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді. Ал бокс бәсекелері 21 қыркүйекте басталады.