Азия чемпионаты. Қазақстан құрамасы командалық есепте үшінші орынға ие болды

1690

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті.

Азия чемпионаты. Қазақстан құрамасы командалық есепте үшінші орынға ие болды

Командалық есепте бірінші орын алған грек-рим күресінің өкілдері ең табысты нәтиже көрсетті. Олар ел қоржынына екі алтын әкелді. 67 келіге дейін Мейіржан Шермаханбет, 130 келі салмақта Әлімхан Сыздықов  чемпион атанды. Аманғали Бекболатов (55), Мейрамбек Айнағұлов (63), Абылайхан Әмзеев (72), Мақсат Ережепов (77) және Диас Қален (82) күміс жүлдеге ие болды. Ернұр Фидахметов (60) мен Нұрсұлтан Тұрсынов (87) үздік үштік қатарына ілікті. Бұл нәтиже біздің құрамаға 190 ұпай жинап, 176 ұпаймен екінші орын иеленген Иранды артқа тастап, командалық есепте жеңіске жетуге мүмкіндік берді. 148 ұпай жинаған Қырғызстан құрамасы үшінші орынды қанағат тұтты.

Айта кетейік, 2021 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында қазақстандық грек-рим балуандары үш алтын, екі қола және екі күміс медаль жеңіп алған болатын.

Еркін күрестен Қазақстан қоржынында бір алтын бар. Алтын жүлдені Азия чемпионатының соңғы күнінде (24 сәуір) 86 келі салмақта өнер көрсеткен Азамат Дәулетбеков жеңіп алды. Одан бөлек жеті қазақ балуаны құрлық біріншілігінде жүлдегер атанды. 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Рахат Қалжан, Нұрқожа Қайпанов (74 келіге дейін) пен Әлішер Ерғали (125) күміс, Акбар Құрбанов (61), Сырбаз Талғат (70), Әділет Давлумбаев (92) және Мамед Ибрагимов (97) ұлттық құрама қоржынын қола медальмен толықтырды. Мұнда Давлумбаевтың қола жүлдесін ерекше атап өтуге болады. Жұбаныш финалындағы жекпе-жек барысында Әділет жапониялық Такума Отсудан тоғыз ұпайға қалып қойғанымен, соңында қарсыласын жауырынға салып, белдесуде жеңіске жетті. Еркін күрестен қазақстандықтар жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды – 151 ұпай. 201 ұпай жинаған Иран көш бастаса, Үндістан екінші орынға (152) тұрақтады.

Әйелдер күресінен бұрымды балуан қыздарымыз екі алтын медаль еншіледі. 72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жәмилә Бақбергенова екінші мәрте Азия чемпионы атанса, 68 келіге дейінгі салмақта финалда Мәдина Бақбергенова Олимпиада жүлдегері, қырғызстандық Мейрім Жұманазарованы жеңіп сенсенсация жасады.

Қола жүлдені Жұлдыз Ешімова (53) пен Гүлмарал Еркебаева (76) иеленді. Еркебаева күрес жанкүйерлерін игі ісімен қуантқанын да айта кетейік. Марапаттаудан кейін ол жарақат алған қырғызстандық Айсулуу Тыныбекованы қонақүй бөлмесіне дейін көтеріп апарды. Қырғызстандық балуан қыз 62 келі салмақта күміс жүлдегер атанды.

Командалық есепте жапониялықтар (227) жеңіске жетсе, қазақстандық әйелдер күресінің өкілдері 142 ұпай жинап, үшінші болды. Моңғолия құрамасы турнирді екінші (167) болып аяқтады. Ал өткен жылы Азия чемпионатында қазақстандық спортшы қыздар екі алтын, бір күміс және үш қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

Ұлан-Батырда өткен жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Жапония (10-2-9) бірінші, Иран (10-2-3) екінші орын, бес алтын, сегіз күміс және сегіз қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы үшінші орынға ие болды. Осылайша балуандарымыз Азия чемпионатында тағы да ел мерейін үстем етті.

Ермұхамед Мәулен