Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрама командасының тізімі белгілі болды

1378

Биылғы бокс күнтізбесіндегі басты оқиғалардың бірі – Амманда өтетін XXXII Азия чемпионаты.

Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрама командасының тізімі белгілі болды Фото: olympic.kz

Иордания астанасында құрлықтың үздік былғары қолғап шеберлері 30 қазан мен 13 қараша аралығында кім мықтыны анықтайды. Жарыста ерлер 13, әйелдер 12 салмақта сынға түседі, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі.

Сары құрлық додасын әдеттегідей Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырады.

"Амманда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бұл Олимпиадаға алғашқы қадам десек те болады. Біз мұнда келесі жылы Қытайда өтетін жазғы Азия ойындарындағы негізгі қарсыластарымызды білмекпіз. Өздеріңіз білетіндей, 4 жылда бір келетін құрлық додасында боксшылар тек Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақтарда ғана сынға түседі. Сондықтан Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін жақсы нәтиже көрсетуіміз керек. Құрамадағы кез келген боксшы Азия чемпионатының алтын медалі үшін таласуға тас түйін дайын. Биыл жоспарлаған барлық оқу-жаттығу жиыны мен жарыстарды сәтті өткіздік. Осы тұста Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне, Спортты дамыту дирекциясына, Қазақстан бокс федерациясының басшылығына зор алғыс айтамын. Біздің бірлесе атқарған жұмысымыз жемісті болады деп сенемін", – деді Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Шәміл Сафиуллин.

Қазір Қазақстан әйелдер құрамасы Амманда қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Мұнда Шәміл Сафиуллин шәкірттерінен бөлек, Филиппин мен Иордания боксшылары дайындығын пысықтап жүр. Назарларыңызға ел намысын қорғайтын шаршы алаң шеберлерін ұсынамыз:

48 кг – Алуа Балқыбекова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы (2021 ж), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2022 ж). Алматы қаласының өкілі.

50 кг – Назым Қызайбай, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы (2021 ж), екі дүркін әлем чемпионы. Алматы қаласының өкілі.

52 кг – Жазира Орақбаева, спорт шебері, жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Алматы қаласының өкілі.

54 кг – Жайна Шекербекова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Азия ойындарының финалисі, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022 ж). Шымкент қаласының өкілі.

57 кг – Карина Ибрагимова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022 ж). Ақмола облысының өкілі.

60 кг – Римма Волосенко, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы (2021 ж). Астана қаласының өкілі.

63 кг – Аида Әбікеева, спорт шебері, Қазақстан чемпионы (2021 ж). Астана қаласының өкілі.

66 кг – Мадина Нұршаева, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы. Шымкент қаласының өкілі.

70 кг – Дариға Шәкімова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Алматы қаласының өкілі.

75 кг – Валентина Хальзова, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионы (2016 ж), Азия чемпионы (2021 ж), әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022 ж). Астана қаласының өкілі.

81 кг – Гүлсая Ержан, спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионатының финалисі, ел біріншілігінің күміс жүлдегері. Қызылорда қаласының өкілі. 

+ 81 кг – Ләззат Күнгейбаева, ҚР-ның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем және Азия чемпионы. Астана қаласының өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу