Азия чемпионатының бірінші күні бес жүлде олжаладық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2884

Дзюдодан Азия чемпионатының бірінші күні біздің балуандар үшін сәтті басталды.

Азия чемпионатының бірінші күні бес жүлде олжаладық

Фуджейрода (БАӘ) дзюдодан Азия чемпионаты басталды. Оған "Сарықұрлықтың" 39 елінен 286 спортшы тіркеліпті (ерлер арасында – 184, әйелдер арасында – 102). Қазақ елі құрамасы 18 спортшы үкілеп қосты. Құрлық біріншілігі 14 салмақ дәрежесінде өтеді (7 ер + 7 әйелдер).

Араб Әмірлігі татамиіндегі Азия чемпионаты қазақ дзюдошылары үшін аса сәтті басталды. Мәселен, ерлер арасындағы 66 келі салмақ дәрежесінде біздің жігіттер атой салды. Екеуі бірдей финалға шығып, көпшілікті тәнті қылды. Алайда Елдос Жұмақанов жарақатына байланысты финалдық белдесуге шықпай, күміс жүлдені қанағат тұтып, алтын медаль Ерлан Серікжановқа бұйырды.

Әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінде де сенім артқан қызымыз финалға шығып қуантқан. Өкінішке қарай, Отгонцэцэг Галбадраx Қытай дзюдошысы Янан Лиден ұтылып, екінші орынды иеленді. Ал осы салмақтағы Ақмарал Науатбек қола жүлде үшін Жапония аруы Айя Сакагамимен белдесіп, жеңіліске ұшырады. Сөйтіп 5-орынмен шектелді.

60 келіде ел намысын қорғаған Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдені өзбек палуаны Шарафуддин Лутфиллаевпен сарапқа салып, жеңіске жетті. Сөйтіп үшінші орынға ие болып, ел қоржынына жүлде салды. Әйелдер арасындағы 57 келіде бақ сынаған Севара Нишанбаева да қола жүлдеге қол жеткізді.

Сөйтіп 2019 жылғы Азия чемпионатының бірінші күні Қазақ елі дзюдошылары 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте көш бастап тұр, әзірше...

Естеріңізге сала кетейік, Фуджейроға жоғарыда аты-жөндері аталған қыз-жігіттерімізден бөлек төмендегі длзюдошыларымыз да аттанған болатын: Ақылбек Серік (73 келі), Дидар Хамза (81 келі), Руслан Мұсаев (81 келі), Ислам Бозбаев (90 келі), Айбек Серікбаев (100 келі), Ерасыл Қажыбаев (+100 келі) және Анна Казюлина (52 келі), Ақниет Тұрдан (63 келі), Иоланта Бердібекова (63 келі), Мөлдір Нарынова (70 келі), Зарина Райфова (78 келі), Гүлжан Исанова (+78 келі).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу