Азия ойындары Нагояда 53 спорттық нысанда өтеді

114

Қазақстан Азия ойындарына қызу дайындықты бастады. 

Азия ойындары Нагояда 53 спорттық нысанда өтеді Фото: Туризм және спорт министрлігі

Бүгін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жапонияның Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына ұлттық құраманы дайындау бойынша кеңес өткізді. Жиында спортшыларды іріктеу, дайындық сапасын арттыру және басым спорт түрлеріне көңіл бөлу мәселелері қаралды.

Азиада бағдарламасына 43 спорт түрі енген және 438 медаль сарапқа салынады. Қазақстаннан 30-дан астам спорт түрі бойынша 500-ге жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Дайындық жоспарына оқу-жаттығу жиындары, халықаралық жарыстар және спортшыларға кешенді қолдау көрсету енгізілген.

Айта кетейік, 2016 жылғы 25 қыркүйекте Вьетнамның Дананг қаласында өткен Азия Олимпиада кеңесінің отырысында Азия ойындарын өткізу құқығы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласына берілді.

2023 жылдың наурыз айында ұйымдастыру комитеті спортшыларды орналастыру үшін Олимпиадалық ауыл салудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты қатысушылар қонақүйлерде, круиздік лайнерлерде және өзге де орналастыру орындарында тұрады. Сонымен қатар, Нагоя портында 2400 адамға арналған контейнерлік тұрғын модульдер салу, ал Киндзё айлағында орналасатын круиздік лайнерлерде 4600 адамды орналастыру жоспарланған.

2024 жылғы 15 қазанда ұйымдастыру комитеті шамамен 40 мың еріктіні қабылдау науқанының басталғанын хабарлады. Еріктілер "Ойындар еріктілері" және "қалалық еріктілер" болып екі санатқа бөлінеді.

2025 жылдың шілде айында 13 ойын түрін қамтитын киберспорт бағдарламасы бекітілді. Сол жылдың қыркүйегінде өткен медиа-саммитке әлемнің әртүрлі елдерінен 110-нан астам өкіл қатысты. Ал 2025 жылғы желтоқсанда TBS телерадиокомпаниясы Ойындардың ресми хабар таратушысы болып бекітілді.

Ойындардың ресми эмблемасын дизайнер Миясита Хироси әзірледі. Эмблемадағы күлгін түс Айти префектурасының символы - ирис гүлін, алтын түс Нагоя қамалындағы алтын дельфиндерді, ал жасыл түс экологиялық жауапкершілікті білдіреді.

Азия ойындарының негізгі жарыс нысаны ретінде Нагоя қаласындағы "Палома Мизухо" стадионы белгіленген. Жалпы жарыстар Айти префектурасы, Токио және басқа да өңірлердегі 53 спорттық нысанда өткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу