Марапаттау рәсіміне Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мен федерацияның бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы қатысты. Олар құрлықтық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға ақшалай сертификаттар табыстады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар Азия ойындарында ерекше көзге түскен жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілті берілді. Федерацияның мәліметінше, баспана демеушілердің қолдауымен табысталған.
Федерация өкілдері бұл марапат спортшыға алдағы Олимпиада ойындарына дайындық кезінде қосымша мотивация болады деп үміттенетінін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында спорттық жүрістен марафон қашықтығында жеңіске жетіп, алтын медаль иеленген еді. Алайда жарыстан кейін оның нәтижесіне қарсыластары наразылық білдіріліп, World Athletics спортшының аяқкиімін тексерген.
Тексеру барысында аяқкиімнің жарыста қолдануға рұқсат етілген тізімге сәйкестігі қаралған. Нәтижесінде қазақстандық спортшы алтын медалінен айрылған болатын.
Ал, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, әр спортшының жеңіс жолындағы еңбегі мен күш-жігерін атап өтті.
Президент спортшы Ясмина Тоқсанбаеваны "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапаттады.