Азия рекорды жаңарды

1303

Алматыда жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Чемпионат аясында спортшылар Олимпиада лицензияларын иеленіп, 2009 жылдан бергі Азия рекорды жаңартылды.

Азия рекорды жаңарды

Алматының Орталық стадионында басталған жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатының алғашқы жарыс күнінде-ақ Мария Овчинникова Олимпиадаға лицензия жеңіп алды. "Үш қарғып секіру" бойынша Азия чемпионы Мария Овчинникова 14,34 метрге секірді. Ал дәл осы дисциплина бойынша Ирина Эктова 14.20 көрсеткішімен күміс жүлде иеленсе, қола жүлде Ақмола облысының өкілі Анастасия Глухареваға (13.24м) бұйырды.

Сонымен қатар жеңіл атлетиканың ішінде әйелдер арасында биіктікке секіру қазіргі таңда Қазақстанда өте қарқынды дамуда. Азия аумағында біздің атлетшілеріміз ұзақ уақыттан бері рекорд жаңартудан көш бастап келеді.  

Солардың бірі Кристина Овчинникова. Өткен маусымда және ағымдағы маусымда да ол үнемі жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Көрсеткіштері бойынша команда көшбасшысы Надежда Дубовицкаяға жақындады. Бұл қызықты бәсекеге алып келді. Спортшы қыздар қысқы уақытта олимпиадалық нормативті орындауға қанша талпынғандарымен, оларға небәрі бірнеше см ғана жеткіліксіз болды.

Дегенмен, осы Қазақстан чемпионатында екі атлетші де олимпиада лицензиясын иеленіп, 2 метр биіктікке секірген Дубовицкая Азия рекордын орнатты. Ал 1,96 м биіктікке секірген Кристина Овчинникова да Токио олимпиадасына баратын болды.

Соңғы рет рекорд 2009-жылы жаңарған болатын. Ол 1,99 метр биіктікке секірген қазақстандық Марина Аитоваға тиесілі. Ол оны Афинада орнатқан. Айта кетейік, Аитова "эстафетаны" тағы бір қазақстандық Екатерина Евсеевадан қабылдап алған еді.

Дубовицкая Қазақстан чемпионатында екі метр биіктікке секірді. Жақын арада бұл көрсеткіш өзгеруі әбден мүмкін. Дубовицкая мен Овчинникова жақсы қарқын мен ырғақты қабылдады. Бұл нәтиженің сапасына оң әсер етті. Сондай-ақ олардың қатарына Елизавета Матвеева да қосылуға талпынуда. Ол үлкен жетістікке жетуге қабілетті жас спортшылардың бірі. Сондықтан атлетші қыздарымыз төртжылдықтың басты додасында да топ жарады деген сенімдеміз.

Овчинникова мен Дубовицкаяның лицензиялары, сондай-ақ рекордтары әлі іс жүзінде бекітілмегенін айта кетейік. Нәтижелерді Халықаралық федерация мойындауы керек. Осыдан кейін барлық рекордтар мен квоталар күшіне енеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу