Азық-түлік бағасын ауыздықтаудың амалы қандай?

Маусымаралық кезеңде жылыжайлардың электр энергиясы мен газ шығындарын субсидиялау жоспарлануда. 

Азық-түлік бағасын ауыздықтаудың амалы қандай? Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ведомство басшысы әңгіменің әлқиссасын саладағы келелі мәселелерді мойындаудан бастады. 

"Маусымаралық кезеңде өніммен қамтамасыз етуде проблема бар. Негізгі тапшылық сәуір-мамыр айларында болады", – деген министр бірден мәселені шешу жолдарын ұсынды. 

Атап айтқанда, маусымаралық кезеңде халықты өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданбақ. 

Бірінші, жыл сайын ерте пісіп жетілетін дақылдардың алаңы ұлғаюда. Өткен жылмен салыстырғанда ерте пісіп жетілетін көкөністердің егіс алқабы 2,8 мың гектарға ұлғайды және әкімдіктердің жедел деректері бойынша 2023 жылы 27 мың гектарды құрады, оның ішінде картоп алаңы 2,5 мың гектарға, қырыққабат 150 гектарға, пияз 100 гектарға ұлғайған.

Екіншіден, жабық топырақтағы көкөністерді жеткілікті мөлшерде өндіру шаралары.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың алаңы 1,2 мың гектарды, жылыжайда өсірілетін қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаны құрады.

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда өнеркәсіптік жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайды және 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218,9 гектарды болды.

"Фермерлерді ынталандыру үшін жақсы құрал инвестициялық субсидиялау, оның шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25%-ын өтеу көзделген. Нәтижелерді тездету үшін қазіргі уақытта нормативті 30%-ға дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде", – деді министр. 

Бұдан басқа, жабық топырақтағы көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштардың (органикалық дақылдарды қоспағанда), пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау, суару суын беруге, қияр және қызанақ тұқымдарына субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады.  

"Бұл ретте, "Агробизнес" әмбебап кредит беру бағдарламасы шеңберінде жылыжай құрылысына кредит беріледі, бұл ретте мөлшерлеме субсидиялау есебінен 6%-ға дейін төмендейді. 2020 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша 16,7 млрд теңгеге жалпы алаңы 51 гектар болатын 14 жылыжай қаржыландырылды", – деді ведомство басшысы. 

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, елімізде фермерлік жылыжайлар алаңының қысқаруы байқалады, соңғы 3 жыл ішінде 62 гектарға төмендеді.

Жылыжай аудандарының қысқаруы өндірілетін өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына және бизнестің төмен рентабельділігіне байланысты, бұған әлемдік нарықтардағы құбылмалылыққа байланысты тауарлық-материалдық құндылықтардың күрт қымбаттауы, оның ішінде 2023 жылғы коммуналдық қызметтердің қымбаттауы және т.б. салдарлар әсер етті.

Жабық топырақта көкөніс өндірудің рентабельділігін арттыру өндіріс кезінде өзіндік құнын төмендету есебінен ғана мүмкін болатынын ескере отырып, Министрлік жылыжай шаруашылықтарын гектарлық субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Мәселен, маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газ шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарлануда. 

"Алайда бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау мақсатында субсидиялар алу үшін өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы міндетті талап болып табылады", – деді министр. 

Ол үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының тапсырмасы бойынша ҚР Сауда және интеграция министрлігі (бұдан әрі - СИМ) Министрлікпен бірлесіп 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген фермерлік жылыжайлар үшін Ұлттық стандартты (ҚР СТ 3834-2023) әзірлеу және бекіту бойынша жұмыс жүргізді.

Қазіргі уақытта Министрлік жергілікті атқарушы органдар қаулысымен бекітілген субсидиялар нормалары бойынша 1 гектарға жұмсалатын шығыстарды субсидиялауды көздейтін Субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер әзірледі.

Жылыжайшылардың тағы бір проблемасы, әсіресе биылғы жылы көмірмен қамтамасыз ету мәселесі болды. Маусымдық кезеңде жылыжай шаруашылықтары басқа тұтынушылармен бірге көмір тапшылығын немесе оның қымбаттауын сезінеді.

"Осы проблеманы шешу үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жол картасын әзірледі, оған сәйкес жазғы уақытта көмірді алдын ала дайындау, оның ішінде өңірлердегі сату нүктелерінде және көмір шұңқырларында қорларды жинақтау жұмыстары басталады", – деп атап өтті министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу