АЗЖШ орнатылмаған көлік Қазақстанға кірмейді

Артур Мискарян Артур Мискарян
23766

Жыл басынан бастап міндетті талапқа айналған АЗЖШ жүйесін автокөлікке орнатпағандарға әзірге жаза қолданылмайды.

АЗЖШ орнатылмаған көлік Қазақстанға кірмейді

Биылғы жылдың 1 қаңтарында Кедендік одақтың "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенті күшіне енді. Регламент бойынша одақтас мемлекеттердің аумағына енген автокөліктер жедел қызмет шақыру құрылғысымен немесе жүйесімен жабдықталуы тиіс, Қазақстанда бұл – АЗЖШ (апат пен зілзала кезінде жедел шақыру) жүйесі. Қазақстанда мұндай жүйені жасауға қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ғарыш техникасы және технология институты" ЕЖШС жауапты.

АЗЖШ жүйесін жасаушылар оны америкалық Е-911 және еуропалық E-Call жүйелерінің баламасы деп таныстырады. Осыған ұқсас Ресейде "Эра-Глонасс", Белорусияда "Эра-РБ" жүйелері бар. Армения мен Қызғызстанда мұндай жүйелер әлі әзірленіп жатыр. Еуразиялық одақ аумағындағы барлық жүйе бір-бірімен үйлесімді болады деп күтіліп отыр. Мысалы Ресей жүргізушісі өз автокөлігімен Қазақстан аумағында жол апатына ұрынса, осы тетікті басып, жергілікті жедел қызметтерді шақыра алады.

Бүгінгі күні АЗЖШ тетігімен жабдықталған автокөліктер тест тәртібімен жұмыс істейді.

"Техникалық жағынан бүгінгі күні барлығы дайын. Қазір бірқатар ұйымдастыру іс-шарасы өткізіліп жатыр. Дәлірек айтсақ, деректерді өңдеу орталығын пайдаланатын АЗЖШ операторын тағайындау қажет. Көлік комитеті мәселені шешті, енді әділет министрлігіне осы оператор етіп біздің компанияны тағайындау туралы бұйрық жіберілді. Бұл бұйрық әділет министрлігінен өткеннен кейін, барлық инфрақұрылым бізге пайдалануға беріледі және біз осы қызметті атқарамыз. Қазір осы іспен айналысатын заңды тұлға жоқ", – дейді Ғарыш техникасы және технология институтының ғарыштық ақпараттық технология зартханасының меңгерушісі Денис Еремин.

Автокөлікке Алматыдағы "Элеко" ЖШС-да жасалған АЗЖШ құрылғысы немесе жүйесі орналастырылуы мүмкін. Жабдықтың негізгі компоненттері: СИМ-картаға арналған модуль және GPS-модуль. Одан бөлек АЗЖШ құрылғысы автокөліктің аударылуын тіркейтін тетікпен жабдықталған, ал АЗЖШ жүйесі оған қосымша қауіпсіздік жастықтарының қосылғанын және автокөліктің соғылу күшін тіркейді. Автокөліктегі АЗЖШ құрылғысынан түскен ақпарат жедел қызметке жіберіледі, жүргізушінің өзі де SOS тетігін басу арқылы жедел қызметпен байланыса алады.

"АЗЖШ жүйесінің операторы жақын айлардың бірінде тағайындалады деп үміттенеміз. Осыдан соң оператор ұялы байланыс операторларымен келісім жасасуы тиіс, қазір осы келісімге қол қою үшін шарт жасасатын тарап болмай отыр. Жүйені жүзеге асыратын тұлға жоқ", – дейді Денис Еремин.

Елдегі ұялы байланыс операторларының желілері әртүрлі болғандықтан жақын уақытта Қазақстан аумағында АЗЖШ жүйесінің толық жұмыс істеуіне рұқсат берілмей отыр. Оның шешімі – барлық оператормен виртуалды ұялы байланыс операторын құру туралы келісім жасасу.

"Толық деңгейде жұмыс істеу үшін виртуалды ұялы байланыс операторын құру керек. Бұл жұмысты біз 2018 жылдың соңында аяқтаймыз", – дейді Денис Еремин.

Кедендік одақтың техникалық регламенті одақтас мемлекеттердің аумағына жеткізілетін көлік құралдарына қатысты қолданылады, ал 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін кіргізілген көлік құралдарына қатысты мәселені жергілікті заң реттейді. Яғни ескі автокөліктердің АЗЖШ жүйесімен жабдықталуы міндетті емес. Ал жолаушы немесе қауіпті жүк тасымалдаушы техника бұл міндеттен босатылмайды – мұндай көлік құралын сетификаттау қажеттілігінсіз АЗЖШ құрылғысымен жабдықтауға болады.

Аbctv.kz хабарлауынша, әділет министрлігінде автокөлікте АЗЖШ құрылғысының болмауына қатысты жаза қарастырылмаған, сондықтан КО регламенті күшіне енген соң да міндетті түрде АЗЖШ жүйесін орнатуды талап ету мүмкін емес.

"Бізде Қазақстанға жеткізілетін немесе осында шығарылатын автокөлікке міндетті түрде АЗЖШ жүйесін орнату талабы қабылданды. 1 қаңтардан бастап КО-ның регламенті күшіне енді. Алайда регламенттің осы нормасын сақтамағаны үшін бізде әзірге ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Ертеңнен бастап бізде ешкім көлік жеткізушілерден бұл құрылғыны орнатуды талап ете алмайды. АЗЖШ жүйесінің операторын тағайындау туралы бұйрық әділет министрлігінде жатыр. Осыдан соң оператор тіркеу рәсімінен өтіп, өз жұмысын ұйымдастыруы тиіс. Құрылғылар 2017 жылдың соңында, ал зертханалар 2018 жылы дайын болуы мүмкін. Ешкім бұл норманың орындалуын алдын-ала талап етпейді, бүгін олай жасау мүмкін емес те", – деп жазылған дереккөзде.

Енді Қазақстан аумағына көлік әкелу үшін алдымен оған АЗЖШ жүйесін орнату қажет, ал содан кейін ғана КО қауіпсіздік сертификатын алады. Ол үшін осындай екі автокөлікті арнайы полигонда краш-тесттен өткізу қажет. ЕАЭО елдерінің аумағында мұндай полигон тек Мәскеу маңындағы Дмитровта ғана бар. Автокөлік осы сертификатты алғаннан кейін ғана кедендік тазартудан өте алады.

Артур Мискарян

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться