IBA ұйымының бастамасымен Әлем чемпионаты былтыр желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты 24.KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев сол кезде алтын жүлдеге 300 мың доллар, күміс жүлдеге 150 мың доллар, қола жүлдеге 75 мың доллардан, тіпті ширек финалға шыққандардың өзіне 10 мың доллардан берілетінін мәлімдеген. Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 8,3 миллион долларды құрады.
Өкінішке қарай, арада 8 ай уақыт өтсе де, жарыс жүлдегерлері сыйақыларын ала алмай отыр. Ал Әлем чемпионатын ұйымдастырған қауымдастық және уәде берген оның басшысы ешқандай ресми мәлімдеме жасамады.
Айта кетейік, Дубайдағы дүниежүзілік додада чемпионатында Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов және Оразқұл Асылқұлов алтын медаль жеңіп алды. Сабыржан Аққалықов күміс иеленсе, Теміртас Жүсіпов пен Ертуған Зейнуллинов қоланы місе тұтты.