Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция тамызбен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа төмендеп, 9,3%-ға дейін баяулаған. Бір айдағы бағаның өсуі – 0,6%.
Инфляцияны бәсеңдетудегі негізгі үлесті азық-түлік тауары бағасының өсу қарқынының төмендеуі жалғастыруда.
– Қыркүйекте азық-түлік тауары бағасы бір айлық мәнде 0,1%-ға төмендеді. Дефляция екінші ай қатарынан байқалады. Нәтижесінде жылдық азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға дейін бәсеңдеді (тамыздағы 9,5%-дан).
Азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер бойынша баға жағдайы тұрақты болып қалады. Азық-түлік емес инфляция жылдық мәнде 11%-ға дейін бәсеңдеді. Ақылы қызмет бағасының өсуі 8,9% деңгейінде сақталды, – делінген ресми хабарламада.
Инфляциялық процестердің баяулауы аясында 2026 жылғы екінші тоқсанда халықтың нақты ақшалай табысы 0,7%-ға өскен. Инфляцияның одан әрі төмендеуі бағаның өсуінің халық табысына әсерін азайта түспек.
– Инфляцияны тежеу – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бағаны тұрақтандырумен қатар, Жоспарда еңбекақыны арттыру, оның ішінде ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, жаңа әрі сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және қосылған құны жоғары салаларды дамыту шаралары қарастырылған, – деп жазды Ұлттық экономика министрлігі ресми парақшасында.