Бағдат Мусиннің "Ashyq" жобасы – азаматтарды аңду ма?

5034

Қоғам белсенділері қос министрді сотқа бермек.

Бағдат Мусиннің "Ashyq" жобасы – азаматтарды аңду ма? Фото: inform.kz

Фантастикалық фильмдердің сценарийлерінде, футурологтар болжамында айтылғандай, болашақта мегаполис тұрғындары біліктілігіне, саяси көзқарасына, денсаулығына, мінез-құлқына және тәртібіне қарай бірнеше әлеуметтік топқа бөліп тасталады-мыс. Әсіресе, қылмыскерлердің немесе саяси тұрғыдан сенімсіз жандардың әр басқан қадамы бақыланады, олардың жүріп-тұру бағдары (үйінен – жұмысына немесе дүкенге және кері қарай) нақты белгіленеді. Егер ол аумақтан шығып кетсе, құзырлы органдарға дабыл түседі. Тәртіп сақшылары дереу тексеріп, ол элементтің бөгде аумақта не істеп жүргенін анықтайды. Айтқандай, ұқсас жүйе біраз жылдан бері шың елінің Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында енгізілгені белгілі.

Іргедегі көрші болғандықтан, одан қазақстандықтар біршама хабардар. Әрі соған үрке қарайды.

Осы орайда биыл елімізде коронавирус жұқтырған және карантинде отырған адамдардың қозғалысын қадағалайтын "Ashyq" жобасының енгізілуі қоғамның бір бөлігін тіксінтті. Жақында жұртшылықтың бір топ өкілінің елордада "Ашық" жобасына қарсы санкцияланбаған наразылық санкциясын өткізуі де содан болса керек.

Министрліктегілер Ата заңды біле ме?

Осы жобаға бастамашы болған және бірлесіп әзірлеген ведомстволарға – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге және Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға наразылық білдірілген хаттар қарша борауда.

"Қазақстандықтарға арналған "Ashyq" және QR-кодтар таңу қосымшаларын әзірлеген осы екі министрліктің өкілдері еліміздің Ата заңын біле ме екен?! Өйткені Конституцияның 14-бабында адамдарды бөле-жаруға, кемсітуге тыйым салынған. Адамды қандай да бір нышанына қарай дискриминациялауға жол берілмейді. Бұл үшін халық денсаулығын қалқан етудің қажеті жоқ! Оның үстіне Қылмыстық кодексте "Адамның және азаматтың тең құқықтылығын бұзу" деген 145-ші бап бар, жаза қарастырылған. Жобаны әзірлеушілер осы баптарды зерделеп шықсын!" – дейді өз хатында қоғам белендісі, кәсіпкер Елена Воронцова.

Оның айтуынша, "Ашық" қосымшасында азаматқа телінген түс (цвет) ПТР-тесттің нәтижесіне қарай өзгеріп отырады.

"ПТР-тестілеудің нәтижесі 3 күнге жарайды. Қосымшаны жүктеп, соның талабына бағынуға мәжбүр адамдар өз түсін тәуірге өзгерту үшін әрбір 3 күн сайын ПТР-тест тапсырады. Тест ақылы, әрі қымбат. Азаматтардың жүріс-тұрысын бұлай шектеген жөн бе?" – деп сұрайды ол. 

Екатерина Данилова да өз шағымында "Ashyq" электронды қосымшасын қолға алған биліктің "шын мақсатын" түсінгісі келеді.

"Еліміздің Конституциясының 21-бабында Қазақстан аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам ел аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар деп жазылған. Сонда азаматтардың жүріп-тұру бостандығына нұқсан келтіретін қосымшаның Қазақстанда қолданылуын қандай құжат регламенттеп, рұқсат беріп отыр? Әлде парк, сауда орталығы, фитнес орталық секілді қоғамдық орындар Қазақстан аумағына жатпай па? Бұлар келушілер үшін жеке ережелері орнатылған тәуелсіз аумақтар емес қой. Мен Қазақстан азаматы ретінде наразылығымды білдіремін! Өзімнің табиғи құқықтарымды қорғау үшін қосымша бастамашыларын сотқа беру ниетім бар", – дейді Е.Данилова.

Министрлік не дейді?

Қоғамның қысымына шыдас бермеген министрліктер алған беттерінен тез қайта қойды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың бұл қосымшаны жүктеуі және жүріс-тұрысын соған бағындыруы міндетті емес екенін жариялады.

"Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында пилоттық режимде "Ashyq" қосымшасы іске қосылған. Бұл қосымшаның негізгі функциясы – қазақстандықтарды COVID-19 жұқтырудан қорғау және бизнеске шектеу шаралары кезеңінде жұмыс істеуге мүмкіндік беру. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары: "бұл қосымша азаматтың конституциялық құқықтарын бұзады" деген алаңдаушылық білдірді. Қисынсыз жағдайларды болдырмау мақсатында мынаны атап өтеміз: аталған қосымша – міндетті шара емес, ол тек шектеу шаралары кезеңінде бұрын жұмыс істей алмаған бизнес нысандарына келушілерді қорғау құралы. Бизнес те, азаматтар да қосымшаны пайдалануға мәжбүрлендірілмейді. Кейбір интернет қолданушылар айтып жатқандай, бұл адамның дүкенге, дәріханаға баруына, аулада немесе саябақта серуендеуіне өзгеріс әкелмейді", – деді министрлік.

Б.Мусин басқаратын меморган тек бізде ғана емес, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Греция, Кипр және басқа елдерде ұқсас құралдар сәтті енгізілгенін және COVID-19 жұқтыру қаупін азайту үшін қолданылатынын еске салды.

"Бүкіл әлемде халық пен бизнес қиын кезеңді бастан өткеруде және жаңа өмір шындығына бейімделуге, шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр. Адамдарға үйреншікті белсенділіктен бас тартуға тура келуде. "Ashyq" бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Оған сәйкес, ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы ақпараттық жүйелермен салыстыру негізінде әрбір азаматқа төл мәртебесін тағайындайды", – деп түсініктеме берді цифрлық министрлік.

Алдында хабарланғандай, қос министрлік қоғамдық орындарға келушілерді КВИ жұқтырудан сақтандыру үшін "Ashyq" қосымшасы енгізген. Ол карантин кезеңінде қызметі шектелген spa-орталықтар, фитнес орталықтар, кинотеатрлар секілді бизнес нысандарында пилоттық режимде іске қосылды. Мысалы, ПТР-тесті оң болып шыққан сырқат СПА-ға келсе, онысы әшкере болып, ішке жіберілмейді.

"Енді осы орындарға бару үшін клиент арнайы QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көрсетуі қажет. Бағдарлама өз кезегінде ол адамның қызыл, сары, көк және жасыл мәртебелердің қайсысына жататынын көрсетеді. Қызыл мәртебе қозғалысты шектеуді, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйде оқшаулаудың қатаң режимін сақтауды білдіреді. Сары – қозғалысты ішінара шектеу: азамат сырқатпен байланыста болған. Мұндай пациентке үйден, оқшаулау режимін сақтайтын жерден 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етіледі", – дейді министрлік.

Көк мәртебесі барларға мысалы, әуежай секілді ПТР-тест анықтамасы талап етілетін орындардан басқа жердің бәріне баруына шектеулер жоқ деген сөз. Жасыл мәртебе адамның КВИ-ден сау екенін білдіреді.

Шенеуніктердің мәлімдеуінше, бұл мәртебелерді тағайындау – бизнеске өз қызметін жалғастыруына және өзге клиенттеріне қауіп төндірмеуге мүмкіндік береді. Келушіде смартфон жоқ болса ше? Онда бизнес нысаны келушінің мәртебесін ЖСН-ы немесе жеке куәлікте орналасқан штрих-кодты сканерлеу арқылы тексере алады.

Қазіргі кезде "Ashyq" мобильді қосымшасы App Store және Play Market-тен жүктеу үшін қолжетімді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу