Байден Израиль үшін өз елінде мұсылмандардың қолдауынан айырылып жатыр

990

Араб-америкалықтар келесі жылғы президенттік сайлауда демократ үміткерге дауыс бермейтіндерін жариялады. 

Байден Израиль үшін өз елінде мұсылмандардың қолдауынан айырылып жатыр Фото: reuters

АҚШ-тың бірнеше штатының мұсылмандар қауымдастығының лидерлері сенбі күні Детройттың шетінде өткен конференцияда президент Джо Байденді қолдауды тоқтататындарын жариялады. Олар мұндай шешімді Байден Израильдің Газаға соғысын құптағаны үшін қабылдап отыр. 

Мичигандағы демократтар Ақ үйге ескерткендей, Хамас пен Израиль арнасындағы соғыс салдарынан 2024 жылғы президенттік сайлауда Байден араб- америкалықтар тарапынан үлкен ұпай жоғалтуы мүмкін.

Мичиган, Миннессота, Аризона, Висконсин, Флорида, Джорджия, Невада, Пенсильвания штаттарынан жиналған мұсылман жетекшілері Мичиган штатының Дирборн қалашығында "Байденнен бас тарт, соғыс қазір тоқтатылсын!" деген атпен конференция өткізді. Айта кетсек, америкалық арабтардың көбі дәл осы аймақта шоғырланған. 

фото: AP

Хамас билігіндегі Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израиль мен Хамас арасындағы соғыстан қаза тапқан палестиналықтардың саны 15 жарым мыңнан асып кеткен. Сол құрбандардың үштен екі бөлігі – әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар екен. Израиль болса, қазанның 7-де хамастықтар кенеттен жасаған, шабуылдардан 1200-дей адам жоғалтты. Сонымен қатар, еврей мемлекетінен сол күні 240 адам Газаға кепілдікке алынып әкетілді. 

Осы конференцияны ұйымдастыруға жәрдемдескен миннеаполистік Джайнлани Хусейннің сөзінше, Байденнің атысты тоқтатуға шақырмауы  оның америкалық мұсылмандар қауымдастықтарымен арадағы қатынастарына орны толмас нұқсан келтірді. 

"Отбасылар мен балалар біз төлеген салықтан қырылып жатыр. Бүгін көріп отырғанымыз – қасірет үстіне қасірет. Біздің қоғамдастық ызаланып отыр. Бізді қатты ашындырған жайттардың  бірі - көпшілігіміз президент Байденге дауыс бердік. Кейбіріміз сол 2020 жылғы сайлау бюллетенін қайтарып алып, оны жойғысы келеді", - дейді Хусейн Associated Press агенттігіне берген сұқбатында.

Reuters

Ақ үйдің өкілі Эндрю Бейтс мәлімдегендей, Байден әкімшілігі Газа секторына жәрдем кіргізу үшін қарулы қақтығыстарға гуманитарлық үзіліс жариялауды талап етіп жатыр. Тағы бір сөзінде ол "антисемитизм уымен күресу мен Израильдің өзін-өзі қорғау жолындағы суверендік құқығын сақтау Байден әкімшілігі үшін негізгі құндылықтар болып саналады".

Мичиган, Висконсин және Пенсильвания - 2020 жылғы сайлауда Байденнің жеңіске жетуіне көмектескен маңызды штаттар. Жалпы алғанда, АҚШ-та 3,45 миллион америкалық өзін мұсылманмын деп есептейді. Бұл – осы ел халқының 1,1 пайызы. Ал Pew Research Center зерттеуіне қарағада, осынау демографиялық топ демократтарға жақын. 

Бірақ сенбі күні мұсылман лидерлері айтқандай, Газада палестиналық бейбіт тұрғындар қырылған сайын сол қолдау жоғалып барады. 

"Біз, америкалық мұсылмандар, дәрменсіз емеспіз. Біз күштіміз. Бізде ақша ғана емес, нақты дауыстар да жеткілікті. Біз сол дауысты бұл халықты өзінен құтқаруға пайдаланамыз. Бізде екі вариант жоқ. Бізде бірнеше вариант бар. Соны жүзеге асыруға әрекет жасаймыз", - дейді Хусейн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу