Байден Путиннің Украинаға шабуыл жасауын "өте-мөте қиындататынын" ескертті

3203

Ертеңгі виртуалдық әңгіме қарсаңында Америка президенті Кремль басшысының НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпеу туралы ұсынысын қабылдамады. Батыс қазір Украина армиясы мен санкциялар пәрменінің бұрынғыдан күшейгеніне сенімді екенін аңғартып отыр. 

Байден Путиннің Украинаға шабуыл жасауын "өте-мөте қиындататынын" ескертті

Президент Джо Байден мен Владимир Путин сейсенбі күні бейнебайланысқа шығып сөйлеседі. Мұны Ақ үй де, Кремль де растап отыр. Виртуалдық келіссөздер Ресей жауынгерлерінің Украина маңына мыңдап шоғырлануынан АҚШ пен РФ қатынастары шиеленіскен шақта өтейін деп отыр. Батысқа сенсек, Мәскеу көрші елге әскер кіргізуі ғажап емес.

Ертеңгі "бейнекездесуде" Байден Ресейдің шекарадағы белсенділігіне Құрама Шаттардың алаңдап отырғанын жеткізіп, Вашингтонның Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғайтынын ескертпек. Мұндай әңгіме болатынын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки сенбі күні хабарлады.

Путин де елең-алаң. Кремль өкілінің мәлімдеуінше, Ресей президенті америкалық әріптесіне Украинаның НАТО-ға өту жолындағы кез-келген әрекеті Мәскеудің қарсылығын тудыратынын ұқтыруға тырыспақ. Сонымен қатар Дмитрий Песков айтқандай, алдағы келіссөздердің қанша уақытқа созылатынын "президенттер өздері шешпек".

Екі держава лидерлері соңғы рет шілденің 9-ында бір-бірімен хабарласты. Сол кезде Байден Путинге ресейлік хакерлердің ақша бопсалау мақсатында Құрама Штаттарға шабуыл жасауын тоқтату туралы талап қойып, Американың маңызды инфрақұрылымдарын қорғау үшін кез-келген әрекетке дайын екенін ескерткен еді. Дегенмен содан бері кибершабуылдар доғарылған жоқ.

Ресей АҚШ-тан Украинаның НАТО-ға кірмейтініне кепілдік беруді сұрап отыр. Бірақ НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг өткен аптада мәлімдегендей, өзге елдер мен одақтардың кеңею жоспарына Мәскеудің араласпағаны жөн  Көптеген дипломаттардың пікірінше, Путин мұндай ұсынысты Байденге айтқанымен, одан Ресей үшін оңтайлы нәтиже шығара алмайды.

Америкалық барлаушылардың дерегінше, Ресей өзінің Украинамен арадағы шекарасына 70 мыңдай жауынгер шоғырландырып, 2022 жылдың басында көрші елге басып кіруді жоспарлап отырған сыңайлы. "Вашингтон пост" газеті бұл соғысқа Кремль 175 мың сарбазбен және бронетехникамен, артиллериямен қамтылған 100 тактикалық батальонды жұмылдыратынын хабарлады.

Дегенмен кейбір бақылаушылар Путин мұндай басқыншылыққа баратын болса, оның орасан зардабын тартады деген пікірде.

АҚШ әкімшілігінің өкілдері мен бұрынғы америкалық дипломаттардың айтуынша, Ресей президенті шапқыншылыққа айқын әзірленіп жатқанымен, қару-жарағы жаңарған Украина армиясы да соғысқа бұрынғыдан әлдеқайда жақсы дайындалып отыр. Ал Батыстың санкциялары Ресей экономикасына айтарлықтай зиян әкелуі мүмкін.

Украина өкілдері Ресей қарулы күштерінің елге келесі айда басып кіретінін хабарлап отыр. Украина Қорғаныс министрі Алексей Резниковтың есебінше, Мәскеу Донбасс пен Қырым маңына 94 300-дей жауынгер мен офицер орналастырған. Олар "кең ауқымды эскалацияны" қаңтарда бастауы ықтимал.

Украина Президенті Владимир Зеленский болса, жақында бір топ ресейлік пен украиналықты елде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптап, сол бүлікшілердің украиналық олигарх Ринат Ахметовпен байланыста екенін атап өтті. Алайда Кремль де, Ахметов та мұны жоққа шығарып отыр.

Өзге бір бейресми ақпаратқа жүгінсек, Байден алдағы аптада Зеленскиймен де сөйлесуі мүмкін.

Байден Путиннің Украинаны НАТО-ға алмауға кепілдік беру туралы ұсынысын қабылдамайтынын айтып отыр.

"Путинмен арада ұзақ әңгіме болады деп ойлаймын. Алайда мен ешқандай қызыл сызықты аттамау туралы ескертуді қабылдай алмаймын", – дейді Америка президенті.

Байден мен оның кеңесшілері Путинді басқыншылыққа жібермеу жөнінде кешенді бастамалар әзірлеп жатыр. Бұл инициативалардың мән-жайы бүгінше әшкереленген жоқ. Бірақ Ақ үй әкімшілігі Ресейге қосымша санкциялар жариялау мәселесін еуропалық одақтастарымен де талқылап үлгерген.

"Менің істеп жатқаным – Путин мырзаның алға басуын өте-мөте қиындататын жан-жақты әрі мағыналы бастамалар жиынтығы деп ойлаймын", – дейді Байден.

АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин болса, Вашингтонның Украинаны өз территориясын қорғауға қажетті барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз ететінін жеткізді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Стокгольмде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесіп, оған АҚШ пен оның еуропалық одақтастарының "Ресей Украинаға басқыншылық жасаса, оған ауыр шығындар мен зардаптар әкелетінін" ескерткен.

Мәскеу Киевті әскери әлеуетін жанталаса арттырып жатыр деп айыптай бастады. Сонымен қатар Ресей Украинаға соғыс ашады деген болжамдарды жоққа шығарып, өз әскерін ел аумағының кез-келген жеріне жылжытуға құқылы екенін мәлімдеп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу