Байден ресейлік олигархтардың байлығын Украинаға жұмсауды қалайды

1997

Конгресс сол активтерді тәркілеу туралы заң қабылдады. 

Байден ресейлік олигархтардың байлығын Украинаға жұмсауды қалайды

Президент Джо Байден ресейлік олигархтардың яхталарын, сәнді үйлерін және басқа да активтерін тәркілеп қана қоймай, сол қымбат дүниелерді сатып, оның ақшасын Украинаны қалпына келтіруге жұмсағысы келеді.

Осы мақсатпен Байден Конгресстен бұл процесті жеңілдетуді сұрап отыр.

Вашингтон Ресейдің әскери шабуылдарын тоқтатуға және Мәскеуге Украинаны қорғауға жұмсалған орасан шығындарды өтетуге ниетті. Сол үшін Байден әкімшілігі бейсенбі күні Конгресті ресейлік элитадан, Байден айтқандай "жаман жігіттерден" тартып алынған активтерді жою үшін АҚШ үкіметінің өкілеттігін арттыруға шақырды.

Қандай істер атқарылды?

Сәрсенбі күні Өкілдер палатасы "Украинаны қалпына келтіру үшін активтерді тәркілеу туралы" заңды қабылдады. Оған тек төрт заң шығарушы ғана қарсы шыққан. Енді Сенатқа жіберілетін заң жобасы президентке санкцияға іліккен тұлғалардың мүлкін тәркілеуге және жоюға мүмкіндік береді. Бұл байлықты тек белгілі бір мақсаттарға пайдалануға болады.

Ақ үй жаңа заңның санкциялардан жалтаруды қиындататынын және америкалық әкімшіліктің тәркіленген қорды "Ресейдің Украинаға агрессиясының зиянын жоюға" пайдаланғысы келетінін мәлімдеді.

Жаңа заңнама үкіметке неге керек?

Қолданыстағы федералдық заңға сәйкес, тәркіленген қаражатты қалай жұмсауға болатынын анықтау құқығы тек Әділет департаментіне берілген. Ал Байден әкімшілігі бұғатталған және тыйым салынған мүліктен түскен қаражатты қалай пайдалану керектігін шешуді жеңілдетуді қалап отыр.

Қанша дүние тәркіленді?

Ақ үйдің хабарлауынша, Қазынашылық департаменті құны 1 млрд доллардан асатын кемелер мен ұшақтарды санкцияға алып, бұғаттап, ресейлік элитаның жүздеген миллион долларлық активтері сақталған банк шоттарын тоқтатқан. Бейсенбі күні палата комитетінің тыңдауы кезінде Қазынашылық департаментінің Қаржылық қылмысқа қарсы күрес желісі директорының міндетін атқарушы Химамаули Дас ресейлік олигархтармен байланысы бар 2000 күдікті әрекет туралы есеп алғанын хабарлады. Олардың 271-і барлау және құқық қорғау органдарына және Қазынашылықтың санкциялар бөліміне жіберілген.

Тәркіленген активтерді қалай пайдалануға болады?

Палата мақұлдаған активтерді тәркілеу туралы ұсыныс президенттің ұсынысынан әлдеқайда шектеулі. Байден тәркіленген қордың Украинаны жанжалдан кейін қалпына келтіруге, украиналық босқындарға қолдау көрсетуге, Украинаны әскери қару-жарақпен қамтамасыз етуге жұмсалғанын қалап отыр.

Бұған қоса, заң жобасы күшіне енгеннен кейін екі жыл ішінде және Ресей Украинаға басқыншылықты жалғастырып жатқанда ғана америкалық әкімшілік аталған активтерді тәркілей алады. Президент Байден құны 5 миллион доллардан жоғары активтердің иесіне қарулы қақтығыстар жүріп жатқан шақта санкция жариялағаны белгілі.  

Кейбір адвокаттардың айтуынша, бұл қаражатты іс жүзінде жою және пайдалану процесі жылдарға созылуы мүмкін.

Ресей орталық банкінің активтері ше?

Байденнің Конгресске жіберген пакеті Ресей Орталық банкінің активтеріне қатысты емес.

Алайда Ресейдің 600 миллиард доллардан астам шетелдік резервтік қорын АҚШ пен оның одақтастары бұғаттағаны анық.

Құрама Штаттардың қаржы министрі Джанет Йеллен өткен аптада Ресей Орталық банкінің бұғатталған қаражатын Украинаны қолдауға пайдалану мүмкіндігін қарастыру керектігін, бірақ "мұны жеңіл-желпі жасағысы келмейтінін", ол жайында АҚШ-тың одақтастарымен және серіктестерімен консенсус керектігін мәлімдеді.

Өткен аптада Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің басшыларына жолдаған виртуалдық үндеуінде Украина Президенті Владимир Зеленский санкцияға іліккен мүліктен түскен қаражат пен РФ Орталық банкінің резервтері Украинаның шығынын өтеуге пайдаланылуы керек деген еді.

Жемқорлықтан түскен қорды пайдалану туралы заң қалай әрекет етеді?

АҚШ Әділет министрлігі мен қаржы минирстрлігі санкциялардан жалтарған ресейлік олигархтардың активтерін нысанаға ала бастады. Солардың ішінде Испанияда табылған және Ресей Президенті Владимир Путинмен жақын байланыстағы олигархқа тиесілі яхта бар.

Бас прокурор Меррик Гарланд бейсенбіде Әділет министрлігінің ресейлік олигархтармен айналысатын KleptoCapture атты жұмыс тобының "уақыт өте келе кемінде 30 күрделі тергеуді" жүргізетінін атап өтті.

АҚШ үкіметі аукционда сатылғанға дейін сол мега яхталарды ұстау, тасымалдау және тұраққа қою үшін төлеуі керек болады. Ал сатудан түскен қаражат Әділет департаментінің активтерді тәркілеу қорына түседі.

"Үкімет тәркілеу қаражатының бір бөлігін Украинаны қолдау үшін пайдаланғысы келеді. Дегенмен заң қазір бұған оңай жол бермейді", – деді Гарланд бейсенбі күні палатаның ішкі комитетінде өткен тыңдау барысында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу