Байқау – баршаға, жеңіс – біреуге

Клара Ларина Клара Ларина
11406

Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру керекті компанияларды өткізуге қолайлы әдіске айналды. 

Байқау  – баршаға, жеңіс – біреуге

Оңтүстік Қазақстан облысында (ОҚО) мемлекеттік сатып алу барысында байқауға қатысушылардың ішінен өзгелерді ығыстыру жолымен нақты бір компанияға артықшылық беру тәжірибесі терең тамыр жайған. Ұйымдастырушылар байқауға қатысушыларға түрлі жасанды тосқауыл қойып, жалғыз компанияны қалдырады да, байқау "өткізілмеді" деп танылғаннан кейін, онымен бір көзден алу шартына отырады.

Мұндай құйтұрқы тәсіл белгілі бір қызмет көрсетуші компанияның жеңісіне "мүдделі" шенеуніктердің тиімді айласына айналды. Бұл мәселе ОҚО Кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңесінің соңғы отырысында сөз болды.

Төрт ЖШС ("Промстройсервис. Е", "Авто-Б.А.Н.", "Берен", "Улмад") басшыларының Кәсіпкерлердің аймақтық палатасына (КАП) ОҚО мемлекеттік сатып алу басқармасы қызметшілерінің заңсыз әрекеттеріне шағымданған арыздарын қарау барысында жалғыз мақсат – барлық бәсекелесті құлату болды деген қорытынды жасауға себепші болды.

Мысалға, "Промстройсервис. Е" ЖШС басқармасы өткізген ОҚО Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы 300 орынды №100 орта мектеп салу электронды байқауына қатысқан, ал "Авто-Б.А.Н." ЖШС Сарыағаш ауданы Абай ауылының №13 колледжіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу байқауына қатысты.

Басқарманың байқау комиссиясы олардың өтінішін қабылдамаған. Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ОҚО бойынша департаменті өткізген камеральді бақылау қорытындысы бұл фактілерді негізсіз деп таныды. Байқау қорытындысын жарамсыз деген шешім қабылданып, мемлекеттік сатып алу басқармасына заңсыздықты жою туралы ескеру жасалды.

Алайда,  ОҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімнің сарапшысы Талғат Егембердиевтің айтуынша, соған қарамастан бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу шартына қол қойылған. Одан бөлек  басқарма ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне камеральді бақылау ескертуінде көрсетілген заңсыздықпен келіспейтінін білдіріп, қарсы хат жолдаған.

Аудиторлық тексеріс екінші рет заңсыздықтарды растады. Бірақ, ескерту сол күйі орындалмады. Осыған ұқсас жағдай кәсіпкерлердің аймақтық палатасына (КАП) жолданған барлық өтініш авторларының басына түскен. Егембердиевтің мәліметі бойынша, жоғарыда аталған төрт құрылыс компаниясы 12 байқауда құқы бұзылғанын айтып шағым берді және олардың дәлелдері құпталды: 9 байқауда өтінішті негізсіз қабылдамаған факті және өзге де заңсыздық анықталды.

ОҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камеральді бақылау қорытындылары бойынша 7 байқаудың нәтижесі жойылды. Екі байқау бойынша шығарылған ұйғарымға тиісті жауап берілмеді – басқарма мемлекеттік сатып алу рәсімін бір көзден алу тәсілімен өткізді.

"Верен" ЖШС-нің директоры Гүлмира Әбішева компанияның тендерге қатысу тәжірибесі жайлы бар сырын айтты: "Бізде заңды, адал жолмен, тәсілмен мемлекеттік сатып алу байқауында жеңіске жетуге жол бар ма? – деген сауалға жауап беру үшін біз статистика жүргіздік. Соған сүйенсек, былтырғы жылы біз 15 тендерге қатысыппыз, биылғы жылы 12 тендер және бір де біреуінде жеңіске жетпедік. Біздің компания құрылыс нарығында 2001 жылдан бері жұмыс істейді.  Бізде барлық қажетті материалды-техникалық жабдық, білікті маман, бірінші санатты лицензия, мектеп, аурухана, балабақша, су қондырғыларын салуда үлкен тәжірибеміз бар. Соған қарамастан біздің өтінішіміз үнемі қабылданбайды", – дейді ол. 

Оның сөзіне қарағанда, бас тартудың себептері ретінде заң бойынша өтінішті қабылдамауға негіз бола алмайтын, алдын-ала құлақтандыру хаттамасында көрсетілмеген ескертулер болды: жекелеген машина мен механизмге берілген техникалық төлқұжатты талап ету, ресурстық сметада аталмаған құрал-жабдықты талап ету, материалдық-еңбек ресурстарының көтеріңкі талаптары. Кейбір жағдайда қабылдамау себебі мүлде аталмайды, әрі кетсе белгілі бір бапқа сілтеме жасалады. Сол себепті компания несімен "сәйкес келмегенін" түсіне алмайды. Ал шағымданған әрекеті де нәтиже бермеген.

"Соңғы 9 жағдай бойынша біз қаржылық бақылауға жүгіндік. Әзірше тек төртеуі бойынша ғана жауап алдық, оның өзі кешіктіріліп берілді. Шағымды сәуір айында бергенбіз, ал жауап барлық жұмыс аяқталып, келісімшарт жасалып, құрылыс қарқынды жүріп жатқан кезде, маусым айында берілді", – деп Гүлмира Әбішева ренішін жасырмады.

Оның пайымдауынша, аймақта шағымдану жүйесі мүлде жұмыс істемейді. Ірі тендерлердің 2/3 бөлігі бір көзден алу тәсілімен жүргізіледі. Кәсіпкерлердің шағымдары бойынша жұмыс барысында Палатаның сарапшылары сомасы 100 млн теңгеден жоғары құрылыс жұмысын жүргізуге арналған тендерлердің қорытындысын талдау қажет деп шешті. Нәтижесінде ұнамды көрініс анықталды.

Талғат  Егембердиев айтқандай, жылдың басынан бері  аймақта осындай 49 тендер өткізілген, оның 34-нде, яғни 70%, тек 1 ғана компанияға байқауға қасуына рұқсат беріліпті. Соның салдарынан байқау өткізілмеді деп танылып, бір көзден алу тәсілі арқылы шарт жасалды. Шарт нақты қандай компаниямен жасалды, әртүрлі байқауда тек сол бір "таңдаулы" қатыспайды ма деген сауалдарға КАП жауап қатқан жоқ.

Бұл ретте әр байқауда 8-10 ықтимал қатысушы болғаны анықталды және біреуінен басқасының барлығы шет қалған. "Статистика мынадай қорытынды жасауға негіз болып отыр. Әлеуетті өнім берушілерге қарсы жасанды әкімшілік бөгет қою жүйелі сипат алды. Мұның барлығы "байқау өткізілмеді" деп, нақты бір фирмамен бір көзден алу тәсілі арқылы шарт жасау үшін істеледі. Яғни, жасырын лобби орындалады.

Айта кету керек, басқарма ОҚО-дағы мемлекеттік сатып алу саласындағы жалғыз ұйымдастырушы болып табылады және аталған орган мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін заң мен қағидаларға сәйкес орындау үшін арнайы құрылған болатын. Алайда, шындық керісінше екеніне көз жетіп отыр", – деп көрсетеді Талғат Егембердиев.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ғазизбек Натбаев анықталған тәжірибені байқау рәсімдері мен талаптарына "сәйкес келмейді" деп бір өтініштен басқасының барлығын қабылдамай, қажетсіз қатысушылардан  құтылуға арналған  жөнге салынған жүйе деп атады.

Өз кезегінде Талғат Егембердиев мынаны мойындайды: Мәселе мынада – жалпы алғанда, заң жүзінде аталған жағдайда мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімі бұзылған жоқ, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң байқау өткізілмеді деп танылғанда, бір көзден алу тәсілі арқылы сатып алу өткізілуі мүмкін дегенге саяды.

Қызығы сол, бұл заңдағы ыңғайлы амал ретінде бой көрсетеді. "Егер байқау өткізілмеді деп танылса, ұйымдастырушы  қайтадан екінші байқау жариялауы мүмкін. Таңдау құқығы тапсырыс берушіге беріледі: ол рәсімді бір көзден алу тәсілімен өткізеді не қайтадан конкурс жариялайды. Алайда, мемлекеттік сатып алу басқармасы тек бірінші  нұсқаны жөн көреді", – деп баса айтты КАП-тың сарапшысы.

Ғазизбек Натбаев тағы бірқатар жайтқа назар аударды: "Анықталған әр факті – бұл шенеуніктерді 100 АЕК көлемінде айыппұл салып әкімшілік жауапкершілікке тарту деген сөз. Біздегі мәлімет бойынша, жыл басынан бері жауапты тұлғаларға әлденеше рет айыппұл салынған.

Алайда, анықталған заңсыздықтар мен айыппұлдарға қарамастан,  байқау комиссиясының құрамы жыл басынан бері өзгермепті. Дәл сол баяғы комиссия мүшелері,  сол баяғы заңсыздықтар, сол баяғы айыппұлдар – түк өзгеріс жоқ! Тағы бір мәселе, оларға қандай көздерден айыппұл салынатынын  анықтау қажет".

Abctv.kz тілшісі пікірталас барысында мемлекеттік сатып алу бойынша облыс басқармасынан келген шенеуніктің әңгіме басында шағым берген кәсіпкер наразылығының мәнісін күйгелектеп түсіндіруге тырысқанмен, оған қарсы шыққан ақпарат пен статистикалық мәліметті естігенде аузына құм құйылғандай тынып қалғанын байқады. Ал ОҚО бойынша ішкі аудит департаменті өкілдерінің қарасы отырыста мүлде көрінген жоқ.

Бірақ, Кеңес мүшелерінің ойынша, дәл осы мемлекеттік сатып алу саласын бақылау жөніндегі өкілетті орган әрекетсіздік пен немқұрайлылық көрсетті. Мысалға, облыс прокуратурасы департаментке заңсыздықтарды жоюға шара қолданбаған кінәлі қызметкерлерді тәртіптік жазаға тарту мәселесін қарастыруға нұсқау берді. ОҚО кәсіпкерлер құқын қорғайтын кеңес төрағасының орынбасары, "Лекс-Сервис" адвокаттық кеңсесінің басшысы Мелес Сейтжанов, орын алған жағдайда жергілікті билікті, мемлекеттік және қоғамдық органдарды құлақтандырып, дабыл қағу керек деп есептейді.

Отырыста мемлекеттік сатып алу саласындағы жүйелі мәселелерді қарастыру қорытындылары бойынша оқиғаны құқықтық тұрғыдан бағалау және мемлекеттік сатып алу жөніндегі облыстық басқарманың байқау комиссиясы мүшелеріне және өзге жауапты тұлғаларға қатысты шара қолдану үшін материалдарды құқық қорғау органдарына, оның ішінде облыстық прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық бюроға, бизнес-омбудсменіне жолдау туралы шешім қабылданды.

Клара Ларина, Шымкент

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу