Байқоңыр. Гептил. Ғарыш

3388

Байқоңырда онкологиялық аурулар көбейген.

Байқоңыр. Гептил. Ғарыш

Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов Байқоңыр ғарыш айлағы қызметі салдарынан тұрғындарға қауіп төніп тұрғанын айтып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, өңірдегі тұрғындар онкология және орталық жүйке жүйесі ауруларымен жиі ауыра бастаған. Олар бұл жағдайды ғарыш айлағының жұмысымен байланыстырады.

"Ұзақ жылдар бойы Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон", "Циклон", "Днепр", "Циклон-М" зымыран-тасығыштары ұшырылды. Осы зымырандардың сұйық реактивті қозғалтқыштарында асимметриялық диметилгидразин (НДМГ) немесе гептил қолданылды. Гептил өте қауіпті: оның бір литр судағы бір микрограмы адамды өлтіріп жібереді", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Арман Қожахметов ресейлік ғалымдардың зерттеуіне тоқталды.

"Оған сәйкес, зымыран-тасығышының бірінші бөлігінің құлауынан қоршаған ортаға орны толмас зиян келеді. Себебі, топыраққа зымыран отынының улы қалдығы сіңеді. Гептил және одан ыдыраған бөліктер сумен топыраққа терең еніп, жер асты суларына жетеді. Осылайша, улы қалдық су құбырлары арқылы жергілікті тұрғындарға жетеді. Сондай-ақ, мұндай топырақта өскен өсімдіктер де улы заттарды бөледі. Бұл адамдарға да зиянын тигізеді", - деді депутат.

Ол Байқоңырдан (1959 жылдан бері) ғарыш кемелері ұшырылғаннан бастап, Қазақстан, Алтай Республикасы және Алтай өлкесі аумағына 600-ден аса зымыран құлағанын атап өтті. Жоғары уытты "қоқыстың" жалпы салмағы 3 мың тоннадан асады.

Депутаттың мәліметінше, соңғы 10 жылда Қазақстанда 3 апат (зымыран отынның төгілуімен байланысты) тіркелген: 2006 жылы "РС-20" ("Днепр") құрлықаралық баллистикалық зымыраны, 2007 және 2013 жылдары "Протон-М" замыран тасығышы құлаған.

Сонымен қатар 2018 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданына "Союз-ФГ" құрлықаралық баллистикалық зымыраны мен "Союз МС-10" ғарыш кемесі құлаған еді.

"Қазақстандық ғалымдардың пікірінше, Ресей тарапы қаржыландыратын зымыран тасығыштардың салдарын жоюға бағытталған бағдарламалар 3 жылға есептелген. Алайда бұл уақыт зиянды анықтап, оны жоюға жеткіліксіз. Қазақстандық ғалымдар жүргізген экологиялық зерттеу құлаған зымыран-тасығышының салдарын жоюға және топырақ-өсімдік жамылғысын қалпына келтіруге шамамен 10 жыл керегін дәлелдеген. Осы уақыт аралығында қоршаған ортаға бақылау жүргізіп отыру қажет", - деді Арман Қожахметов.

Сондай-ақ депутат мәселені шешу үшін ауқымды жұмыстар жүргізуге шақырды:

  • Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес аумақтардың ластануы мен зымырандардың құлау аумағы туралы ақпарат беру;
  • Байқоңыр ғарыш айлағында және зымыран-тасығыш құлағын өңірде тұратын халық үшін жыл сайын скринингтік тексеру жүргізуді ұйымдастыру; 
  • Зымыран қалдықтарының құлау аумағы мен апат орындарын, топырақ пен судағы гептилдің құрамын анықтау бойынша кешенді ғылыми зерттеуді ұйымдастыру;
  • Зымыран отынының химиялық элементтерін залалсыздандыру және қоршаған ортаны қалпына келтіру әдістерін зерттеу үшін қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерін жыл сайын қаржыландыруды белгілеу;

Қарағанды облысы Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау ауданының Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес жатқандықтан елдімекендерді экологиялық дағдарыс жағдайына дейінгі аумақтарға енгізу мәселесін қарастыру керек.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу