Байқоңыр қаласының хәлі мүшкіл

4836

РФ қарауындағы қазақстандық қаланың Ресеймен бірге деградациялануы алаңдатады.

Байқоңыр қаласының хәлі мүшкіл

Ресми мәлімет бойынша Байқоңыр қаласы – "Қазақстанның жалға беру жағдайында жұмыс істейтін әкімшілік-аумақтық бірлігі болып табылады". Ол Ресей Федерациясының ғарыш саласын дамыту міндеттерін орындауды қамтамасыз ететін "Байқоңыр" кешенінің әкімшілік және әлеуметтік-мәдени орталығы. Бұл енді Ресей тарапының анықтамасы.

"Байқоңыр" ғарыш айлағы солтүстік көршіге 2050 жылға дейін жалға берілгені мәлім. 2022 жылы Ресей Қазақстанға "Байқоңыр" кешенін пайдаланғаны үшін 52 млрд 143,5 млн теңге, ал 2023 жылы 54 млрд 50 млн теңге сомасында жалдау төлемақысын төлеуге тиіс.

Ғарыш айлағын жалға алып отыр дегенмен, Байқоңыр қаласының әкімшілігі де, оның ресми сайты да тек қана орыс тілінде жұмыс істейді. Қала мэрін Мәскеу тағайындайды. 

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев командасының "құлағына алтын сырға" облыс әкімдігінің ресми сайтында Байқоңыр қаласына арналған бөлім де жоқ.

Ресми дерек бойынша бүгінде қалада 67 169 тұрғын тұрады. Оның 8 979-ы – зейнеткер.

Жұмыссыздық пен қылмыс өршіді

Соңғы жылдары қала жұртшылығының жағдайы нашарлай бастапты. Кәсіпкерлер және тұрғындар Қазақстан және Ресей президенттеріне бірнеше рет ашық хат жазды. Дегенмен мәселелердің сол бойы шешілмегенін айтады. Хат иелері қаланың Қазақстанның қарауына қайтарылғанын да жөн көреді.

"Қазақстан мен Ресейдің жоғарғы басшылықтары тарапынан Байқоңырдың стратегиялық маңызы туралы көп айтылғанына қарамастан, қаланың өзінде ахуал еш сын көтермейді және жыл сайын құлдырап барады. Кейбір мәселеде апат жағдайына жетті. Жұмыссыздық, медициналық және әлеуметтік қамсыздандыру проблемалары шешілмей, үстемелене түсуде. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер құны тонауға көбірек ұқсайды. Байқоңыр кешенінің де, шаһарының да инфрақұрылымы күйреп жатыр. Салықтық ауыртпалық ұдайы әрі негізсіз артуда. Қалада тіркеуге (прописка) тұру түгіл, оған кіру де күрделендіріле түсті. Әділ сот төрелігі қолжетімсіз. Осы және басқа түйткілдер созылмалы сипат алды. Жұмыстың жоқтығы қалада әлеуметтік кернеуді күшейтеді. Тұрғындардың тұрмысы нашарлады. Бизнеске әкімшілік кедергілер көп. Салық заңнамасы жемқорлыққа сеп болатын олқылыққа толы. Банктерде несие алу қиын, осы және басқа проблемалар бизнес нысандарының, ұйымдарының жабылуына соқтырды", – деп жазылған Д.Оразов, М.Ақбаева, Ж.Сауақасова және басқа да 46 кәсіпкер мен тұрғын қол қойған шағымда.

Олардың айтуынша, қала әкімшілігінің басшысы (қалада Қазақстандағыдай әкім мен әкімдік жоқ) және Ресейден тағайындалған басқа да лауазымды тұлғалар проблеманы шешу орнына сырғытпа жауап жолдаумен айналысады. Байқоңыр кешенінің жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссия әлеуметтік мәселелермен шұғылданбайтынын мәлімдейді екен.

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Қазақстан өзі қамқорлық танытып, қаланың әлеуметтік, экономикалық мәселелерін шешпесе, көршінің оған мойын бұруға шамасы жетпейтінін қаперге салды.

"Мәжілісте бұл мәселені талай көтердік, алайда шенеуніктер Байқоңыр Ресей жауапкершілігіндегі қала деп жалтаруға дайын тұрады. Байқоңырда біздің Қауымдастыққа кіретін ауған ардагерлерінің ұйымы бар, сол арқылы жекелеген мәселелерді шешуге тырысамыз. Ал Байқоңыр қаласындағы проблемалар кешенді көзқарасты, мемлекетаралық жаңа келісімдерді қажет етеді. Осы өңірде әлеуметтік-экономикалық ахуалды сауықтыруға, әлеуметтік қамсындандыруға, жұмыспен қамтуға, медицинаға, қала инфрақұрылымын қалпына келтіруге бағытталған нақты үкіметтік жоспар болғаны жөн. Тіпті арендадан алынатын 54 миллиард теңгені Байқоңыр, Ақай мен Төретамның жылдар бойы қордаланған мәселелерін шешуге жұмсауға болар еді. Қаланы жалға бергенбіз деп қарап отырсақ, ол жайрап тынуы мүмкін. Ертең Ресей кетіп жатса, онда жаңғыртатын ештеңе қалмауы ықтимал, соған жеткізбеу керек", – деді Б.Смағұл.

Байқоңырда РФ азаматтары басым деген пікір алға тартылып жүр, демек, оларға Ресейдің өзі қамқорлық жасауы керек емес пе?

"Біздің ауған ардагерлерінің хабарлауынша, РФ азаматтары жаппай кетіп жатыр. 2022 жылдың қаңтарында Ресей президентінің жарлығы күшіне енді. Оған сәйкес, "Байқоңыр" аумағынан қоныс аударатын РФ азаматтарына РФ аумағында тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік төлемдер ұсынылады. Нақтыласақ, мемлекеттік тұрғын үй сертификаты беріледі, оны алған РФ азаматы 7 ай ішінде Ресейдің өзінде баспана сатып алып, Байқоңырдан көшіп үлгеруі керек. Қазірдің өзінде 2023 жылға 995 отбасыға Ресейге қоныс аударуға сертификат берілген, бұл ретте әрбір отбасыда 1-ден 6-ға дейін адам бар. Биылғы 24 қаңтарда 2024 жылы сертификат алғысы келетіндерден өтініш қабылдау басталған. Былтыр Ресейге 2 211 адам көшіпті. Ендеше Байқоңырда ақыр соңында негізінен қазақстандықтар қалады. Олардың қамын қазірден жасаған абзал. Әйтпесе, РФ әскери бөлімдерінің белсенді шығарыла бастауына, көптеген кәсіпорынның жабылуына, штат қысқартуына, қала кәсіпорындарына жұмысқа тұрудың күрделенуіне байланысты жұмыссыздық проблемасы ушығып кеткен. Жұртшылық қала әкімшілігінің туризмді дамытуға да жете мән бермей отырғанына шағымданды", – деді Бақытбек Смағұл.

Оның байламынша, егер ең құрығанда, туризмді дамытса, шетелдік туристердің Байқоңырға еркін келуіне жол ашса, онда туристік қызмет өркен жайып, түрлі фирмалар құрылып, көптеген жұмыс орны ашылар еді. Бірақ космодромның құпиясы көп деген сылтаумен оған кедергі жетерлік.

Қала әкімшілігінің мәліметінше, жергілікті Жұмыспен қамту орталығында (ГКУ "ЦЗН г.Байконур") 118 адам ғана жұмысыз ретінде тіркелген. Жұмысқа қабілетті жастағы тұрғындарға шаққанда ресми жұмыссыздық деңгейі небары 0,6% көрінеді.

Қала белсенділері мұның шынайы сан екеніне күмәнданады. Өйткені мысалы, Қызылорда облысының Қармақшы ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз 347 байқоңырлық тіркеліпті.

Жалпы, қала тұрғындарының хабарлауынша, РФ әскери бөлімдерін жою және зымырандық-ғарыштық саланы қайта құрылымдау барысында босап жатқан қала объектілері мен ғарыш айлағының нысандары пайдаланылмайтын, қаңырап бос тұратын көрінеді.

"Бұл объектілерді, олардың мүлкін ұтымды пайдаланып, ел игілігіне айналдыруға, оған инвесторларды тартып, солардың базасында жаңа кәсіпорындар құруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға қатысты қала әкімшілігінде ешқандай жоспар жоқ. Соның кесірінен екі елдің мүддесі үшін тиімді, табысты пайдаланудың үлкен әлеуетіне ие нысандар, салмақты өндірістік және көліктік инфрақұрылымдар тоналуда, жылдам қарқынмен жарамсыз болып қалуда. Олардың арасында қоймалар, қазандықтар, өндірістік объектілер, тұрғын үйлер, теміржолдардың дамыған желілері, басқасы бар. Әлеуметтік, рухани күйзеліс, экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық әлеуметтік наразылықтың өршуіне, әсіресе жастар арасында қылмыстың өрістеуіне ықпал етіп жатыр", – деді қала тұрғыны Валентин Самойлов.

Қала кәсіпкерлері Астана мен Мәскеу жаңа келісімге келіп, қазақстандық салық органдарында тіркелген заңды тұлғаларға, ірі компанияларға, кәсіпкерлерге, шетелдік инвесторларға Байқоңыр қаласына еркін кіріп, сонда РФ емес, Қазақстан заңнамасы аясында жұмыс істеуге рұқсат етуі керек деген ұсыныс айтады.

Бұдан бөлек, Байқоңыр кәсіпкерлерін қатыстырып, үкіметаралық комиссия құруды ұсынады. Комиссия қала мен ғарыш айлағында қарқынды босап жатқан және сондай жоғарғы қарқынмен қираған нысандарды қалпына келтіру және тиімді пайдалану бойынша кешенді жоспар түзуі, оның жобаларын екі ел бірлесіп (көрші қаламаса, Қазақстанның өзі) жүзеге асырғаны жөн.  

Астана Мәскеуді Байқоңыр аумағында қазақстандық экономикалық кластер мен арнайы экономикалық аймақ құрылуына мүмкіндік беруге көндірсе, игі.

Коммуналдық қызмет неге Қазақстандағыдан қатты қымбат?

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Б.Смағұл қаладағы ауған ардагерлерінің дерегіне сілтеме жасап, тағы бір мәселені көтерді: Байқоңырдағы коммуналдық қызметтердің құны Қазақстандағыдан, тіпті көрші Ақай мен Төретамдағыдан бірнеше есе қымбат. Қала әкімшілігі мұндай жоғарғы тарифтердің қалай қалыптасатынын тұщымды түсіндіре алмаған.

Мәжіліс депутаттарының мәселе көтеруі және Үкіметтің ден қоюы арқасында 2019 жылы екі ел арасында келісім бекітіліп, қала тұтынушылары балондағы ресейлік сұйытылған газ орнына қазақстандық табиғи газды ала бастады. Байқоңырдағы көптеген тұрғын үй, әлеуметтік нысан газдандырылды. Осының арқасында халыққа арналған газ бағасы 40 есе арзандаған (бір текше метрі үшін 150 рубльден 3,5 рубльге дейін). Алайда Байқоңыр қаласының жылу-электр орталығын (ЖЭО) РФ тарапы сол бойы қазақстандық газға көшіртпеген екен. Салдарынан, қазақстандықтарға қарағанда, байқоңырлықтарға электр қуаты және жылу бірнеше есе қымбатқа түседі. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің шектен тыс қымбаттығы тұрғындар қарызының орасан зор көлемге жетуіне, кәсіпкерлік нысандары мен ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуына, жергілікті өнімдердің өзіндік құнының қатты қымбаттауы, тіпті жабылып тынуы сияқты бірқатар ауыр кесірлердің қанат жаюына соқтырыпты.

Шығындарын оңтайландыру үшін кейбір бизнес нысаны орталықтандырылған жылу мен жарықтан бас тартып, төл қазандығын орнатуға ден қойған, бірақ ол үшін ресурспен қамтушы қызметтермен келісімді бұзу қажет. Алайда кәсіпкерлердің шағымдануынша, қала әкімшілігі келісімді қайта бекітуге мәжбүрлейді көрінеді. Одан бас тартқан компанияларға олар жұмыс істеп отырған ғимаратты жалға алу келісімінің мерзімін ұзартпай қою деректері болыпты. Олардың кейбірі тек сот арқылы ғана әупірімдеп әділдікке жетті. Қалғанына бизнесін жабуға тура келген. Бұл ретте Байқоңырдағы бизнес қазақстандық арзан қуатты тұтынғысы келеді. Оған мүмкіндік беру үшін Байқоңыр аумағындағы заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге "Байқоңырэнерго" желілерін пайдалана отырып, электр энергиясын тасымалдау бойынша қазақстандық электрмен жабдықтаушы компаниялармен тікелей келісім бекітуге рұқсат ету қажет.

Тере берсе, Байқоңырға қатысты қордаланған мәселе көп. Олардың шешімі де бар. Тек Қазақстан мен РФ үкіметтерінің өзара келісімге келгені маңызды. Онсыз іс ілгерілемеуі мүмкін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу